Арқан керу дәстүрі

Арқан керу – дәстүрлі неке-құдандалық үрдісте орындалатын ғұрып – күйеу мен оның жағынан барған құдалар тарапынан үлестірелтін кәде беру рәсімінің атауы.

Арқанды қыз алуға барған құдаларға кереді. Қыз беріп соның тойына келген туыстарына, яғни құдаларға арқан керілмейді. 

Сосын, арқанды ата-бабамыз жағдайы төмендеу, отбасының келіндеріне кергізген. Мұндағы ниет — шамалы болса да үйіне бірдеңе ала кетсін деген ізгі ой. 

Кейбір өңірде, әсіресе Жетісуда күйеу жеке келгенде және құдалар алғаш құдалыққа келген кезде де оларды алдынан күтіп алушы қыз жағы «арқан керіп» күйеу жағынан кәде алады.

Бұл жоралғы кей өңірде арқан тартыс деп аталады.

Жаңа құдалар мен жас келіннің жолы ашық, әpi пәле-жәледен, түрлі кедергілерден аман болсын деген ақ ниеттен туындаған болса керек.

Оның екінші бір түрі бойынша, келген құдалардың алдынан желі керіледі немесе бақан тасталады.

Мұндағы желі де (мал байлайтын желі), бақан да өсіп-өну, өркендеу идеясын бейнелеуі мүмкін (толығырақ қ. Желі тарту).

Сонымен бірге, күйеу қалыңдықты алып бара жатып, қыз ауылына жақын көрші ауылдың тұсынан өткенде алдынан көлденеңнен арқан тартып, әйелдер мен балалар кәде алатын болған-ды.