Біз неге сондаймыз? «Қандаймыз?» деп отырған боларсыздар. «Халал той» өткізу жайында айтыла бастаса, “ол тойға сонда бірыңғай «сақалдылар» келе ме?” деп үрке қарауға әзірміз. Бұл сөзден «сақалдылар» шарап ішпейді, той қызықсыз болады» деген түсінік қалыптасуы мүмкін, алайда жаңсақ пікір екенін ескеру де қиын емес. Бұл бар болғаны – ішімдіксіз өтетін той. Ұл отау құрып, қыз ұядан ұшып, арда ағайын мерейлі жасқа толып, бала азаматтыққа аяқ басқандығын атап өтсе, тойдың сәніне айналған арақсыз түк бітпейді деп ойлайтындар әлі де аз емес. Бірақ, халал той өткізуші халықтың да көбейгені рас.
Той-томалақсыз түтін түтетпейтін қазақ халқы үшін арақ атадан қалған ас секілді төрде тұрады. Мұны қанша жерден айтпағанмен, көзге ұрып тұрған шындық екені тағы рас. Ащы суды қоймаса, той өтпей қалатын сияқты көріне ме, әйтеуір есіктен жәшіктеп кіріп, құтының қирандысы болып шығып жатады. Ұрыс-керістің, келіспеушіліктің, ұрлық-қарлық, төбелестің түп-төркіні – осы арақ екені бесенеден белгілі. Дей тұрғанмен, қонақтан бұрын төрге жайғасып тұратын осы ішімдік атаулыдан арылып, толықтай “халал той” жасауға қашан көшер екенбіз? Бұл арақ асқа тола жайылған берекелі дастарханның берекесін қашырып, ырыс-несібенің ысырап болуына бірден-бір себепкер. Арақ ішу атадан қалған дәстүр еместігі сан мәрте айтылса да, оған тыйым болмай тұр.
Негізінде ішімдіксіз той өткізу тек намаз оқып, дін жолын ұстанып жүргендерге ғана емес, ол барша мұсылманның ортақ міндеті деп білген жөн. «Арақ қоймасам, тойыма адам келмей қалады», «құдалар не ойлайды?» деген жаңсақ пікірлерден арылу керек секілді. Ата-баба аманатын орындап, абырой мен қуанышқа ортақтасуға келген ағайынды неге біз ащы су беріп қарсы аламыз? Оның орнына қымыз, шұбат құйып, шалқытып жіберуге болмас па еді?
Тіпті бұл туралы пайғамбарымыздың өзі (с.а.у.) «Алла тағалаға және ақырет күніне иман келтірген адам ішімдік қойылған дастарханға әсте отырушы болмасын» деп құлшылық еткен жұмыр басты пенделеріне қатаң ескерту жасаған. Асылы, бұл сөзден ұғарымыз да, ұтарымыз да мол. Біріншіден, отбасындағы бақ-береке қашады. Екіншіден, дастархан басында ішімдік ішіп отырып өскелең ұрпаққа берген тәрбие тізгіні ырыққа көнбейді. Үшіншіден, елден бірлік ыдырап, ағайын арасында алауыздық туындайды. Әлбетте, «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» демекші, той иесіне «арақ қойма!» деп те айтуға болмайды. Ол әркімнің өз еркі, тек жақсылықтың бастау болар тұсын бір-біріне сілтеп отыру – адамдықтың белгісі.
Түйсігінде ойы бар саналы адамның басында Ибн Омар pиуаят еткен Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Алла тағала арақты лағынеттеді, оны ішуші мен құйып берушіні, оны сатушы мен сатып алушыны, оны дайындаушы мен дайындатқанды, оны алып келуші мен алдыртушыны және онымен күн көрушіні әлбетте тозаққа кіргіземіз» деген сөзін ескерген әрбір адам той жасап, молынан сауап алғанымен, талай жанға дәм таттырған арақ арқылы сол сауабын еселеп жеңетін күнәға батып жатқандығы жанға батады. Бұл дүниенің тамаша мүмкіндігін бағалай алмаған қаншама пенде осы жолдың зардап шегушісіне айналып-ақ жатыр. Әсіресе, қайта айналып соқпайтын ұлы өмірде жас жұбайлардың бас қосып, бақытты болатын ұлық күнде қайтіп бата-тілек айтатынымызды көз алдыңызға бір сәт елестетіп көріңізші. Айтар сөздері аузынан тайып, не өзі, не тойшыл қауым түсінбейді. Жасыратыны жоқ, кейбірі осы суды ішкен соң қайда, кімдермен, не үшін отырғанын естен шығарады.
