ЕЖЕЛГІ ҚЫТАЙ ПРОЗАСЫ
«МЫҢЗЫ» кітабынан
Сюй Син деген біреу Шэнь Нунның ілімін насихаттаушы еді. Ол Чу елінен Тэн мемлекетіне келіп, сарайдың қақпасына жақындады да князь Вень-гунға былай деді:
-Мен шалғай мекенненмін. Тақсыр, сіз, өз еліңізді ізгілікпен басқарады деп көп естимін. Осы жерден пана тауып, сіздің құзырыңызда болғым келеді.
Вэнь-гун оған қоныстанатын жер бөліп берді.
Сюй Синнің ондаған шәкіртінің бәрі бір кісідей шекпен киетін, жөкеден қарапайым аяқкиім өріп, ши тоқитын, солай ішіп-жемін айыратын.
Бірде Чэнь Ляннің шәкірті Чэнь Сян және оның бауыры Синь иықтарына теселерін асып, Сун патшалығынан Тэн еліне келді де былай деді:
-Мәртебелі тақсыр, сіз өз еліңізде данышпандық басқару негізін енгізіпті деп естиміз, өзіңіз де дана адам екенсіз. Сіздің құзырыңыздағы азамат болғымыз келеді.
Чэнь Сян мұнда Сюй Синмен жолыққанына ерекше қуанды. Ол бұрынғы оқуын біржола тастап, Сюй Синнен білім ала бастады. Бірде Мыңзымен кезігіп қалып, Сюй Синнің сөздерін баяндап берді:
-Тэн елінің патшасы шын дана адам. Дегенмен, әлі де болса ақиқат жолын таныған жоқ. Ақылман патша халықпен бірге жер жыртып, ризығын табады. Өз асын өзі пісіріп жейді, елді де өзі басқарады. Бірақ, Тэн патшасының қисапсыз қамбалары мен сансыз сарайлары бар. Бұл сонда оның өзін асырау үшін халықты тонағаны ма, данагөйдің солай істеуі мүмкін бе?
— Сендердің ұстаздарың – Сюй, — деді Мыңзы, — әлбетте, өзі еккен тарыны өзі жейтін шығар?
-Әрине, — деді Чэнь Сян.
-Әлбетте, өзі тоқыған матадан киім тігіп киетін шығар?
— Жоқ, — деді Чэнь Сян, — Сюй ұстаз шекпен киеді.
— Бас киім кие ме?
-Киеді.
-Қандай?
-Арзан бұлдан тігілген.
-Оны өзі тоқыды ма?
-Жоқ, тарыға айырбастап алды.
-Ұстаз оны неге өзі тоқып алмайды?
-Бұл егіншілікпен айналысуына кедергі келтірер еді.
— Сюй ұстаз өз тамағын өзі қазан мен шөңкеде пісіріп, жерді темір соқамен жырта ма?
-Иә, — деді Чэнь Сян.
-Сол зат-сайманның бәрін өзі істей ме?
-Жоқ, тарыға айырбастап алады.
-Демек, өз тарысын құрал-сайман мен керек-жараққа айырбастай отырып, ол құмырашылар мен ұсталарды тонағаны ғой? Ал әбзелдерін тарыға айырбастаған құмырашылар мен ұсталар да осы ісі арқылы шаруаны тонап кеткені болмай ма? Неге Сюй ұстазға құмырашылық пен ұсталықты игеріп, өзіне керек нәрсені өз үйінде жасап алмасқа? Неліктен ол қолөнершілерден бірде ананы, бірде мынаны айырбас қылады? Сонша әуреленіп керегі не?
-Егіншілікпен бірге түрлі қолөнерді қатар алып жүре алмайсың ғой! – деді Чэнь Сян.
-Демек, егіншілікпен бір ғана Аспан асты елін басқару ісін сабақтасыру мүмкін екен! Үлкен адамдар мен кішкентай кісілердің атқаратын өз қызметтері болады. Егер әркім жүз қолөнерші дайындайтын, өзіне қажетті нәрсені жеке-дара әзірлей бастаса, Аспан астында шатасудан шатақ шығады. Сондықтан біреулер миына күш салады, біреулер бұлшық етін күштейді. Миына күш салатындар адамдарды басқарады, ал бұлшық етін күштейтіндер – басқарылады. Басқарылатындар басқаларды асырайды, ал басқарушылар – басқалар арқылы ризығын табады. Аспан астының жалпыға ортақ заңы – осы.
* — Мыңзы б.д.д. 372-289 жж өмір сүрген философ, Конфуцидің ізбасары.
VI тарау, 2-бөлім
Лу патшасы Юэ Чжэн-цзыға басқару ісін тапсыруды ойлады. Сонда Мыңзы айтты:
-Мен мұны естіген кезде қуаныштан ұйықтай алмадым!
