Қиындық кезең сындары
Ерліктің отын маздаттың.
Соғыстың сұрапыл жылдары —
Тағдыры талай боздақтың.
Аттанып ердің дүрмегі,
Отан деп келді сөз басы.
Соғыстың күңгірт күндері —
Жесірдің ащы көз жасы.
Алыстап жылдар барады,
Білініп уақыт бағасы.
Соғыстың зарлы заманы —
Жетімнің қайғы, наласы.
Ерлікке толып өткені,
Ұмытылмай тұрды ер ісі.
Соғыстың соңғы көктемі —
Солдаттың асқақ Жеңісі.
Жақыны қамығып ойланған,
Тағдыры солай болса бір.
Оралмай қалып майданнан,
Хабарсыз кетті қаншама ұл.
Өссе де ұрпақ тербеле,
Демейік өткен солғындар.
Ұмытылмай жатсын кеудеде
Соғысты көрген тағдырлар.
Салмағын содан ұғасың,
Жеңістің білсең бұл күнін.
Осынау күннің куәсін
Құрметтей, ұрпақ, жүр бүгін!
Ғабиден Қожахмет.
***
Өтсе де күн, есімің ескерілер,
Ұрпағыңның жадынан өшпедіңдер.
Соғыс жылғы Аналар, өйткені рас,
Болмысы асқақ, өзгеше, басқа едіңдер!
Жан едіңдер қашаннан елдікті ұғар,
Сол бейнеңде өшпейтін ерлік тұрар.
Ұлылығыңа орнатса бір ескерткіш,
Алтынның да бағасы кемдік қылар.
Соғыс үзді шаттықты ән-жырларыңды,
Бес қаруын бойына ұл да ілді.
Біледі ұрпақ оларды қан майданға
Шығарып сап үмітпен тұрғаныңды.
Тыныштықтың сілкінтіп соғыс таңын,
Көрді ұлдардың дұшпанмен алысқанын.
Берді оларға күш-қуат ақ тілегің,
Түсірмеді ерге тән намыстарын.
Ұялатар Ана ғой санаға арман,
Жетелейтін сол үміт баланы алдан.
Намысты ұл да туатын шығар, бәлкім,
Өздеріңдей намысты Аналардан.
Алмақ боп жау бейбіт ел қалаларын,
Оқ даусы үзді бөбектің балаң әнін.
Сонда ұлдарың майданда сәбилер мен
Қорғап қалған олардың Аналарын.
Жоғалтпады сол сында боздақ арын,
Соғыс кейде қайғының қозғады әнін.
Өздерің де бауырға басқансыңдар
Пана іздеген ұл-қызын өзге ананың.
Ана сезім ортақ қой балаға да,
Перзент те ортақ көрінер бар анаға.
Бөлінбейді бұл жүрек ұлтқа мүлде,
Сыймайды екен бұл сезім шекараға.
Намысы боп тілеуің жорықтардың,
Алаңдаумен жүрегің торыққан мың.
Сол жылдардың Анасы, мәңгі өздерің
Аналары солдаттың болып қалдың!
Келер деген беріліп сенімге ерен,
Мейірімдерің ортақ боп, бөлінбеген.
Ана болу сарбазға қашанда да
Отанына Ана ол болу деген.
Өтті уақыт.. Ана-үміт, Ана-арман
Құлындарын тосумен жараланған.
Соғыс бүгін кешірім сұрай қалса,
Сұрау керек алдымен Аналардан.
Пейілі де, бір болған тілегі елмен,
Сол ақ тілек Жеңіс боп күле келген.
Мың дастанға лайық жансыңдар-ау,
Жетпейді екен болмысың бір өлеңмен!
Ғабиден Қожахмет.
***
Майдангерлер
Қан майданның жүректе жарасы бар,
Қайғысы мен зілі бар, наласы бар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Ардагерлер азайып барасыңдар.
Қастерлейді халқымыз қаһарманын,
Жүр есінде сан жарық, сапарларың.
Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер,
Қалды-ау сиреп бұл күнде қатарларың.
Ерлік сүйген еліңе салтың ұнар,
Жүздеріңде жанған от жарқылы бар.
«Соғыс» деген салмағын жалғыз сөздің,
Бүгінгі ұрпақ өздерің арқылы ұғар.
Жасқанбаған жауынан жарақты ер,
Ерлігіңді аңыз ғып таратты ел.
Қаһармандық дегенді кейінгі ұрпақ,
Жүздеріңе сендердің қарап білер.
