Ер Төстік ертегі ме, әлде шындық па?..

..Тұранның кердаласын кезген әпсана аңыздарын отарлық өлшем қып-қызыл қиялға айналдырды.
Олардың адамзаттың бүгінге дейін талықсып жеткен қазынасын бала-шағаның ғана маңайына матап, ертек атаулыға тек сәбиді тыныштандыратын құрал есебінде қарауы қандай өзек өртер өкініш болған десеңізші.

Әсілі, ертегі дегеніміз өте ерте (ықылым) кезеңдердегі оқиғалардың өмір жылнамасы мен дерегі емес пе еді!? Айталық, академик Қаныш Сәтбаев ілкіде Жезқазған жерінен миллиондаған тонна мыстың Мысырлық перғауындарға жол тартқандығы жайында жазады.

Осы орайда мына бір деректің шетін шығарайық. Қазақтың қарапайым ғана «Ертөстік» ертегісі осы бір оқиғаның жылнамалық шежіресі ме дейміз. Ертегідегі Мыстан (немесе жалмауыз кемпір) оқиғаның ең басты қозғаушы әрі ширатушы кейіпкері.
«Мыстан-кемпір, этнограф Е.Көкеевтің айтуынша, металлургиямен тығыз байланысты персонаж».
Мұндағы кейіпкерлер есімінің кен өнеркәсібімен етене байланысты екендігін Ғұзыхан Ақпанбек мырза да бүй деп таратады.
«Бұл жердегі «Жылан бапы» ұғымы жерге түсетін қақпа мен есікті білдіреді. Ертегідегі Кенжекей сөзінің түбірі «кенже» емес «кен». Ал «жекей» жүріс пен қозғалысты білдіреді. Ал «Шынтемір» ұғымына келсек (нағыз) шын темірді өндіру өте қиын процесс. Таза темірдің құрамына мышьяк (торы) кіріп кетсе темірдің қасиеті бұзылып кетеді. Ертегідегі перінің қызы Бекторымыз осының дәл өзі. «Сорқұдықтың басына сорға бола қонды әкем…» деп келетін өлең жолдарындағы Сорқұдық мекені Жезқазған өңірінде әлі күнге сақталған».

Сонда оқиғаның географиялық ареалы арқа топырағында болып, ол мың жылдықтар жылғасымен
жылыстай ағып образды әңгіме желісіне ұласып кеткені ғой.
Біздіңше, ертегідегі Таусоғар мен Көлтауысар, Желаяқ пен Саққұлақ секілді кейіпкерлер мыс өндіруде қолданылған пәрменді құрылғылар ма дейміз.
Енді осы біріккен сөздер компонентіндегі Ер+ТӨСТІК пен КЕН+жекей, МЫС+тан мен Шын+ТЕМІР, және ШОЙЫН+құлақ атауларындағы төстік пен кен, мыс пен темір әм шойын ұғымдары жайдан-жай (кездейсоқ) қойыла салған деп ауызы барып кім айта алар екен…

Ықылас ОЖАЙДЫҢ фб парақшасынан.