-Ол өз ісіне берілген адам ба? – деп сұрады Гунсунь Чоу.
-Жоқ, — деді Мыңзы.
-Парасатты ма?
-Жоқ, — деді Мыңзы.
-Көп білуші ме?
-Жоқ, — деді Мыңзы.
-Олай болса, неге қуаныштан кірпік іле алмадыңыз?
-Ол жақсылықты жақсы көреді, — деді Мыңзы.
-Жақсылықты жақсы көру жеткілікті ме?
-Бұл Лу патшалығын былай қойғанда, — деді Мыңзы, — тіпті, Аспан асты елі үшін де тым жеткілікті. Егер патша жақсылықты сүйсе, төрт теңіздің арасында өмір сүретіндер мыңдаған ли қашықтықты елеместен, оның құзырына келуге, ізгі ойларын бөлісуге асық болады. Егер патша жақсылықты сүймесе, адамдар: «Ол тәкаппар, бәрін білемін деп ойлайды» дейтін еді. Оның менменсіген үні мен паңсыған түрі жан біткенді жанынан бездіріп, мыңдаған ли жырақ жүруге мәжбүр етер еді. Егер ізгі ойлы адамдар одан мыңдаған ли алыс жүруді қаласа, қасына көзінше мақтайтын, сыртынан даттайтын жәдігөйлер жиналады. Жағымпаздар мен жалақорлардың ортасында жүріп, қанша қаласаң да мемлекетте тәртіп орната алар ма екенсің?
15.Мыңзы айтты:
-Шунь жер өңдеушілер арасынан, Фу Юэ тас қалаушылар қатарынан, Цзяю Гэ балық пен тұз сатушылар ортасынан суырылып шықса, Гуань Иу түрме бақылаушылары ішінен ілгеріледі. Суньшу Ао билікке теңіз жағалауындағы түпкірден шақыртылды. Байли Си қалалық базардан қызметке алынды. Көк аспан осы адамдарға ұлы міндет жүктеу ниетімен, әуелі олардың жүрегі мен жігерін азапқа салды, сіңірін созып, сүйегін ауыр еңбекпен жасытты, денесін аштықпен бұрлықтырды, тәнін жоқшылықпен жүдетті, әр ісіне берекесіздік пен бүліну енгізді. Осылай жүректеріне үрей ұяла отырып, төзімділікке баулып, өз менінен басым түсуге үйретті.
Әдетте, адамдар бірінші қателік жібереді, содан соң қателігін түзеуді үйренеді, ауыр ойлармен жүрегін тілімдеп, кейін дүр сілкініп, әрекетке көшеді. Олар сезімдерін бет-әлпетімен, дауыс ырғағымен танытады, ал басқалар оны түсінуді үйренеді.
Мемлекеттің ішінде заң үстемдігін қорғайтын адал қызметшілер, сыртында жаулық аңсаған алып елдер, тұс-тұстан төнген бәле-жала болмаса, мұндай мемлекет әдетте құрып тынады. Бұдан біз мынаны ұғамыз: өмір – қам-қарекет пен қасіреттен, ал өлім – молшылық пен шаттықтан туады.
16.Мыңзы айтты:
-Дұрыс жолға бағыттаудың тәсілі көп. Егер мен лайықсызға ақыл беруден бас тартсам, сол арқылы да оған бағыт сілтегенім.
VI І тарау, 2-бөлім
10.Мыңзы айтты:
— Азығын артығымен қамдап алғанды аштық орнаған жыл да опат қылмайды, ізгілікті молынан жинап алғанды азғын ғасыр да аздыра алмайды.
14.Мыңзы айтты:
— Халық – бәрінен қымбат. Одан кейін жер рухы мен дәнді-дақылдар. Содан соң ғана – патша.
28.Мыңзы айтты:
— Князьдің үш қазынасы бар – жер, халық және билік. Інжу-маржан мен асыл тастарды ғана бағалайтын жан міндетті түрде сау басына сақина тілеп алады.
33.Мыңзы айтты:
-Жүрегіңді тәрбиелеу үшін қалауың аз болғаны абзал. Қалауы аз адамның бұдан бірнәрсе жоғалтатындары болады, ондайлар аз. Қалауы көп адамның бұдан бір нәрсе табатындары болады, ондайлар да аз.
«ЧЖУАН-ЦЗЫ» кітабынан
ХХV тарау
Бо Цзюй есімді біреу Лао Даньнан білім алып жүрді. Бірде ұстазынан рұқсат сұрады:
— Аспан асты елін аралап, сапар шегуге рұқсат етіңіз.
— Қайтесің, — деді Лао Дань. – Аспан астының барлық аймағы бірдей.
Анау болса сұрануын қоймады.
