«Агая» мен «ағай-ай»…

Бала кезімде үнді киносын өліп-өшіп көргенімнің әсері шығар, «шіркін, «Индияда өмір сүрсем ғой» деп қиялдайтынмын. Біздің «гүл-дәуіріміз» барлық қиялдың іске асуына мүмкіндік берді емес пе, соңғы уақытта сараптай қарасам, арманыма жақындап келе жатқан сияқтымын.
Мен тұратын аты ауыса беретін қаланың Үндістаннан артық-кемі жоқ.
Зәулім коттедждердің қасындағы «трущебада» тұрамын. Жалақы алған күні ерлі-зайыпты көршілерім қыс болса қар үстінде, жазды күні жаңбыр астында бар даусымен бақырып «ән салып» жүреді. Оларды арашалап, жалынып жүрген іні-қарындас, балдыздарының «ағай-ай!» деп шыр-пыр болған дауыстары, аспан астында жаңғырып, «агая, агая» болып естіледі. «Ағайым» Митхуннан бір де кем емес, тіпті асып түсіп, бір отбасының жиырма шақты адамын жалғыз өзі «жайратады». Бір ғажабы, «быдыш-быдыш» боп жатқанда тап кинодағыдай, полиция келсе не дейсің?! Керемет ұқсастық! Және түнімен тыным таппаған жарасымды жұбайлар келесі күні қара көзілдірік киіп қайқаңдап, түк болмағандай қолтықтасып бара жатады. Нағыз «үнді махаббаты». Көршілерімнің еркегі балаларына «жеме» деп жекісе, әйелі «аса» деп айқайлайды. Қабырғаға құлақ түрсең бейне бір «жеми, жеми, ача, ача» деп «ән салып», бірін бірі қуып ойнап жүргендей әсер береді.
Үндістанда бір жарым миллиардқа жуық адам бар. Мұншама халыққа жер қайдан жетсін. Сосын да олар бір үйде бірнеше адам тұруы мүмкін. Бізде де солай. Жербарақтың бір бөлмесінде бір ауылдың жастары бір көрпені бөліп жамыламыз. Біздің биліктің «бірлік» дегені, осы «ынтымақ» шығар шамасы!
Үндістанда не көп, дін көп, наным-сенім, пұт құдайлар көп. Құдайға шүкір, ол жағынан қалыса қоятын қазақ па, пәтеріміз толған «пұт». Біреуіміз «байлық әкеледі» деп — бақаға, екіншіміз «шайлық әкеледі» деп шаянға, «береке әкеледі» деп – тостақанға, «мереке әкеледі» деп – стақанға «сиынып» жатқанымыз. Көшеге шықсаң «иегова куәгерлері», аттап бассаң — «аққу, сұңқар». «Ата-бабаңның аруағымен тілдестірем» деп сұңқылдайды. Міне саған, нағыз «ғажайыптар елі!». Сақалын сапситқандар да, азу тісін ақситқандар да, балағын шолақ қылғандар да, басы-көзін орап тынғандар да жетіп артылады.
Үндіде брахмандар деген кастаға бөлінетін топ бар екенін білеміз. Кассамыздың бергеніне қарай бір бөлмеде жататын балалар біз де «кастаға» бөлінеміз. Күзетте істейтін жалақысы кем байғұстар босаға жақта жатады. Содан кейін сантехниктер, сүйтіп-сүйтіп «лауазымына», ақшасының азды-көптігіне, білек күші мен салмағымызға қарай төрлей береміз. Біз не, брахмандар не, бәрібір.
Үндістанда Тәж-Махал сарайы бар. Біздің қалада Махал сарайдан кем түспейтін «тоқал-сарайлар», яғни, қонақ үй, ресторан, кафелер бар. «Тоқал-сарай» дейтінім, мұндай нысандарды «крутой» көкелер көбіне тоқалдарына «ермек қылу» үшін тарту етеді ғой.
Бұл да бір мен тапқан ұқсастық.
Үнді елі шектен шыққан байлар мен сіңірі шыққан кедейлер мекені. Мен тұрған махаллаға келіп қараңыз, оң жағымыз қаптаған «хан сарайы», сол жағымыз жыпырлаған жеркепе. Қақ ортасына тұрып алып, «біздің ел бақытты» деп оң жақты нұсқап, «біздің ел осындай» деп сол жаққа қолыңызды жайып әнұран айтсаңыз, жарасып-ақ тұр. Ал, социализмнің саясында, аузымнан суым ағып кино көретін сәби кезімде жағдай басқашарақ-тын. Ауылымыздағы ең бай үйден бес сиыр, кедей дегенінің қорасынан екі сиыр өріске шығатын.
Сиыр демекші, Үнділер сиырды Құдайындай сыйлайды. Реті келсе, артық табысына шөп сатып алып сиырларға береді. Біз де өз бухгалтерімізді «сиыр» деп жек көреміз. Сүйте тұра, қанша жерден суқанымыз сүймей тұрса да, сол «сиырларға» мереке күні сияпат жасауға мәжбүрміз. Айырмасы, шөп орнына гүл береміз. Демек, «сиыр сыйлау» жағынан да ұқсап тұрмыз.
Шіркін, Үндістан-ай! Бір жақсы жері, онда халық ет жемейді ғой. Қазір біз де ет жеп қарық қылып жатқанымыз жоқ. Қайдан жейсің, бес келі тайдың етінің бағасы құнан қойдың құнын сұрайды. Түстік сайын қой сатып алатын құдірет бізде жоқ.
Үндістанда маймыл деген өріп жүретін көрінеді. Маймылдың аты маймыл емес пе, ашыққанда адамдардың қолындағы асын тартып алатынын кинолардан талай көрдік. Біздің махаллада да «маймылдар» қаптап жүр. Түнге қарай жалғыз келе жатсаң, тасадан атып шығып, қалтаңнан телефоныңды, күманжігіңді сыпырып алып, тайып тұрады. Әйтеуір, тепкілеп кетпегеніне «шүкірлік» жасап, «өй, маймыл» деп кетіп қалғасын жұдырығыңды түйесің. Қайтсін, «маймылдар» да ашыққан шығар.
Сондай-ақ, Индияның қыздары маңдайына қызылмен бояйды, біздің қазақ балаларын «көз тимесін» деп қарамен «өрнектейді». Қазақтар «айналайын» дейді, үнділіктер жақсы көрген адамын айналып шығады.
Үндістан тұзды көп жесе, қазақ «ішің күйсе тұз жала» дейді.
Үндістанның үйлері мен біз саяжай-пәтерлеріміздің айырмасы қандай?
Үндістанда піл болса, бізде пілдей төзімді жігіттер бар.
Үндістанда мемлекеттік тіл бірнешеу. Бізде де іс жүзінде солай емес деп кім айта алады?
Үндістанда екінің бірі кино түсіргіш. Қазір Қазақстан да олардан қалыспайды.
Үндістанда қаптаған қайыршылар болса, қол жайғандар біздің елімізде де аз емес.
Осындай-осындай іздеген адамға ұқсастық табыла береді. Осыған қарап сәби күнімдегі «шіркін, Индияға барсам-ау» деген арманымнан айнып қаламын. Неге десеңіз, біздің еліміздің Үндістаннан қай жері кем? Нанбасаңыз Отандық телеаналарды қосып, жаңалықтарды тыңдаңызшы, нағыз «индиский кино» емес пе?!