Ерекше тілек 

Ей, жүрегім!
Бар мыйымды сілкілеп,
Сөз сарасын, сөз данасын кілкіп өт.
Қысқа-нұсқа əлі ешкім айтпаған,
Айтайыншы — Ең ерекше бір тілек.

Көздерімді арбай берді сан сағым,
Ескі сөзбен өтіп жатыр бар шағым.
Құлақтарға сіңіп қалған сөздерді,
Қайта-қайта, қайталаудан шаршадым.

Жүрек таза болған кезде бітік жыр.
Уа,Тəңірім!
Парызымнан құтылдыр.
Қайран Қазақ — сол ерекше тілекті,
Аңсауменен əлі күнге күтіп жүр.

Құйма құлақ əрбір сөзді ұғады,
Ал бейнесі көз алдында тұнады.
Кейбіреуі бір сөз айтса ерекше,
Оның өзі қайталау боп шығады.

Тілегінен көрсетеді құны бой,
Ұмтылмаса əр кеуденің міні ғой.
Əркім қалап ерек тілек айтканды,
Жалғасуда «Өмір» дейтін Ұлы той.

Ерек болу қиыннанда қиындай ,
Сөз Құдірет — қалай жүрмін сиынбай!?…
Өкінішті көп адамдар келет те,
Кетіп жатат бір сөз айту бұйырмай.

Осы бір жəйт еске түссе маздағам,
Өртенуге, жарылуға аз қалам.
Ешкімге де еліктемей сөз айту,
Барлығының маңдайына жазбаған.

Ал, Бісміллə!
Ақ тілегім қысылма,
Ойнақтап шық сыналатын тұсыңда.
Жүрсең деймін жаңғырумен мəңгілік,
Құлақтарда, мыйда, тілдің ұшында.

О, Жаратқан!
Пендеңе жар бола гөр!
Кеудем əр кез шоқ болады, жанады ол.
Əлі ешбір жан баласы айтпаған,
Ең ерек сөз — таңдайыма сала гөр…

Əумин!!!

Жəлел Қуандықұлы