— Сонда сапарыңды неден бастамақсың? – деді Лао Дань.
— Ци елінен бастаймын, — деді Бо Цзюй. — Онда барғанда дарға асылған адамды көрсем, дереу денесін жерге жатқызып, салтанатты киіміммен бетін жабамын. Сосын аспанға арыз айта аһ ұрып, өлікті былай жоқтаймын: «Ұлым-ау! Ұлым-ау! Күллі Аспан асты елінде қанды қасап жүріп жатыр. Сен оның алғашқы құрбаны емессің. «Қарақшы болма, кісі өлтірме» деп айтады ғой. Бірақ даңқ пен абыройсыздық пайда болғалы адамдар тынышынан айырылды. Байлық пен қазына жинау басталған кезден бері талас-тартыс жүріп жатыр. Жоқшылық адамдарды титықтатады, тыныс алдырмайды, — қалайша қылмысқа бармайды олар! Ежелгі патшалар сәтті істердің барлығын халықтың еншісіне жазып, сәтсіздіктерді – өз кесірінен көретін, кез келген шындықты халықтың есебіне жатқызып, жалғандық үшін өздерін өзі жазалайтын. Өйткені бар кінәні бір адам өз мойнына алатын да, өзін өзі күстаналап, іс басынан кететін. Қазір олай емес. Істер үн-түнсіз атқарылады да бұдан бейхабар жандар ақымақ деп жар салынады. Ауырлық жүктеп қойып, оны еңсеруге әлі келмегендерді жазғырады. Міндетті ауырлатып, оны атқара алмағандарды айыпқа жығады, айналма жолмен аттандырып алып, кешіккені үшін жазалайды. Күш-жігері сарқылуға шақ қалған соң, адамдар оның орнын түлкі қулықпен түгендейді. Күн өткен сайын көлгірлік көбейген үстіне көбейіп келеді, осының бәрін көре тұра халық пен шенеуніктер жасандылыққа ұрынбай қайтсін? Өйткені қуат жетпеген жерде – қулық озады, білім жетпеген жерде – алдау алға шығады, байлық жетпеген жерде – ұрлық өрістейді. Ұрлық пен қарлық үшін сонда кімді кінәлау керек?»
***
Линь Хуэй мың алтынға бағаланар асыл тасты (яшма) лақтырып тастап, арқасына сәби ұлын мінгізіп, елден қашып бара жатты. Әлдебіреу одан сұрады.
-Бала соншалық қымбат па?
-Оның еш құны жоқ, — деді Линь.
-Әлде оны бағып-қағу оңай ма?
-Оны өсіріп-бағудың машақы көп, — деді Линь.
-Олай болса, неге баға жетпес яшманы тастай сап, сәбиді алып қаштыңыз?
-Мұның бірі – бас пайда байланысты, — деп жауап қатты Линь Хуэй, — ал екіншісі – табиғи байланыс. Пайдамен байланыстысын қайғы мен қасіретте тастай қашады. Ал, табиғи байланысы барын қайғы мен қуанышта өзімен бірге әкетеді. Өйткені тәрк ететін мен алып кететіннің екі арасы тым алшақ.
***
Тұтқыр – балық аулау үшін қажет: балық ауланған соң тұтқырды ұмытады. Тұзақ – қоянды ұстау үшін қажет: қоян ұсталған соң тұзақты ұмытады. Сөз – ойды тұту үшін қажет, ой тұтылған соң сөз ұмытылады. Сөйлесу үшін сөзді ұмытқан адамды қайдан іздеп тапсам екен?!
***
Чжу Пинмань Чжили И деген кісіден айдаһар өлтіру өнерін үйренді. Бұған мың алтынын жұмсап, отбасын жұтатып, үш жыл дегенде шеберліктің шыңына жетті. Тек шеберлігін паш етіп, қару жұмсайтындай жан иесін таппады.
***
Цин патшалығының ағаш ұстасы ағаштан қоңырау ойды. Жұмыс біткен соң бұйымды көрген жұрттың бәрі таңғалды: оны не аруақтар, не құдайдың өзі жасаған десті.
Қоңырауды Лу князі де тамашалап, ұстадан:
— Мұндай шеберлікке қай өнермен қол жеткіздің? — деп сұрады.
