Бір момын өзі оразалы екен, жұмысынан шығып, кешкісін үйіне қарай асығады ғой. Жолай екі досы ұшыраса кетеді.
Олардың да ауызы бекітулі екен. Содан достарына үйге жүріңіздер деп айтып қалады.
— Бүгінгі ауызашар менен болсын достарым. Сендерді көрмегелі көп болды. Келіңдер, көлікке отырыңдар,-деп шақырды.
— Болса, болсын. Ал бардық шақырып тұрған соң,»Шақырған жерден қалма» деген, — деп екі досы шақыруын қош алады.
Аздан соң бір қиылыста және таныстары жолығады. Көріскен соң оларды тастап кетуге болмай қалады. Өздерінің көлігі бар. Ауызашарға түрік кафесіне шыққан бойлары екен.
«Оны қайтесіңдер, бізбен бірге жүріңдер!» дейді ғой бұлар. Сөйтіп он адам мұның үйіне келе жатыр шақырған соң. Енді бұл ойлап келеді. «Екі досым жарайды. Ал олардың да жолдастарын жолда қосып алғаным қызық болды-ау өзі?!.
Үйде азық-түлік те жоқ еді ғой. Қара су мен қатқан нан болса болар…Әйелім қазір не күйге түсер екен?..» деп іштей қатты қапа болады. Содан бір оңтайлы тұста көлігін тоқтатып, оңашаланып телефон шалады. Қырсыққанда қоңырауы жетпейді. Қайта-қайта шалды. Бірлігі де біткен екен.
Бары «маяктауға» жетті әйтеуір. Бірақ әйелінен сыбыс болмады. Үйі қаланың шетінде болатын. Жеткенше біраз уақыт алады. Ол айналасындағыларға сыр бермеуге тырысты. Көлігін жаймен айдап келеді. Артында тағы бір көлік. Содан өзінің ойланбай істелген әрекетіне іштей күйіп үйіне де бір топ қонақпен сау етіп кіріп келеді.
Табалдырықтан аттағанда-ақ мұрындарына дәмді астың иісі бұрқырай жетіп, ауызашар уақытының таяғанын сездіріп-ақ жатыр. Қонақ бөлмеге енген оразалы меймандар алуан дәм толы мол дастарханды көріп, өздерін ауызашарға шақырған үй иесі мен оның қолы шебер жұбайына риза болып жатыр. Бәрі құрмамен, сумен ауыз ашып, білетіндері ақшам намазын оқып, қайта дастархан маңынан табылып, бір-бірін сағынысқан туыстардай емен-жарқын күйде тамақтанады.
Алуан жеміс пен қарбыз-қауынға шейін меймандостықтың шырайын ашқан бұл дастарханның ортаймауына, үй иелерінің бақытты бола берулеріне бата-тілегін арнаған қонақтарды шығарып салғаннан кейін күйеуі шыдай алмай әйелін құшақтап, бетінен сүйді.
— Жарық күнім-ау, мен саған ескертпестен үйге бір қауым қонақ ілестіріп келдім. Үйде тамақтың жоғын, оны ала қоятын қаражатымыздың да түгесіліп қалғанын білемін ғой. Бірақ неге екенін қайдам, басында тек екі досымды шақырғам, жолшыбай олардың достары кездесіп, содан осылай боп қалды. Алайда сен бізді арнайы әзірлікпен қарсы алдың ғой. Осыншама ризық қайдан пайда болды?!
— Сен «СМС» жазып жіберіпсің ғой. «Жанымда он адамым бар, ауызашарға дайын бол»деп. Содан мен сасқалақтап қалдым. Сол сәтте өзім кір жуып жатқан едім. Сенің әне бір көптен кимей ілгіште қалған көне джинсовый жидеңнің қалтасын айналдырып жатқанымда ішінен шиыршықталған едәуір ақша шықты. Су тигенмен жыртылмаған. Сенің ұмытшақтығыңа күліп алсам да, ешкімге қарыз болмай өз ақшамыз өзімізге олжа болғанына қуанып, бірден іске кірістім.
Саған қайтара телефон шалуға да мұршам болмай қалды ғой. Дымқыл тартқан ақшаны үткіпен кептіріп, дүкенге шаптым. Үлгердім. Ақша да тура жетті. Тиын-тебен қалды да,-деп күлімсіреді сүйікті жар одан сайын сүйкімділеніп.
— Е, қызық екен. Ондай ұмытшақ емес едім…
— Иә, ұмытшақ емессің! Талай рет киімдеріңнің қалтасынан 200-дік теңге шығатын еді ғой, бұл жолы кәдімгідей! Егер ол ақша болмағанда, онда білмеймін не қыларымды. Қара су қоятын болармын әр қонақтың алдына…-деп зайыбы жымиып, еріне еркелей қарады. Ері болса өзінің ұмытшақтығының да бір пайдасы тигеніне әлі қайран. Сосын әйелінің телефонын алып, келген хатты ашып оқыды, онда:»Сізге ** мына нөмір он рет телефон шалды» деген жазу ғана тұр екен. Ерлі-зайыптылар бір-біріне қарап күлімдеп, үйдің ішін мейірім шуағына бөледі.
-«Он қайтара телефон шалды» дегенді сенің қалай оқығаныңды білмеймін, бірақ тура түсінгеніңе өте ризамын, жаным! Ал мен әлгі ақшаны осы күн үшін ұмытқанмын ғо шамасы. Солай бұйырмыс, қызық,-деп ері жарын құшақтап, маңдайынан иіскеді. Сүйікті жары да еркелей үн қатып, сыңғырлай күліп, азаматын ұятқа қалдырмағанына шүкіршілік етіп жатты. Осы сәттерде бақытты шаңырақтың төбесінде сан мың жұлдыздар жымыңдап, періштелер Аллаға мадақ әнін шырқап жатты.
Мешітте тарауых үні тербеліп, дүние нұрға шомған. Жаратқан Алла өзіне тәуекел еткен құлын жалғыз тастамайды ғой! Бұл ерлі-зайыптылар күнде Алланы ауыздарынан тастамаушы еді…»Құдайсыз қурай басы сынбайды» деп отырушы еді біз білетін баяғының сары тісті кемпір-шалдары, сол рас…
Мұнайдар Балмолда.