Жүрсін ЕРМАН. …деген екен

Тағы бірде Жүрсін Ерман жолаушылап келе жатып жанындағы адамдармен бір ауылдағы үйге құдайы қонақ болыпты. Көгілдір экраннан көріп жүрген адамды көзбен көргенде есі шығып кеткен үй иесі сасқа­лақтап «Жүке, қош келдіңіздер, сіздер­ге ет асайық па, әлде қуырдақ қуырып жіберсін бе?» деп жүгіріп жүр дейді. Сонда саспайтын Жүкең «Үйлеріңізде қазандарыңыз біреу-ақ па еді?» деген екен.

***

Бір күні Қазақ радиосындағы Бас директор Жүрсін Ерманның кабинетінің алдында отыратын хатшы қыз қазіргі жастардың сән үлгісі бойынша екі құлағына үлкендігі өзінің басының жартысындай дөңгелек сырға тағып келіпті. Соны байқаған Жүкең: «Қарағым-ау, құлағыңа люстра тағып алғансың ба?» деген екен.

***

Ақтаулық айтыскер ақын Нұрлан Мұсаев үйленіп, құдалық тойына Жүрсін Ерман ағамыз барады. Нұрланның қасындағы күйеу жолдасы қарынды, алып денелі, еңгезердей «нән» жігіт екен. Әлгі жігіт Жүрсін ағаны көріп, амандасуға қасына келеді.

Жөн сұрасып болған соң Жүкең әлгі жігіттің тұлғасына таңғала қарап тұрып «Атың кім сенің?» деп сұрапты. Жігіт жолдас «Атым – Қосқали» десе, Жүрсін ағамыз күліп тұрып: «Атыңды дұрыс қойыпты, әйтпесе сенің мына түріңе бір Қали аздық етеді» деген екен.

***

Жетісудың сөзұстарлары Есенқұл Жақыпбеков, Ермек Жұматаев, Оразалы Досбосыновтар шариғатты жақсы білетін бір имамға барып уағыз тыңдап отырады. Уағыз қызған кезде имамның бірнеше шәкірті кешігіп келіп отырады. Сол сәтте уағыздың қызығына кірген Ермек байқамай ауызын кеңірек ашып есінеп қояды. Қасында отырған жаңағы шәкірттердің бірі «Есінегенде ауызыңызды қолыңызбен жабыңыз, әйтпесе шайтан кіріп кетеді», – деп ескерту жасайды. Сол сәтте Ермек жұлып алғандай: «Шайтан бағана біз кіргенде жоқ болатын, сізбен бірге ілесіп келмесе», – деген екен.

***

Бірде Жүрсін Ерман мен жары Бақытжамал екеуі Астанаға келгенде досы, ақын Несіпбек Айтұлы үйіне қонаққа шақырады. Алыстан ат терлетіп келген қонақтарға арнайы қонақасы беріледі. Бір-бірін көптен көрмеген екі құрдас дастархан басында әдемі әзілдесіп отырады. Бір кезде Несіпбек жақында немересі үйленетінін айтып, Жүкеңе «Мен енді Алла бұйырса шөбере сүйіп ата емес – баба болам, сен далада қалдың» деп қалжыңдайды. Жүкең болса «Сен баба болсаң боларсың, ал сонда кемпірің кім болады?» деп сұрайды. Несағаң «Кемпірім кейуана болады» депті. Жүрсін қулана күліп алып, «Е, онда кейуананың күйеуі баба емес, диуана болады ғой» деген екен. Досының тапқырлығына риза болған Несағаң бастаған дастархан басындағылар ду күліпті.

***
Бірде Қарт Каспийдің жағасындағы Ақтау қаласында дүбірлеген айтыс өтеді. Айтысты ұйымдастырушылардың ішінде намаз оқитын діндар азаматтар да бар екен. Сол ұйымдастырушылардың бірі адамдармен қоштасқан кезде «Иншалла, жұмақта жолығайық» деген сөзді әдет қылса керек. Айтыстың соңында әлгі намазхан жігіт келген қонақтармен қоштасып тұрып, әдеттегі сөзін қайталай береді. Содан мезі болған Жүрсін: «Сен елдің бәрін жұмаққа шақырып алып, біз барғанда өзің болмай қалып жүрме!» депті.

***

Ақын Рафаэль Ниязбеков бір отырыста Жүрсінді мақтауын жеткізейін деп: «Жүрсін деген арыстан кеуделі, жолбарыс жүректі азаматымыз ғой» деп бастай жөнеліпті. Оңтайлы сәтті қалт жібермейтін, қазақы қалжыңға жүйрік Жүкең: «Оу, Рафеке, мақтаймын деп менің кеудемді зоопаркке айналдырып жібердіңіз ғой» деген екен.

***
Алматы қаласындағы бір думанды тойдың үстінде жетісулық әнші Нұржан Жанпейісов қазақтың халық әні «Жиырма жеті қызды» шырқайды. Тойға келген қонақтардың ортасында отырған Жүрсін Ерман үзіліс кезінде кездесіп қалған әншіге «Нұржан, жаңағы орындаған халық әні бұрында «Он алты қыз» сияқты еді ғой. Қалған он бірі қайдан келген? Оралмандар ма?» деп жұртты ду күлдіріпті.

***
Алматыға айтысқа келгенде ақшасы таусылған ақындардың біразы Жүрсін Ерманнан қарызға ақша алып жүреді екен. Алған ақшаларын кейде қайтарады, кейде ұмыттырып қайтармайды дегендей. Сондай бір айтыстың кезінде Жүрсінге еркелеп жүрген екі інілері қарызға ақша алса керек. Айтыстың соңында Жүкең әлгі екі ақынды сахнаға мақтап отырып шақырып, қолдарына «арнайы сыйлық» деп бір-бір конверттен ұстатады. Айтыстан жүлде алдық деп марқайған ақындар сахна сыртына шығып конвертті ашса, ішінде ақша емес, бүктеулі ақ қағаз жүр дейді. Сөйтсе Жүрсін бір суретшіге екі саусақтың арасына бас бармақты шығарған суретті салдырып, конвертке салып қойған екен. Қарызды қайтарып алудың әдісін ойлап тапқан Жүкең екі інісіне дайындаған «арнайы сыйлығын» ел алдында тапсырып, конверттің ішінен өзінің қарызға берген ақшасын алып қалған екен.

***
Жүрсін Ерман Қазақ радиосын басқарып жүрген кезде жақында ғана тұрмысқа шығатын хатшы қыз «ауырдым» – деп сылтау айтып жұмысқа бірде келіп, бірде келмей жүріпті. Хатшы қыздың сылтауынан мезі болған Жүкең: «Егер күйеуге тиген денсаулығыңа жақпаса ажырасып кет» деген екен.

***
Парламент Мәжілісі тарағаннан кейін бір үйде қонақта отырған бұрынғы депутат Бекболат Тілеухан: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, Аздырар адам баласын деп, Абай дәл айтқан. Сол замандағы Абай атамыздың сөзі қазіргі біздің жұмыссыз жүрген жастарымызға айтылған сияқты» деп өз пікірін ортаға салып отырады. Сонда қонақтардың арасында тыңдап отырған Жүрсін: «Бекболат, сен осы қазір жұмыссыз жүр емессің бе?» депті түк білмегендей.

Ел аузынан жинаған: Серікзат Дүйсенғазин

Дереккөз: qasym.kz