— Мен бар болғаны қолөнершімін, — деді ағаш ұстасы, — өнер менің не теңім? Десе де бір құпиясы бар. Қоңырау қашауды ойлап, өзімнің ци-імді бостан-бос жұмсамауды көздедім. Тыныштық табу үшін жүрегіммен ораза тұтуым қажет болды. Үш күндік оразадан кейін мен құрмет пен марапат, шен мен шекпен туралы ойдан арылдым. Бес күннен соң мақтау мен даттауды, сәттілік пен сәтсіздікті ойға алуға мұршам болмады. Жеті күн өткенде есім кіресілі-шығасылы болып, өз денемді өзім сезінуден қалдым, аяқ-қолымды ұмыттым. Мен үшін князь де, патша сарайы да ғайып болды. Жанымды сырттан мазалайтын мәнсіз нәрселер жоғалды, бүкіл дағды-білігім бір нәрсенің үстіне шоғырланды. Сонда ғана мен тауға аттанып, ағаштардың табиғатына зер салдым. Ең жақсы діңнен қоңырау сұлбасын ойша қашап көрген соң ғана, іске кірістім, әйтпесе жұмысты қолға алып қажеті не. Осылайша менің болмысым ағаштың болмысымен біте қайнасып кетті. Сондықтан да туынды ғажайып сезіледі.
***
Таулар мен ормандар, алқаптар мен егістіктер көз жауын алып, көңіл қуантады. Алайда қуанышқа қанып үлгермейміз, — мен мұндалап мұң шыға келеді. Қуаныш пен мұң келем десе, тосқауыл қоя алмаймыз, кетем десе, ұстап қалуға қауқарсызбыз. Амал нешік! Адам – бұл өмірде бар болғаны зат-көлік бекеті ғана. Кездескен нәрсесін ғана біледі, кездеспеген дүниеден бейхабар. Қолынан не келетінін, не келмейтінін біледі. Білместік пен дәрменсіздіктен қашып құтылмайды. Болмай қоймайтыннан бас сауғалау – қандай өкініш!
ХХ тарау
Чжуан-цзы тау бөктерінде жүріп, бұтақтары сала-сала, жапырақтары қалың алып ағашты байқады. Бірақ әлгі ағаштың қасына келген ағаш шебері оған тиіскен жоқ. Чжуан-цзы мұның себебін сұрап еді:
-Ол ештеңеге жарамсыз, — деді шебер.
Сонда Чжуан-цзы:
-Ештеңеге жарамсыздығы есебінен бұл ағаш табиғат қанша белгілесе, сонша өмір сүреді, — деді.
Тау етегіне түскен соң, Ұстаз өзінің ескі досының үйіне қонды. Сыйлы мейманның келісіне қуанған үй иесі қолбалаға қаз сойып, тамақ әзірле деп тапсырды.
-Бір қазымыз қаңқылдауық, — деді малай бала, — ал екіншісі қаңқылдамайды. Қайсысын сой дейсіз?
-Қаңқылдамайтынын, — деді қожайын.
Ертесінде шәкірттері Чжуан-цзыдан сұрады:
-Сіз кеше таудағы ағаш ештеңеге жарамайтындықтан, табиғат қанша белгілесе, сонша өмір сүреді деп айтыңыз. Ал қожайынның қазы қаңқылдай білмегені үшін өлім құшты. Егер жарамды мен жарамсыздың, білу мен білмеудің арасынан таңдау жасасаңыз, өзіңізге қайсысын қалар едіңіз?
Чжун-цзы күлді де былай деді:
-Мен ортасын таңдар едім.
ХХХ тарау
Ертеректе чжао патшасы Вэнь-ван семсерлесу өнеріне қатты құмартыпты. Семсершілер оның қақпасын қоршап жатады екен, үш мыңнан астамы сарай мейманы болыпты. Олар патшаның алдында күнімен-түнімен сайысыпты: бір жылда өлтірілгендер мен жараланғандар саны жүзден асыпты. Патша болса, әсіре әуестігіне көңіл құмары бір қанбапты.
Осылай үш жыл өте шығады. Патшалық құлдырауға айналып, басқа патшалар қастық ойлай бастайды. Осы жағдайға қапаланған тақ мұрагері Куй сарайдағы сенімді адамдарын шақырып алып, оларға былай дейді:
— Патшаны құмарлығынан айнытып, семсершілерден ажыратуға көндірген кісіге мың алтын беремін!
— Бұл тек Чжуан-цзының ғана қолынан келеді, — деді олар.
Тақ мұрагері айтылған алтынды табыс етіңдер деп шабармандарын Чжуан-цзыға жұмсады. Бірақ, Чжуан-цзы сыйлықтан бас тартып, шабармандарға ілесіп жолға шықты. Ханзаданың алдына келген соң:
-Мәртебелі мұрагер мың алтын бере отырып, маған не бұйырады? – деп сұрады.
-Ұстаздың даналығы мен сұңғылалығына сырттай қанықпын, — деді мұрагер: — мен мың алтынды сіздің құзырыңызға құрметпен ұсындым. Алайда, сіз тартуымды кері қайтардыңыз, енді сізге не деп өтініш айтамын?