Осы кезде «Қолымызға арақ алып: «Я, Алла! Ұл-қызымды бақытты ет» деп сұраймыз. Ұл-қызымыз бақытсыз боп кетсе егер, «Саған Құдай не жаздым?» деп жылаймыз. Екі жасты сылтау етіп есіріп, Тост айтатын той жасаймыз бір ай біз. Арақпенен санаң бір күн сарқылып, Түзу жерде тік жүре алмай құлаймыз. «Дастарханға егер арақ қоймасам, Құдам ертең не дейді?» деп шулаймыз. Ағыл-тегіл арақ құйып ақыры, Құдай емес, құдамызға ұнаймыз» деген өлең жолдары еріксіз есіңе түседі. Демек, қолымызға көз арбайтын шайтан суды толтыра құйып, Алладан жалбарынып тілек тілейміз.
Аузымыз «Алла» дегенмен, бүкіл денеміздің шайтан сумен шайылып тұрғанын ескермейтініміз өкінішті. Мас болғанмен, ниетім түзу деген қате пікірден арылу керек. Себебі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір хадисінде: «Әрбір мас қылатын нәрсе харамға жатады» деп анық көрсетілген. Бүкіл зұлымдық атаулының басы, мейірімсіздік, алауыздық атаулының көзі саналатын арақ ішу қанға сіңген қасиет еместігін ұғыну – харам істерден алшақтаудың тәсілі. Құт қонақты мерекемен қарсы алып, берекемен оттың басынан қайтарудың өзі үлкен ерлік. Әр нәрсені сылтауратып, қуаныш жұғысты болсын деген ниетпен арақ ішкен адамның айтқаны қабыл болмасын ескерген жөн. Отбасының шырқын бұзып, елдің іргесін сөгетін барлық құқықбұзушылық оқиғалар да осы арақпен тікелей байланысты. Бұл төңірегінде хадистер де, қанатты сөздер де, тәрбиелі әңгімелер де жетерлік.
Мәселен, Пайғамбарымыздың құрметті сахабаларының бірі Осман ибн Аффаның (р.а.) мынадай бір әңгімесі ел арасында айтылып та жүр. Ол аз десеңіз, кітаптарда да сақталған. «Арақтан аулақ болыңдар, ол – қайғы-қасірет атаулының көзі. Сендерден бұрынғы заманда бір кісі өткен еді. Ол құлшылық-ғибадатқа беріліп, ұдайы ел-жұрттан оқшауланып жүретін. Міне, сол кісіге бір арсыз әйелдің көзі түседі. Оған күңін жіберіп, куәлік етуге шақырады. Сөйтіп әлгі кісі үйге кіргенде, әйел есіктерді іштен мықтап бекіте бастайды. Бөлмеде ұятсыз әйелдің қасында бір бала мен арақ құйылған ыдыс тұр еді. Әйел: «Ант етемін, сені куәлік ету үшін шақырған жоқпын, менімен біpге боласың не мына баланы өлтіресің, я болмаса, арақ ішесің деп шақырттым», – деп мәжбүрлі жағдайға душар етеді. Тығырыққа тірелген әлгі кісі көп ойланып, ақыры арақ ішіп қана құтылғанды жөн көреді. Алайда, арақ ішісімен әлгі әйелмен зина жасап, баланы да қайтіп өлтіргенін байқамай қалады». Осы әңгімеден-ақ залымдықтың бастауы – арақ екенін ұғыну әсте қиын емес.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген тәмсіл сөз де бекер айтылмаған. Ең бірінші бесікке дейін құрылатын босағаның келешегін ойлаған дұрыс. «Харам менен халалды ажыратпай, Қай тірлікпен біз бүгін шаттанайық. Бұрынғының ұраны Аллаһу акбар, Бүгінгінің ұраны ап қояйық» деген өлең жолдарынан ұғарымыз көп болса, тал бесіктегі тәрбие түзеліп, шаңырақтағы шаттық та шалқи түсер еді.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН