Ақселеу

Ғылыми конференциядан рухым қорланып, намысым тапталғандай күйзеліп, үйге тауым шағылып қайттым. Салым суға кетіп, кітап оқуға да, ойнап-күлуге де зауқым соқпады. Жұмыстан ерте оралған әкем көңіл-күйімнің пәс екенін бірден байқап жағдайымды сұрады. Ештеңені жасырмай, мен оған университеттегі жиынның қалай өткенін түк қалдырмай бастан-аяқ баяндап бердім. Шерменде күйімді бірден түсінген әкем жабырқаған жүрегімді жұбатып, ақылын айтты:
— Бір күнгі сәтсіздікке бола ұнжырғаң түспесін, ұлым. Өмірің әлі алда. Ұлтыңның тарихы, мәдениеті, әдебиеті үшін жаныңды аямай келешекте де талай надандармен күресуіңе тура келеді. Ең бастысы таңдаған бағытың дұрыс. Халқыңа деген ниетің, пиғылың таза. Егер ғылым жолына түскің келсе, саған бағыт беретін, жөн көрсететін бір адам керек. Олжастың жұмысы бастан асып жатқандықтан дәл қазір онымен сені жүздестірудің орайы келмейді. Бірақ, қазақтың өнерін, мәдениетін, әдебиетін бір адамдай жақсы білетін Ақселеу ағаңмен сені жолықтыруға әкеңнің шамасы жетеді.
Ұлтымыздың тарихын зерттеп, мәдени мұрасын түгендеп жүрген әрі этнограф, әрі жазушы Ақселеу Сейдімбекті сыртынан жақсы танимын. Қолтаңбасын қалдырып, әкеме сыйлаған «Күңгір-күңгір күмбездер» кітабын бір деммен оқып шығып, қиялының ұшқырлығына, білімінің тереңдігіне, тілінің құнарлығына таң қалғанмын. Ұжымдық жинақта шыққан «Аққыз» хикаясымен де таныспын.
Әкем уәдесін орындау мәселесін кейінге күндерге ысырмай, бірден іске кірісіп, Ақселеудің үйіне телефон шалды. Ағасына еркелеп, қалжыңдасып, біраз әңгіме айтты.

Телефонның арғы жағынан ол кісінің рахаттанып күліп, сыпайы жауап берген қоңыр дауысы маған да естіліп жатты. Әзілдері жарасып, сүт пісірім уақыт сөйлескен соң негізгі шаруасына көшті. Ғылымға құмартып жүргенімді жеткізіп, бағыт-бағдар көрсету үшін менімен әңгімелесіп көруімді өтінді. Кенеттен «сенімен Ахаң сөйлескісі келеді» деп телефон тұтқасын маған берді. Амандық-саулығымды сұраған соң Ақселеу аға ұзаққа созбай, сөзбұйдаға салмай, әңгіменің тоқетерін айтты.
— Аманжан, сенің ғылым жолына түскің келетін талабың мені қатты қуантып отыр. Бірақ, қандай бағытта ізденіп жүргеніңді білмегендіктен, дәл қазір кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймын. Сондықтан сен оқыған кітаптарыңның тізімін жасап, уақыт тауып келесі аптаның сәрсенбісінде, түстен кейін біздің үйге кел.

Екеуміз шәй ішіп отырып, арқамызды кеңге салып, бұл мәселені талқылайық, — деп өзі тұратын үйдің мекен-жайын жазып алуымды сұрап, қалай жету керек екенін «соқырға таяқ ұстатқандай» етіп, тәпіштеп түсіндіріп берді.
Ағамыз қоныс тепкен Мұратбаев көшесі біз тұратын үйден тым алыс емес екен. Сәрсенбінің сәтті күні автобусқа мінбей-ақ, жаяу жүріп, жарты сағатта жазушының үйіне жетіп бардым.
Бұрыннан танитын адамдай ол мені құшақ жая қарсы алып, маңдайымнан сүйді. Ұзын бойлы, ат жақты, жүзі жылы, сары кісі екен. Қала қазақтары сияқты үстіне жеңі қысқы көйлек пен жеңіл шалбар емес, әдемі оюы бар қазақы шапан киіп алыпты. Шаңырағында ұлттық шапанмен жүрген жазушыны өмірімде тұңғыш көріп таң қалдым.
Менің келу құрметіме орай арнайы бір табақ ет асқызып қойыпты. Қол жуып, келелі кеңесті бастамас бұрын, екеуміз әуелі аш қарынды жұбатуға ықыластана кірісіп кеттік. Арқа жақтың еті балдай ғой, шіркін. Бірақ қалада жүріп бірішек болып қалған қарным екі-үш түйір ет пен бір-екі қазы-қартаны асай салысымен тез тойып қалды.
Еттен кейін, асықпай сыр-сұхбат құрып, шәйді сораптап шөлімізді бастық. Әкемнен де үлкен адамның маған құдды көптен күткен сыйлы қонағы келгендей ілтифат танытып, сый-құрмет көрсетіп, қызмет істеп жатқанына қатты қысылып отырмын. Ет желініп, шәй ішіліп болған соң ол маған жұмыс істейтін бөлмесін көрсетті. Бөлменің іші, тіпті шағын балконына шейін толған кітап.