— Естуімше, — деді Чжуан-цзы, — мәртебелі мұрагер менің көмегіммен патшаны әулекі әуестігінен арылтқысы келетін сияқты. Егер патшаға ақыл айтамын деп әміршінің әміріне қарсы шықсам, оның үстіне сіздің де көңіліңізді таппасам, алдымнан көлденең қаза мен көрінеу өлім күтеді. Онда ақшаның қажеті қанша? Егер ұлы билеушімізді иландыра алсам, сөйтіп сіздің де үддеңізден шықсам, Чжао патшалығы не сұрасам, қалағанымның бәрін бермей ме.
— Бәрі рас, — деді мұрагер. – Бірақ, патшамыз жанына семсершілерді ғана жақындатады.
-Тамаша, — деді Чжуан-цзы. — Менің қылышкерлігім ешкімнен кем емес.
-Солай-ақ болсын, — деді мұрагер, — дегенмен, біздің патшамыз қабылдайтын семсершілердің барлығы дудар басты, дуда шашты, дулығасы шекесінде оқшырайған, дулыға бауы арзан жібектен жасалған, киімдерінің ою-өрнегі жоқ, етегі кері түрілген, көзқарастары кекті, тілдері мүкіс. Патшамызға сондайлар ұнайды. Егер де Ұстаз оның алдына ғалымның киімімен барса, бұл істі насырға шаптырады.
-Ендеше, өзіме семсерші киімін тігіп алуға рұқсат етіңіз, — деді Чжуан-цзы.
Ол киімді үш күнде әзірлеп, мұрагерге келді де екеуі падишаның алдына барды. Билеуші жалаң қылышын жарқылдатып күтіп отыр екен.
Чжуан-цзы патша сарайының есігінен асықпай аттады, патшаны көрсе де құлдық ұрған жоқ.
— Маған не үйретпексің? — деді патша. – Әуелі мұрагеріме көрсет.
— Ұлы мәртебелі патша қылыш шабу өнеріне қызығатынын естіп, сізге сол үшін келіп отырмын.
— Қылышты шебер қолданасың ба? – деді патша.
— Он қадам сайын бір адамды шауып өлтіре алам, — деп тіл қатты Чжуан-цзы, — мың ли жүріп өтсем де семсеріме бір сызат түспейді.
— Аспан астында саған тең келер ешкім жоқ екен! – деп саңқ етті әмірші.
-Мен шайқасқанда жорта жалтарып, оңтайлы сәтті күтем, тап бергенде шабан қимылдасам да сермей ұрғанда сан соқтырам. Біреумен күш сынассам деп едім, — деді Чжуан-цзы.
— Ұстаз, әзірше тыныға тұрыңыз, — деді патша, — өз бөлмеңізге барып, менің әмірімді күтіңіз. Сайыс ұйымдастыруға пәрмен беріп, сізді шақырамын.
Патша семсершілер арасында іріктеу өткізді. Жеті күндік жекпе-жектен соң өлгендер мен жараланғандар саны алпыстан асты. Ішінен бес-алты адамды таңдап, сарай алдына тізіп, қолдарына қылыш ұстатты да дереу Чжуан-цзыны алдырды.
— Кім шебер қылыштасатынын бүгін анықтаймыз, — деді патша.
— Көптен күткенім осы еді, — деп жауап берді Чжуан-цзы.
— Сізге қандай қылыш қолайлы?
— Кез келгені жарай береді, қайсысын ұсынсаңыз да, — деді Чжуан-цзы. Бірақ, менің үш қылышым әзір тұр. Мәртебелі патшамыз соның бірін өзі таңдап берсін. Алдымен олардың қасиетін айтуыма рұқсат етіңіз, содан соң сынап көреміз.
— Қуана-қуана тыңдаймын, — деді патша.
— Бұлардың біріншісі – Аспан Ұлының қылышы, — деді Чжуан-цзы, — екіншісі – князь қылышы, ал үшіншісі – қарашаның қылышы.
— Аспан Ұлының қылышы қандай? – деп сұрады патша.
Чжуан-цзы жауап берді:
— Аспан Ұлы қылышының жүзі – Яньси мен Шичэн таулары, ұшы – Ци мекеніндегі Тайшань тауы. Цзинь мен Вэй – алқымы мен қыры, Хань мен Вэй – сабы, Сун мен Чжоу – балдағы. Ілме белдігі – Бохай бұғазы, кісесіндегі асқыш – Чаншань тауы. Оның қыны – жабайылар, төрт маусым – қаптама қызметін атқарады.
Ол бес құбылысты бастықтырған жазалау мен марапаттауды анықтайды. Қараңғылық пен Жарықты бөледі, оны көктем мен жаз суғарады, ал күз бен қыс – іске жұмсайды. Бұл қылышты алға бағыттасаң, алдыңда ешкім тұра алмайды. Жоғары көтерсең, аспандағы ешнәрсе аман қалмайды, төмен түсірсең, төмендегілер тегіс күйрейді, семсерді сілтесең, айналаңды типыл етеді, жоғарыда жүзген бұлттарды қақ тіледі, төменде жер тіреуін қыршып түседі. Бұл қылышты қолдансаң, князьдерді тәубесіне келтіресің, бүкіл Аспан асты сенікі болады. Аспан ұлының қылышы – осындай!
