«Көбіміз қарын қамын күйттеген ұсақ жемқорлармыз…»

Бірде Қостанайда бұзылған ескі үйден хат пен бір бума ақша шықты. Орыс көпесінің мүлкі екен. Азамат соғысы кезінде ол қолдағы бар ақшасын Уақытша үкіметке аудару туралы өсиет жазыпты. Шамасы, қызыл мен ақтың қырғыны бұл тілегінің орындалуына мүмкіндік бермеген. Сонда да «ит жегенше» еденде шірісін» деп тығып қойған тәрізді.
Мені таңғалдырғаны оның мемлекетіне деген адалдығы еді. Ал, мына 42500 теңгенің «қырғынын» көріп, айтарға сөзім болмай отыр.
Иә, кәсіппен айналысып салық төлеп келген, Төтенше жағдай салдарынан табысынан айрылған т.с.с шынымен оған мұқтаж жандарға дауым жоқ. Алсын, кәдесіне жаратсын. Бірақ, бұл қаражатсыз да күнін көріп келген, Төтенше жағдай кері әсерін тигізбеген, тигізбейтін адамдардың жанталаса ұмтылуын қалай бағалауға болады? Жұмыс істеп жүрсе де өтініш тапсырғандар көп екен.
Бұл жағдайға баға бере алмай басым қатып жүр еді. Жаңа желіде жақсы көретін ағам «Ұлы мемлекет тонау науқаны!» деп бір-ақ сөзбен дәл сипатын берді.

Кеңес үкіметінің тез құлауына ықпал еткен фактордың бірі «совхоздың малы», «үкіметтің дүниесі» деген ұғымдар еді. Үкімет деген ағып жатқан бұлақ деген масылдық пиғыл көбіміздің санамызда мықтап орналасқан. Мүмкін мұның тарихи-әлеуметтік себебі де бар шығар. Ұзақ уақыт отар болдық, «үкімет асырайды» деген миымызға мықтап сіңді. Бірақ, кеңес үкіметінде «кергісек» ол «жарасымды» еді, өйткені, құлша жұмсады, партия, совхоз директоры жарты Құдайдан кем емес еді. Тіпті, адамның қайыр сұрап көшеде жатуға да «құқы» болған жоқ. Сонша тер төккесін оның сұрауы болуы заңды.

Бір ғана 42500 теңге біздің менталитетімізді көрсетіп берді. Бізде мемлекетшілдік ұғымы жоқ екен. Көбіміз қарын қамын күйттеген ұсақ жемқорлармыз. Халықтың пиғылы сондай болғасын билігі де былыққа белшеден батпағанда қайтеді. Жайшылықта асарлатып, жылу жинап, қайырымдылық жасап жататынымыз пиар ма деп қалдым. Осынау қиын тұста өліп-талып жүріп көрген жалғыз мемлекетімізді жауша тонауға ұмтылғанымыз қалай?
«Билік жеп жатыр, ішіп жатыр, өйтіп жатыр, бүйтіп жатыр, халық аш отыр, ел күн көре алмай отыр» деген сөздер қабылданбайды. Ондай сөзге кеңіректен тойғам.
Сіз өзіңіз үшін ғана жауап беріп көріңізші.
Айтатыным көп еді, оны тізбелеп отыратын уақыт жоқ.