Дарқан мінез, дария ой, дара шыңдар,
Жарқын жүзді, жүрегі ақ, жаны асылдар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Майдангерлер азайып барасыңдар.
***
Майданнан хат
Жапанда жүрген сандуғаш,
Бәйшешектей біздің жас.
Ата-ана еске түскенде,
Шарап ішпей болдым мас.
Ойланбай жүру жарамас,
Секілденіп ауыр тас.
Қандай күйде жүр екен,
Ата-ана мен қарындас.
Бетімен кеуіл жайылмас,
Ағайлармен хабарлас.
Байжұман, Есхан, Оспанға,
Хат салмай тұру жарамас.
Қысқа сөз болар татымды,
Білесің менің атымды.
Көзімдей көріп оқыңдар,
Осынау жазған хатымды.
Сағындым сізді анасы,
Мен көзіңнің қарасы.
Ананы қалай ұмытар,
Саналы адам баласы.
Жазсам ойым таусылмас,
Әр нәрсеге болдым мас.
Күләмза еске түскенде,
Тыйылмай кетер көзден жас.
Сағындың ба бауырым,
Майдандағы ағаңды.
Келесі жылы барармын,
Келтірсе Алла шамамды.
***
Көзінде отты жасын бар,
Сан жырлар оны жаңа ұрпақ.
Келешек, Ұлы ғасырлар
Баукеңе қарар таңырқап!
Жеңілден безіп әманда,
Үлесін алған ауырдан,
Күрделі біздің заманға
Ұқсайды Қайсар Бауыржан!
Аялап оны алыста
Тербеген дала бесігі.
Бауыржан болып Соғыста
Жарқ етті Қазақ есімі!
Өрт кешкен отты жылдарда
Шынығып өсті өр тұлға.
Сүйеу боп Сұрапылдарда
Даласы тұрды артында.
Аға боп майдан өрінде
Сан ұлттың ұлын баураған,
Жүргенде Ол туған жерінде
Жеңілмес Антей – аумаған.
Жауына тізе бүккен бе,
Ел үшін шығып жекпе-жек,
Өмірді сүйгендіктен бе
Өлімге барған… Бетпе-бет!
Болса да бірі жалпының
Көрмеді оған дарып оқ!
Өзінің туған халқының
Қалды Ол – Аппақ ары боп!
Ақиқат естен танары –
Жүрегі жаудың шайлыққан.
Қадалса шоқты жанары
Ажал да… Одан қаймыққан.
Ыза-кек өртеп өзегін
Майданда жалын құшқанда,
Шын сүйгендіктен өз елін
Қаһарлы болды дұшпанға.
Жықпастан туын Елдіктің
Жеткіз деп келер таңдарға
Тапсырды: Өрлік, Ерлікті –
Болашақ Бауыржандарға!
***
Қаһарман
Мың құбылып тұрса-дағы бар маңы,
Адамзатты алға бастар Ар заңы!
Мір оғындай Момышұлы Бауыржан –
Туа біткен туралықтың тарланы.
Әрбір сөзі жас ұрпаққа – тағылым,
Бойға жиған ақылы мен сабырын,
Өмір бойы шындық үшін күресіп,
Жалғандықтың тіліп түскен тамырын!
Жауынгерді айналдырып құрышқа,
Тайсалмастан кірген талай ұрысқа.
Ұрпағына үлгі болған ғұмырын
Ұқсатамын жарқылдаған қылышқа!
Жүру үшін тура жолдан бұрылмай,
Ар мен Намыс бірге туған ұғымдай.
Біздер үшін рухы биік Бауыржан
Батырлық пен Ақиқаттың туындай!
Ұшқыр ойды от-қайраққа жаныған,
Туған елді өз үйім деп таныған,
Жалындаған жастар керек еліме
Батыр баба қасиеті дарыған!
Қос қолы бірдей жаралы
Дәрмені қайсы Рашидтің?
Ашылып жаудың араны,
Кейібіне кірді аш иттің.
Оқ болып жанды оғат от,
Шығатын одан жол қайда?!
Партбилетін қолына ап,
Қатты қалды сол бойда.
Аша алмай қойды немістер
Батырдың қолын қан қылып.
Осындай ғажап ер істер
Жасай берер мәңгілік.
«Ала алмайсың, — деді батыр,
Дұшпанына, — еркімді.
Кең жерімді туған өрт салып,
Бұза алмайсың көркімді!»
Жолын бөгеп дұшпанның
Құрбаны болды қайран ер,
Ер боп туған адал баласың,
Қойнына алды туған жер.