— Ал князь қылышы қандай? – деп сұрады таңғалған патша.
— Князь қылышының өткір жүзі – парасатты, батыр ерлер, — деді Чжуан-цзы. Оның ұшы – ар-намысты, жанқияр ерлер. Оның алқымы мен қыры – сенімді, дегдар ерлер. Оның сабы – ержүректер мен қаһармандар, ал балдағы – дана әрі адал ерлер. Бұл қылышты алға бағыттасаң, ешкім алдыңда тұра алмайды. Жоғары көтерсең, жоғарыда ешкім аман қалмайды. Төмен түсірсең, төменде ешкім сау құтылмайды. Семсерді сілтесең, айналаңда ешкім қалмайды. Жоғарыда ол – төңкерілген аспан тектес, сондығымен Жарықтың үш түрін бағындырады: төменде – шаршы жер іспетті, сондығымен оған төрт маусым түгел бағынады, ортасында халықтың қалауымен санасады, көршілерді татуластырады. Оны қолдансаң, күндей күркіреп, жай оты жарқ етеді, төрт тарап билеушінің әміріне тегіс бағынады. Князь қылышы – осындай.
— Ал, қарашаның қылышы қандай?, — деп сұрады патша.
— Қарашаның қылышын, — деді Чжуан-цзы, — дудар басты, дуда шашты, дулығасы шекесінде оқшырайған, дулыға бауы арзан жібектен жасалған, киімдерінің ою-өрнегі жоқ, етегі кері түрілген, көзқарастары кекті, тілдері мүкіс адамдар қолданады. Олар бір-бірімен сіздің алдыңызда шайқасады. Жоғарыда – мойын мен тамақты орып түседі, төменде – бауыр мен өкпені тілгілейді, қарашаның қылышы деген – осы. Олардың өнері төбелескіш қораздар шайқасынан еш айнымайды. Оның өмірі кез келген күні мемлекетке ешқандай пайда келтірмей-ақ, қиылуы мүмкін. Бүгінде Сіз, ұлы мәртебелім, Аспан Ұлы лауазымын иелене отырып, қарашаның қылышына тым құмартып кеттіңіз. Менің болмашы ойым мынау: бұл әуестіктен бас тартуыңыз керек.
Патша Чжуан-цзыны аста-төк дастарханнан дәм татуға шақырды. Сарай аспазы тамақтың түр-түрін ұсынды, бірақ патша қол тигізбей, үш мәрте «әкет!» деп ишаралады.
— Сабыр етіңіз, ұлы мәртебелім, — деді Чжуан-цзы, — өз-өзіңізге келіңіз, мен қылыш туралы әңгімені айтып тауысқанмын.
Бұдан кейін Вэнь-ван үш ай бойы сарайдан шықпай қойды. Ал семсершілердің бәрі өздеріне қол салып тынды.
«ЛЕ-ЦЗЫ» кітабынан
І-тарау
Тайшань таулы аймағында саяхаттап жүрген Конфуций сол жерден чэн алқаптарын кезіп жүрген Жун Цициді жолықтырды. Ол үстіне бұғы терісін жамыла салып, белін жіппен буынып, цин аспабында ойнап, көңілді әндерді айтумен болды.
— Сізді сонша қуандырған не? – деп сұрады одан Конфуций.
— Мен көп нәрсеге қуанамын, — деді Жун. – Аспан сан жетпес мақлұқатты жаратты, соның ішіндегі ең ардақтысы – адам. Маған адам болып жаралу бақыты бұйырды. Бірінші қуанышым – осы. Ер мен әйелдің арасында айырмашылық бар: еркекті – құрметтейді, әйелді – кем санайды, сондықтан ер адамның дәрежесі жоғары. Маған еркек болып туу бақыты бұйырды. Екінші қуанышым – осы. Адам кейде жөргегінен шықпай-ақ, бір күн, я бір ай өмір сүрместен, өлім құшып жатады. Мен тоқсанға тірі жеттім. Бұл – үшінші қуанышым. Кедейлік – ердің кәдімгі тағдыр-талайы, өлім – адамның соңғы межесі. Тағдырымның талайын татып болып, соңғы межемді табамын, сонда несіне мұңаюым керек?
— Жалғаннан жұбаныш таба біледі екенсіз! – деді Конфуций.
