…Сағынып үлгердім сені… (Махаббат, сезім жайлы өлеңдер)

 

Ұзақ қарап тұрсаң егер жаңбырға —
бір тамшының көлеміне сыяр күн:
…Тіл тигізіп көргенім жоқ тағдырға,
Тəңірімнен ұялдым.

Жер бетіне тамшылармен тамар күн —
шұғыласы секілденіп қиялдың:
…Жамандығын айтқаным жоқ жаманның,
Жақсылардан ұялдым.

Əр тамшыға сыңар еттім сезімді,
Содан оны жүрегіме құя алдым:
…Сұлулардан алып қаштым көзімді —
Сүйген жардан ұялдым.

Періштедей енген таңғы түсіме,
Табиғаттан таңғажайып сый алдым:
Қатты дауыс көтермедім кішіге —
Үлкендерден ұялдым.

Биіктен кеп, батып жатты тереңге —
Соны көріп, өлімді еске жиі алдым:
…Мен өтірік айтқаным жоқ өлеңге —
Болашақтан ұялдым.

***

Жұлдыздан жарық жеткенше,
Сағынып үлгердім сені,
Жанымнан тұрып кеткенше,
Сағынып үлгердім сені,
Көбелек қанат қаққанша,
Сағынып үлгердім сені,
Қалалар шамын жаққанша,
Сағынып үлгердім сені,
Бір тамшы тамам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Бір шырпы жанам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Бір ойдан қайтам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Бір сөзді айтам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Құс ұшып қонам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Қу көңіл қалам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Зарыңды тартам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Жүгіңді артам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Перронға шығам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Бәрін де ұғам дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
Сағынбан енді дегенше,
Сағынып үлгердім сені,
«Махаббат өлді» дегенше,
Өлтіріп кетші мені!

Ерлан ЖҮніс.

***

Төрт әріп Шырағымды тұтатып ап жаңбырдан,
Мен өзіңді іздеп жүргем тағдырдан
Төрт әріптен есіміңді құрап ап,
Әр тамшыға суретіңді салдырғам!

Арасында әріптердің көнерген,
Сені іздедім жұмбақталған өлеңнен.
Мұң мен қайғы шаршатқанда жүректі,
Сен көріндің шұғылаға бөленген.

Тамырымда маза бермей бір ағын,
Мен өзіңді періштеден сұрадым.
Жолыққанда бұлдырады көзіңнен,
Талай жылдар іздеп жүрген жұмағым.

Кемпірқосақ үстіменен жүгіріп,
Сені іздедім жер мен көктен түңіліп.
Көздеріңе – айнасына ғарыштың,
Құлап кеттім, абайсызда үңіліп.

Әні-міне от шырағым сөнерде,
Тағдырыма басыбайлы көнерде.
Сені таптым, о, алақай!
Періште, Жүректегі сезімдерді көмерде.

Түннен шығып, Бар жарықтан жасқанған,
Сәлем айттым арайланған жас таңға.
Төрт әріптен құралатын атыңды,
Бар сәулемен жазып қойдым Аспанға!

***

Кешкі ода

Сенің ернің – пейіштегі гүл сынды,

Демің сенің – сездіреді тылсымды…

Көзің сенің – Ай жұтылған түн сынды,

Сезім неге мөлдіреген мұң сынды?..

Қара шашың – Қара теңіз толқыны,

Қарашығың – мен адасар жол түбі…

Жүрегіңе сезіле ме, тыңдашы,

Сені аңсаған жүрегімнің солқылы?!

Саусақтарың – жапырағы қайыңның,

Қауырсынның сәулелермен ойыны…

Жанарыңда жасырулы мың жұмбақ,

Көзқараста періштенің пайымы…

Қасың сенің – иілген адырнадай,

Сабырың ше? Құламас қабырғадай!

Кірпіктерің өрнек салар құбылған,

Әр өрнекте тығылған Тәңір бардай!