Көркем шығармалар жоқтың қасы, негізінен мүйізі қарағайдай ғалымдардың қолға түсе бермейтін том-том еңбектері. Ұқыпты қолмен, рет-ретімен жиналған кітаптар сапқа тұрған сарбаздардай сөрелерде самсап тұр. Таңырқағаннан аузым ашылып қалды. Не деген мол байлық? Мұндай құнды қазынасы бар адамның қандай арманы болуы мүмкін. Көздің жауын алған кітаптардың арасынан Олжастың «АЗиЯ»-сын да көріп қалды. Ендігі сәтте бөлменің бір бұрышында үйіліп жатқан кітаптар көзіме оттай басылды.

«Поющие купола». Ақселеу ағаның таяуда ғана жарық көріп, баспахананың исі әлі бұрқырап тұрған, орыс тіліне аударылып шыққан «Күңгір-күңгір күмбездері». Кітапқа қызыға қарағанымды байқаған ағам біреуін алып «Айналайын, Амангелді! Күресі кесек, қызығы мол келешек тілеймін» деп қолтаңбасын жазып, сыйға тартты. Мұндай тосын сыйды мен мүлде күтпеген едім. Қуанышым қойныма симай, көңілім алып-ұшып, жүрегім атқақтап кетті. Бақыттан басым айналып, бал-бұл жайнаған жүзіме мейірлене қараған ол сәлден кейін «енді әңгімемізді бастайық» дегендей ишарат танытты.
Сөзімді бөлмей әңгімемді бар зейінін салып, мұқият тыңдады. Бала көрмей, құрдасындай сырласқан көшелі кісіге менің де бүйрегім бұрып, ет-жүрегім елжіреп, кіршіксіз көңілімдегі жан сырымды жасырмай, ағымнан ақтарылдым. Келешекте Олжас ен салған тақырыпты түбін түсіріп зерттеп, бір үлкен кітап жазудың ойымда жүргенін жасырмай айттым. Сөзімді тыңдап болған соң ол дәптерге жазып әкеп берген оқыған кітаптарымның тізіміне көз жүгіртіп шығып, сәл үнсіздіктен кейін сөз бастады:
— Аманжан! Сен негізінен «Игорь жорығы туралы жыр» атты көне эпосқа қатысты ғылыми еңбектерді көп оқыпсың. Бірақ сен енді бұл тақырыпқа аса көп басыңды қатырма. Жатқан жыланның құйрығын басқаннан не опа табасың. Сен түгіл Олжастың өзін даулы мәселеге араласқаны үшін Москваға шақыртып, кешірім сұратқан. Империялық пиғылын жүзеге асыру үшін орыстар өздерінің тарихтарын қолдан жасап, талай нәрсені былықтырып жіберген. Россияның қулығына құрық бойламайды.

Көзі ашық бір орыс ғалымының «Орыс тарихының шындығына көз жеткізу үшін оны қайта жазып шығу керек» деп айтқан сөзі бар. Сенің келешегің алда. Болашағың зор. Тағдырыңа тосқауыл болатын қауіпті тақырыпты қазбалай берме. Одан гөрі мына бір-екі ғасыр ширегіндегі ұлт үшін жанын шүберекке түйіп, ақындықтың асыл мұратынан айнымаған от тілді, орақ ауызды бабаларымыздың мұрасын түгендеп, бағасын бере алсақ та дәтке қуат. Қазақ тарихында орыс отаршылдығына ашықтан-ашық қарсы шыққан Шортанбай мен Дулат сияқты қаншама ұлы ақындарымыз болды.

Қазір мен Мұрат Мөңкеұлының мұрасын зерттеп жатырмын. Жасындай жарқылдаған таңғажайып тұлға! Отаршылдыққа төзбей арыстандай атылған — рухтың семсері, ақындықтың найзағайы! «Еділді келіп алғаны, етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны, жағаңа қолын салғаны, Ойылды келіп алғаны, ойындағысы болғаны» дегенді айтқан Мұрат ақындықтың алдаспаны ғой.

Сол Мұраттың қазақ әдебиетінің тарихындағы алатын орнын белгілеп берудің өзі оңай іс болмай тұрған жоқ па. Бірақ ондай от тілді, орақ ауызды аруақты ақынды білмегенің үшін сені кіналай да алмаймын. Батыста туған Мұрат түгіл, өз ауылыңда туған Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтардың еңбектерін оқи алмай жүрген сендерге біз қандай кінә арта аламыз, — деді ауыр күрсініп. Мұраттың да, Ахмет пен Міржақыптың де есімдерін тұңғыш рет естіген мен Америка ашқандай, оны айтқан адамның жүзіне таңырқай қарасам, ағамның көздері теңіздей терең ойдың тылсым тұңғиығына батып барады екен.

(Жалғасы бар)

Аманкелді КЕҢШІЛІКҰЛЫНЫҢ фейсбук парақшасынан алынды.