***
Бір жолы Конфуций Тайшань тауының тұсынан өтіп бар жатыр еді, әлдебір әйел зират басында дауыс қылып отыр екен. Құрмет белгісі ретінде арбаның алдыңғы қасына қарай иілген Ұстаз жылаулы жанға құлақ түрді. Сәлден соң әлгі әйелге Цзылуды жұмсады. Ол:
— Қан жылап, қайғы жұтқаныңызға қарағанда, бұл алғашқы азаңыз емес-ау? – деп сұрады.
— Дәл солай, — деді әйел. – Бір кезде қайын атамды жолбарыс жарып кетіп еді. Содан кейін күйеуім тарғыл шерінің тырнағынан шейіт болды. Енді, міне, ұлымды да талап өлтірді.
-Бұл мекеннен неге көшіп кетпейсіздер? – деп сұрады Ұстаз.
-Мұнда қатігез билеушілер жоқ, — деп тіл қатты әйел.
— Есіңде сақта, шәкіртім, — деді Ұстаз. – Қатігез билік – жолбарыстан да кәрлі.
***
Конфуций шығысқа қарай саяхаттап барғанында екі жасөспірімді кездестіреді. Олар бір нәрсеге келісе алмай, қызу талас үстінде еді. Ұстаз даудың неден шыққанын сұрады:
— Мен күн таңертең, көкжиектен енді-енді көтеріле бергенде бізге жақынырақ, ал шаңқай түсте шалғай болады деймін, — деді біреуі. – Ал мынау, керісінше, таңғы рауанда күн бізден алыс, ал тал түсте жақын дейді. Сөзін жалғап:
— Күн шығарында өте үлкен – күйменің үстіндегі қолшатыр секілді. Ал тал түсте – табақша тәрізді. Бұл оның алыстаған сайын кішірейіп, жақындаған сайын үлкейіп көрінгені емес пе?!
-Күн шыққан кезде, — деді екіншісі, — жүзінен салқындық лебі еседі. Ал ұлы сәскеде қайнаған судай күйдіреді. Бұл оның салқын болған сайын алыстығын, ыстық болған сайын жақындығын білдірмей ме?!
Конфуций кімдікі жөн екенін шеше алмапты. Жасөспірімдер болса миығынан күліпті:
— Сені көп біледі деп айтып жүрген кім екен?
***
Сун патшалығында лақап есімі Мешіндер патшасы деген адам өмір сүрді. Ол маймылдарды жақсы көретін, әлгілерді үйір-үйірімен асырап, қалауларын қапысыз түсінетін дәрежеге жеткен еді, маймылдар да мұның сөз ләмін ұғынатын. Асыранды айуандарын азықтандыру үшін үйелменінің аузындағы асын жырып беруге әзір еді.
Маймылдарды тойындыру тірлігі әбден титықтатқан соң, беретін азығын азайтуға мәжбүр болды. Бірақ, бұлар маған бағынбай кетеді деп қауіптеніп, қулық ойлап, әуелі оларға былай деді:
— Мен сендерге таңертең үш, кешке төрт талшын түйнегінен үлестірсем, жемдеріңе жете ме? – деп сұрады.
Бүкіл үйір наразы болып, маңайды ызғын-шу қылды. Сонда ол керісінше сұрады:
— Ал, таңертең төрт, кешке үш талшын түйнегінен берсем, жеткілікті ме?
Бүкіл үйір басылып, риза болды.
Осылайша айлакерлік ақымақтыққа үстемдік құрады. Дана адам ақыл-парасатына сүйеніп, Мешіндер патшасы маймылдар үйірін алдағаны секілді ақылсыз тобырдан айласын асыра алды. Не мәннен, не мәміледен ұтылмай, маймылдарды біресе ашуландырды, біресе қуандырды!
«ДАОДЭ ЦЗИН» кітабынан
3-тарау
Қабілеттілерді көкке көтермесе – адамдар бәсекелеспейді. Сирек затты бағаламаса – ұрлық та болмайды. Кісінің қалауын қоздыратын нәрселерді көрсетпесе – көптің жүрегі бүлінбейді. Сондықтан данышпан ел билегенде жұрттың жүректерін бос, қарындарын тоқ қылады, жігерін жасытып, сүйегін қатайтады. Ол халықтың білім алмауын әрі ерік қалауы болмауын қадағалап, білімдарларды қарекетсіз қалдыруға тырысады. Ол әрекетсіздік арқылы әркімді басқарады.
9-тарау
Бос торсықтан гөрі, толы торсықты қолда ұстау қиындау. Өте өткір қайралған жүз көп қызмет етпейді. Алтынмен, асыл тастармен толтырылған зәулім сарайды ешкім де сақтап қала алмайды. Байлығың мен атағыңды айтып мақтансаң, басыңа бәле тілейсің. Жетістікке жеткен соң шегінген жөн – Аспан жолы осындай.
