Тойда өз-өзіңізді ұстау мәдениеті

Кез келген мереке, мейрам, тойдың сәнін кіргізетін тек басты кейіпкерлері ғана емес, сонымен қатар онда шақырылған қонақтар екенін айтқанбыз. Құрметті қонақ ретінде шақырылған туыс-туған, дос-жарандарыда ол тойға иелеріндей дайындалады. Сәнді киімдерін, сый-сияпаттарын қамдауға кіріседі. Дәл осы қонақтардың тойдағы көңіл-күйлері, онда болатын ойындар мен конкурстарға белсене кірісуі тойдың жақсы өтуіне тікелей байланысты. Үйлену тойында қонақтардың өзін-өзі ұстай білуі, орынды отырып-тұруы той иелері мен қадірлеп шақырған қонақтардың ойынан шықса тойдың жоғарғы деңгейде өткені деп есептеуге болады. Дегенмен, үйлену тойына бірінші рет келген немесе бірнеше рет қатысып жүрген күннің өзінде өзін қалай дұрыс ұстау керектігін білмейтін қонақтар қатары бар. Оның үстіне үйлену тойында қонақтар өздерін қалай ұстау керектігі туралы кеңестер, нұсқаулықтар көп жерде жазыла бермейді. Ендеше назарларыңызға бірнеше кеңестер ұсынамыз көңіліңізге түйе жүріңіз.

Тойға шақырылған қонақтар ішінде, әсіресе алғашқы рет келіп отырған және алғашқы рет қыз жолдас немесе жігіт жолдас болып тұрғандар өздерін қалай ұстау керектігін білмей жатады. Сондықтан болар қонақтар арасындағы қыз-жігіттер ортаға шақырылғанда қысылып-қымтырылып жатады. Дегенмен, әр нәрсені ойлап күйгелектенудің қажеті жоқ. Егер сізге «үйлену тойының құрметті қонағы болыңыз» деп шақыру қағазын жіберген болса, ең бірінші киетін киіміңізді ойланыңыз. Қыздар қауымы көйлекті сатып алатын немесежалға көйлек алатын болсаңыз алдын ала қамданыңыз. Сонымен қатар, тойға арнайы дресс код қойылған болса оны сақтауды қадағалаңыз. Бұл той иелеріне құрметіңізді көретеді.

Екінші кезекте той кейіпкерлеріне арнап алған сыйлығыңыз.  Құрметтеп шақырғаннан кейін құр қол бармай сый құрметпен барған дұрыс.

Келесі кезекте дастархан. Той дастарханы арнайы қонақтар үшін жайылатындықтан онда да дұрыс отырған жөн. Дастархандас болып отырған өзге де қонақтарға ілтипатпен, ықыласпен қарауыңыз керек. Ерсі қыймыл, қасиет көрсетуден аулақ болыңыз. Дастархан мәдениетін сақтауға ерекше мән беріңіз.

Той ерекше қуаныш. Онда келген әрбір қонақ ең жақын деп таңдалып жалпы отбасы мен жастардың жақыны ретінде шақырылады. Сәйкесінше, қонақтарда өздерінің ыстық ықластарын тілектері арқылы жеткізгісі келеді. Бірақ, тілек айтуға келгенде келеңсіздіктердің болатыны жасырын емес. Тілекті тым ұзақ айтып, жүйелі ой білдірмеу тойдың өзгеде қонақтарына ыңғайсыздық тудырады. Оның үстіне ұзақ тілек айту тойдың қызықсыз өтуіне бірден-бір себепші болады. Сондықтан айтар тілектеріңізді жүйелеп, қысқа әрі нұсқа етіп айтуға тырысыңыз. Ал тойдың барынша қызықты ірі көңілді өткізгіңіз келсе оның ережелерін қадағалаңыз. Яғни, шоу-бағдарламада орындалған ойындарға белсене қатысуға, сұралған заттарға жауап беруге, орындауға тырысыңыз. Бұл өзіңіз үшін де өзге үшін де тойды керемет әсерде өткізуге ат салысқаныңыз. Қалыңдық пен күйеу жігіт және олардың отбасы тойды жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін, қонақтардың көңілінен шығу үшін барын салып дайындық жасайды. Сондықтан олардың да сенімін ақтауға тырысу керек.

Қонақтардың тағы бір тобы тойға кішкене сәбилерін алып келетіндер. Тойда сәбилер үшін арнайы аниматорлар болатыны белгілі. Бірақ, сәбилердің барлығы бірдей аниматорлармен ойнап кетуге немесе тынышты болуға үйренісе бермейді. Оның үстіне түн ортасына дейін жүргеннен сәбидің мазасы кетуі мүмкін. Сондықан, тойға сәбимен келгенде оның күтімін алдын ала ойластырып келгеніңіз дұрыс.

Кез келген жерде қонақ ретінде болмасын басқа болсын өзімізді мәдениетті ұстанатынымыз белгілі. Тойда да дәл сондай өзіміздің мәдениетіміздің жоғарылығын таныта білуіміз керек. Сол жағдайда тойдың да өзіңізге ұнайтыны көңілді өтетіні, естеліктер қалдыратыны айқын.

Дереккөз: toibiznes.kz