…Жаман қатын алмаңыз

Жал, құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз.
Қалың малы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз.
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас.
Жаман қатын алғаның:
Төркініне бере алмай,
Төсегіне жата алмай,
Тең құрбысы келгенде
Оңды жауап қата алмай,
Жалғанда қор болғаның.
Таудан аққан тас бұлақ,
Тасыса құйыр теңізге.
Қанша малы көп болса,
Бай қуанар егізге.
Жаманнан жақсы туса да,
Жақсыдан жаман туса да,
Тарпай қоймас 
негізге.

***

Бұқар жырау.

Ай не болар күннен соң?

Күн не болар айдан соң?

Құлпырып тұрған бәйшешек

Қурай болар солған соң.

Хандар киген қамқа тон

Шүберек болар тозған соң.

Еңсесі биік кең сарай

Мортық болар бүлген соң.

Төрде отырғанқарт бабаң

Төресінен жаңылар малдан соң.

Төркіндеген бикешің

Тіркеусіз о да қайтар малдан соң.

Доңғалақ арба жүре алмас,

Қос арысы сынған соң.

Жігіт жақсы бола алмас

Алғаны жаман болған соң.

Қос-қос орда, қос орда

Қосыла қонбас малдан соң.

Қоспақ өркеш сары атан

Қом жасамас майдан соң.

Төс аршынды сұлуың

Сілкіп төсек сала алмас жардан соң.

Байдың ұлы көрпелдес

Шұбалаңқы тартады

Айдап жүрген малдан соң.

Үлдемен басын ораған,

Семсермен шашын тараған,

Қиғаштап қасын қараған,

Күлгенде күрек тісі қасқайған,

Қынайда белін буынған,

Ол не болар ерден соң?

Бұқар жырау.

***

Жиырма тоғыз харіптің,

Жайын білем керек-дүр.

Төрт ярдан шыққан би болар,

Ақылы асқан дүр болар,

Мынау бір жалған дүниеде,

Малы көп кісі би болар.

Көпке тентек, ез, қисық,

Қамшыменен ій болар,

Ер басына күн туса,

Бұта түбі үй болар.

Ат басына күн туса,

Көксімдегі күй болар.

Көңіл азып, тон тозса,

Берген көйлек кез болар.

Аштықта жасық та болса

Ұдай абзал сол болар.

Сүйтіп ердің алдынан,

Ақыл сұрасаң азбассың,

Көпті көрген көнеден,

Қасиет кетті төреден,

Мейір кетті пендеден,

Ғаділдік кетті билерден,

Абырой кетті әркімнен.

Қайын енесі ас ішпес,

Қабағын түйген келіннен.

Жалғыз Құдай болмаса,

Енді үміт жоқ өзгеден.

Шортанбай жырау.