Қыр мұрының – таулардың сілеміндей,

Нұр-ғұмырың – баулардың тілегіндей.

Қарашы әне, майысқан аппақ гүлді,

Дәл өзіңнің нәп-нәзік білегіндей!

Бар өмірің мен үшін – жарық шашқан,

Төбемдегі жайқалған алып Аспан!

Бітсе менің өмірім жер бетінде,

Құстай болып көрінер жаным ұшқан.

Ұшса егер құс-жаным сағым құшқан,

Ұшса ұшар, бесауат сабылыстан.

Кетсем егер, кетермін бұл жалғаннан,

Саған деген өртенген сағыныштан!

Ақберен Елгезек.

***

Махаббат па?

Махаббат болған еді.

Таудың мен еркін жүрген тағысы едім,

Тапты да,түсірді ғой торға мені.

 

Махаббат па?

Махаббат болған менде.

Жиі барғам аққулар қонған көлге,

Ал қазір тоңған жүрек,солған кеуде.

 

Ғашықтық па?

Ғашық та бола білгем.

Бір-ақ жанға ғашықпын бала күннен,

Жанымменен сүйемін, жанарыммен.

 

Сағыныш па?

Қалай оны тауыса аламын.

Сағынғанмын, шөлдегем,

Ақыры шаршағаным,шаршағаным.

 

Сүйгенім бе?

Сүйгенім өмірде емес.

Ұйықтасам, түнде түсім, көңілде елес,

Өлгенше кетер емес көңілден еш…

Мұқағали Мақатаев.

***

Мың жұлдызы бар болса да…

 

Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,

Бір жұлдыздан тұрады, махаббаттың аспаны.

Сол бір жұлдыз жанады, сол аспанды жарық қып,

Жарықта да түк көрмес ғашық болған жарықтық!

Сол жұлдызсыз белгілі, оның естен танары,

Маңдайда емес, жүректе — Ғашықтардың жанары.

Сол жүрекпен қараймын, сол жұлдызға сүзіліп,

Шаңыраққа ілінді ол, көк аспаннан үзіліп.

Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,

Бір жұлдыздан тұрады шаңырақтың аспаны!

Қадыр Мырза Әлі.

***

Аяймын махаббатты жетім қалған

 

Өкінбеймін біреуді өпсең де өліп,

Өкінбеймін біреуге кетсең де еріп.

Жазмыштың маған жазған пендесіне

Мен-дағы кезігермін көп сенделіп.

Мұң ба екен, Мұның бәрі уайым ба екен?!

Бүгінде ойым бөтен, жайым бөтен.

Қойнына қона алмаған қос аққуға

Қол бұлғап қала берер – қайың мекен…

Жабықпа, жарылқасын бетіңді алдан.

Өткен күн өшкен, көшкен секілді арман…

Болар-ау бәрі де ұмыт, Амалым не,

Аяймын махаббатты жетім қалған.

Исрайыл Сапарбай.

***

Мені ойла

Сеземін сүйген жүрекке

Сағыну соқпас оңайға.

Дегенмен, қалқам, қалайда

Қалт еткен шақта мені ойла.

Таңертең тұр да шықты көр…

Оянған шақта мені ойла.

Шұғылаға шығыс түп-түгел

Боялған шақта мені ойла.

Дүниені нұрлы кірпігің

Қамастырғанда мені ойла.

Талдарға көктем бүртігін

Жаңа аштырғанда мені ойла.

Арадай балға тоймаған

Бал қызғанғанда мені ойла.

Жым-жырт боп тегіс айналаң

Жалғыз қалғанда мені ойла.

Тағатсыз аңсар ынтық үн,

Жаралы хал ғой ғашық хал,

Рояль көрсең бір тілін

Мені ойлап бар да басып қал.

Тек қана көзге жас алма,

Ойлай бер мені күніге.

Махаббаттардың қашанда

Ойламау жеткен түбіне.

Төлеген Айбергенов