Үйіне сыймайтын болғандықтан баласының қырқын жақын маңдағы кафеде өткізген нағашымның қайғысына ортақтасып, көңілін жұбатқан адамдар тым көп еді. Дер кезінде келе алмағандар да ағылып жатты. Қазалы үйге келгенде қазақтың құр қол келмей көмегі ретінде, әрі Алла алдындағы бір амалы — садақасы болсын деп қолда барын ала келетіні бар емес пе…
Жиылған жамағатты дастарханға жайғастырып болған соң имам біраз уағыз айтып, қайтқан адамға қол жайып ниет етіп отырудың үлкен сауап екенін де жеткізді. Үлкен залдың ішін күңірентіп құранды бастап кетті. Басын тіктеп отырған ешкім жоқ, жас өлімге қабырғасы қайысып, барлығы да Алланың алдында басын иіп пенде екенін мойындап, әркім өз ойымен арпалысып отырған еді. Тек бір әйел ғана, түлен түртті ме, астынан су шыққандай осы бір орнында отыра алмай жан-жағына жалтақтай берді. Жанындағылардың да жанын алып түртпектеп бірдеңе сұрап жатыр. Қылт еткенді қалт жібермейтін әдетіммен бәрін бақылап отырмын. Құранға ұйыған елге риза болып Алладан баршасына амандық тіледім. Бірақ әлгі әйелден көзімді ала алар емеспін. Сәлден кейін әлгі кісі орнынан атып тұрып маған қарай жүрді. Жанталасып келе жатқан түріне қарап қайран қалдым. Құран оқылып біткенше әкетіп бара жатқандай асықпай тұра тұрса қайтеді деген оймен қабағымды түйіп көзіне тік қарадым. Ондағым құранды бөліп, елдің назарын аудармай отыра тұрыңыз деген ишара еді. Онымнан түк шықпады. Бір сәт тоқтай қалды да оң қолындағы мыжылған ақшаны сол қолына асығыс ауыстыра салып қайта жүрді. Түсіндім. Елдің батаға деп берген ақшасын аты-жөнімен жазып алуды маған тапсырған еді. Жаныма жетіп келді де умаждалған ақшаны алдыма тастай салып пәленше деп жаз деді. Құран оқылып жатқандықтан қадалған нүктемнен көз алмай отыра бердім. Оның үстіне әдепсіздігін айтсам ана-мынаға қарамай аттай тулайтын түрі бар. Үндемедім. Көрмей отырсың ба дегендей иығымнан түртті. Қозғалмадым. Ернін сылп еткізді де бірдеңе деп аузын жыбырлатып теріс айналып жүре бергені сол еді дүйім жұрттың алдында аяғы шалынып етпетінен сұлап түсті. Асыққан шайтанның ісі деген осы шығар…
Жамағат та бірі бақырайып, бірі қабағын қарс түйіп жалт қарады. Бірақ ешкім тыныштықты бұзбады. Орындарынан да ешкім тұрған жоқ. Жалма-жан аяқ-қолын жиып төртаяқтап жатқан әйелді көріп отырсақ та тұра алмадық. Өйткені оқылған құранға тебіренген адамдардың ештеңеге мән берердей жайы жоқ еді… Тыныштықты бұзбауды бұйырып, Аллаға қарсы келгеннің қалай масқара болатынын көрсеткен Құдайдың құдіреті шексіз екенін ұқтық…
Басын көтеріп есікке қарап тізерлеп отырды… Ешкім не болды деп қасына да бармады… Құдайдан қорқып құранға ұйитын қазақ емеспіз бе, құран оқылып біткенше әлгі әйелден басқа ешкім тырп етіп орнынан қозғалмады, тырс еткен дыбыс та шыққан жоқ. Аллаға ниет етіп, құранның батасы жасалып беттерін сипаған соң ғана халық есік жаққа қадала қарап, бастарын шайқай бастады. Неменеге жанталасты екен деген күбір-сыбыр да көбейіп кетті. Имам ғана жамағатты сабырға шақырып, Алланың алдындағы адамдық амалдарыңды орындап жатқанда артық қимыл мен сөзге орын бермеу керек екенін ескертті.
Тізерлеп отырған әйелдің қасына екі адам барып қолтықтап әрең тұрғыздық… көзінің сорасы ағып отыр екен солқылдап жылап жіберді…
Құдайдың құдіреті құран оқылып біткенше жанталасқан пендесінің тізесін бүктіріп, басын идірді. Алладан асқақ емес екенімізді естен кетпестей етіп еске салды… Бұл оқиға жалпақ жұртқа үлкен сабақ болды…
Ұзақ сөйлеп кеттім бе, кешірерсіздер, алған сабағымнан айналамдағы адамдарға аз болса да ғибарат болсын деген ниетім ғой. Ағайын, құран оқылып, Алла алдындағы парызыңды өтеп, амалыңды орындарда ниетің түзу, иманың кәміл болсын!!! Берер садақаңды да шын ниетіңмен өзің үшін бергейсің! Өйткені оған өзіңнен басқа ешкім зәру емес…
Ағайын-туыс, туған бауыр, дос-жаран, құрбы-құрдасарым, Алла сіздерге амандық-саулық беріп, екі дүниенің бақытын нәсіп етсін! Әумин!
Төрт жылға таяу уақыт өтсе де осы бір оқиға еш ұмытылмайды… Құран оқыған сайын есіме түседі…