Абайдың тоғыз – жоғы

Өмірін нәпсінің жолында құрбан еткен қартаң шалдың трагедиялық автопортреті. Алланы танымаған, дүниені танымаған, өзін танымаған кез-келген адамды осындай тағдыр күтіп тұр. Тағдырдың жарлығы өзгермейді: өлгің келе ме, келмей ме – сенен ешкім сұрамайды,  бәрібір өлесің. Ал, осындай қартайғанда құрметке бөленудің орнына, тағдырдың мазағына ұшыраған қартаң шал қайдан пайда болды?

Өйткені: «Туғызған ата-ана жоқ»

1) – Ата-ана – сапасыз: сондықтан: «Туғызарлық бала жоқ».

2). Сапасыз ата-анадан сапасыз бала туады. «Сапа» сөзін «сана» сөзімен алмастырсаңыз да болады – екеуі тең ұғым. «Адам баласын заман өстіреді, кім де кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват». Баланың жаман болғанына дұрыс тумаған ата-анасы ғана кінәлі емес, баланың өскен ортасы да кінәлі: «туысқан-туған, құрбылас қызығымен және жоқ».

3). Міне осындай жағдайда бала өсті, ішті, жеді, дүниенің қызығына белшесінен батты. Бірақ «тағдырға тәбдил (өзгеріс) жоқ» – тағдырдың құрығынан құтылмайсың, ешкім құтылмаған, сен де құтылмайсың, өлгісі келмей шу асаудай тулағысы келеді, бірақ : «тулайын десе, шара жоқ» 4) – алдында – үңірейіп қабірі күтіп тұр. Бұрынғыдай үріп-ішіп, шайқап-төгіп жүре берейін десе, күш-қуат кетіп қалған, бар күшін материалдық әлемге беріп қойып, рухани азық жинамаған, әлі де баяғыдай жүре берейін десе, «толықсып жүрер шама жоқ».

5). «Дүниені сен қимағанмен, дүние сені қиып жібереді»: дүние қартаң шалдың ең соңғы қызығын тартып алады: «ұйқы мен астан дәм кетіп, сақалда, шашта қара жоқ»

6). Енді не қалды — бұрынғыны аңсау, қазіргіні жамандау — ондай адамның, әлбетте, бағасы болмайды, ешкім оған сый-құрмет көрсетпейді: «байбайшыл тартып – баға жоқ».

7). «Сыйламайды» деп бар өшін жастардан алады: «жастарға жаппас жала жоқ».

8). Ең соңғы нүкте. Үкім: «жат қораны күзеткен /қартаң шалда сана жоқ».

9). Қартайғанда жастармен дүние-боқ үшін таласып, төрінен көрі жақын болса да, шын қорасын, өзінің мәңгілік мекенін – ахиретін күзетпеген санасыз шалдың траги-комедиялық бет-бейнесі.

Омар Жәлелдің фейсбук парақшасынан алынды.