Ақселеу СЕЙДІМБЕК:
– Мен 1976 жылы республикамыздың бас газеті «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің әдебиет-өнер бөліміне меңгеруші болып келдім. Қарағандыдан. Осылайша, үлкен әдеби өмірге кірістік.
Менің тарих тақырыбына жазылған зерттеу еңбектерім мен ғылыми шығармаларым туралы «Литературная газетаға» Ирман Мамаладзе дейтіннің сын мақаласы шықты. Кейін Москваға барған сапарымда Ирман Мамаладзеге телефон соғып едім, телефонды оның күйеуі Айдар Құрықшы деген жігіт көтерді. Күйеуі қырым татары екен. Менің Қазақстаннан екенімді біліп, бірден ноғайша сөйледі. Мені үйіне шақырды. Содан Айдар Құрықшының үйінде сөзден сөз шығып, бұл жігіттің Лев Гумилевтің ең жақын шәкірті екенін білдім. Кейін жақсы сыйласып, шығармашылық байланыста болдық. Лев Николаевич қайтыс болған соң, Айдар Құрықшы ұстазының бүкіл қолжазбасының ішінен іріктеп, сұрыптап, өзінің он жылдай өмірін құрбан етіп, Гумилевтің 13 томын жарыққа шығарды.
Сол күні Айдарға Лев Гумилевпен таныстыр деп қолқа салдым. Қарсы болмады. Ертеңінде сол үйге қонаққа шақырды. Орыстардың атасының асы борщ қой, бізге борщ жасап қойған екен. Борщынан іштік, әңгіме тиегін ағыттық. Міне, сол күннен бастап Лев Николаевичпен етене танысып, еркін араласып кеттік.
Кейін оның еңбектерін аударып, қазақ тілінде шыққан нұсқасын алып бардым. Ерекше толқып, көзіне жас алды. «Мен түркі жұртынан, түркі халықтарынан осы қадамды күткеніме 20-30 жыл болды», – деді. Шынымен де, Түркі халықтарына өмірін арнап жазады, зерттейді. Бірақ, бірде-біреуі аудармайды. Соны ақсақал көңіліне алады екен ғой. Аудармамды апарғанда қатты қуанды.
Содан кейін біздің қарым-қатынасымыз жиілей түсті. Ол кісімен Совет заманында хат жазысып тұрдым. Түрмені көп көрген адам. «Қағазбен хат жазба. Қудаланар бослаң, хат деген – айғақ», – дейтін. «Магнитофонға даусыңды жаз да, сенімді адамнан беріп жібер. Мен де солай істеймін», – дейді. Осыған келісіп, екеуміз көпке дейін солай хабарласып жүрдік. Менің үйімде Лев Николавич Гумилевтің 40-қа тарта даусы жазылған хат болды. Өкінішке орай, Желтоқсан көтерілісі кезінде менің үйіме тінту жүргізіледі деген хабарды естіп, ол кісінің даусы жазылған көп кассеталарды өзенге лақтырдым. Бір шүкір етер нәрсе Бекболат Тілеухановтың әні жазылған кассетада ол кісінің бір екі хаты сақталып қалыпты…
Ақселеу Сейдімбектің Ютубқа салынған студент жастармен сұхбатынан. Жазып алған Ерсін Мұсабек.
«Орталық Қазақстан» газетінен, 14 сәуір, 2017 жыл