12-тарау
Бес түстен көз қарығады, бес дыбыстан құлақ тұнады, бес дәмнен тіл тұтқырланады. Бәйге мен аңшылық қатігездікке жеткізеді, сирек заттар қылмысқа итермелейді. Сондықтан ақылман асқазан қамын жейді, көзін күйттемейді: біріншіні қабылдап, екіншіден бас тартады.
17-тарау
Ең жоғары билеуші – сол: бағыныштылар оның бар екенін ғана біледі. Оның соңынан елі аялап, алдиярлайтын патша, оның соңынан барлығы қорқатын патша, бұлардың соңынан күллі жұрт жек көретін патша ереді.
45-тарау
Ұлы кемелдік кемшілікке ұқсайды, — қолданылса мінсіз. Ұлы толықтық залалға ұқсайды, — қолданылса сарқылмайды. Ұлы турашылдық қисықтыққа ұқсайды. Ұлы шеберлік шорқақтыққа ұқсайды. Ұлы ділмарлық мүкістікке ұқсайды. Қозғалыс суықты жеңеді. Тыншу ыстықты жеңеді. Тыныштық пен тыным – Аспан астының негізі.
63-тарау
Әрекетке араласпа, істеймін деп ісінбе, татымсызды тат. Зор ма, зәредей ме, аз ба, көп пе – жәбірге жақсылықпен жауап қат. Жеңіл жерде ауырынан баста. Үлкен істі ұлғайтпай кіріс. Дүниедегі қиын істің бәрі де жеңіл нәрседен туындайды. Сондықтан дана адам ешқашан үлкенге ұмтылмайды – сол себепті үлкен істер тындыра алады. Уәдені оңай беретінге – сенетіндер аз. Жеңілдік мол жерде қиындық та көп. Сондықтан дана кісі барлығын қиынға балайды – сол себепті оған қиын ештеңе жоқ.
65-тарау
Ертеде Доа жолына ергендер халыққа білім таратпай, надандықта қалдыратын. Бұқара көп білсе, оны басқару қиын. Сондықтан ел басқарған адам данасынса – халыққа зиян етеді; ал ел билей отырып, данасынбаған – халыққа пайда етеді. Осы екі нәрсені түсінген кісі көпшілікке үлгі болады…
66-тарау
Теңіздер мен өзендер алып аңғарлардан аласа бола білгендіктен, оларға үстемдік ете алады. Адамдардан жоғары тұрғысы келген, өзін олардан төмен қоя білсін. Алдына шыққысы келген, артында жүре білсін. Ақылман жоғары тұрса да, адамдарға масыл емес, алдында жүрсе де, оны ешкім күндемейді. Сонысына сай Аспан асты елі оны қуана-қуана көтермелейді. Ол ешкіммен бәсекелеспейді, — сондықтан оған мына әлемде ешкім бақталас емес.
68-тарау
Білікті қолбасшы төбелеске құмартпайды. Шайқаса білетін, ашуға ерік бермейді. Жауды жеңе білетін, онымен жағаласпайды. Басқаларды пайдалана білетін, өзін олардан төмен ұстайды. Бұның аты – адамгершілік, күрестен аулақ болу. Бұл – өзгелерді пайдалана білу қабілеті. Бұл – Аспан әмірі мен бағзы бастауларға еру деп аталады.
78-тарау
Дүниеде судан жұмсақ, судан әлсіз ештеңе жоқ, алайда, қатты мен күштіге қарсы күресте судан асып түсер қуат болмайды, оны ештеңе алмастыра алмайды. Әлсіздік күштілікті туғызатынын, ал жұмсақтық қаттылықты жеңетінін күллі әлем біледі, бірақ, жүзеге асыру ешкімнің қолынан келмейді. Сондықтан ақылман былай дейді: «Кімде кім мемлекет қорлығын мойнына артса, патша болады. Кімде кім ел бақытсыздығын мойнына артса, Аспан астының қожасы атанады.»
Ақиқат сөзі өзінің қарсы мәніне қатты ұқсайды.
81-тарау
Шынайы сөздер әдемі болмас, әдемі сөздер шынайы болмас. Мейірімді кісі ділмар болмас, ділмар адам мейірімді болмас. Дана адам білімдар болмас, білімдар адам дана болмас. Шын данышпан дүние жимайды: адамдарға адал ісін арнаған сайын, соғұрлым мол пайда көреді, адамдарға көбірек берген сайын, қолындағысы арта түседі. Аспан – пайда әкелсін, залал келтірмесін. Данышпанның жолы – күрессіз күрес.
Орыс тілінен аударған: Айбек ОРАЛХАН
«Naizatas» журналы, №6 / 2020
Дереккөзі: «Из книг мудрецов» (Проза древнего Китая), «Художественная литература» Москва, 1987.