Үйлену той үрдісі бірнеше дәстүрлер сатысынан тұрады. Бұл туралы айтып та, жазып та жүрміз. Оның үстіне той дәстүрлері жайында қай қайсымыздың болмасын айтарлықтай білеріміз бар. Некелесу барысында өтетін барлық салт дәстүрлер өз реті және орнымен орындалады. Оған қоса үйлену тойынан кейін, яғни той өткеннен кейін келесі күні өткізілетін дәстүрлер рәсімдер түрлері бар.
Мысал ретінде жақында ғана мақалаға шықан «ілу», «өңір салу» дәстүрлерін айтуға болады. Қазақ халқының осы және басқа да салт-дәстүрлері, жөн-жоралғылары, ырым-тыйымдары qazaqytoi.kz сайтында жарияланып тұрады. qazaqytoi.kz сайты тек өнімдер мен қызметтер, ғимараттар, мейрамхана/тойханалардың, сұлулық қызметтерін, безендіру, сыйлықтар жарнамасын жариялаудан бөлек ұлттық салт-дәстүрлерге арналған ақпараттық алаңын да ыңғайлы жасаған.
Онда ұмытылып бара жатқан, қазірде орындалып жүрген және болмысын өзгерткен дәстүрлер, рәсімдер және дағдылар жайында ақпарат жарияланып тұрады. Бұл арқылы біз өзіне керекті қызметті іздеген қолданушыларға кез келген қызмет түрін ұсыну мүмкіндігімен қатар, дәстүрлер туралы тың ақпараттарға қанығып, өз білетінін толықтырып, жаңа ақпарат алса дейміз.
Әр жолғы мақала бір салт-дәстүр, рәсім туралы ақпарат береді. Бұл жолы біз «Сәлем салу» жайында баяндаймыз. Келіннің сәлем салуыөзі түскен отбасының мүшелеріне деген ізеті мен ақ ниетін білдіреді. Ең бастысы бұл отбасында алған тәрбиесі. Келін ата-енесіне, ата-әжесіне, қайын аға, қайын апаларына сәлем салу арқылы өзінің үлкенге деген құрметін, инабаттылығын көрсетеді.
Беташар кезінде жарының бүкіл туыс-туған, дос-жаран, таныс-білістеріне сәлем салған келін алдағы уақытта да бұл салтты дағдыға айналдыруға міндетті. Келін болып түскен келесі күннен бастап-ақ отбасындағы қызметі басталатын келіннің басты міндеті осы сәлем салу десе де болады. Себебі, таңертен ерте тұрып, ата-енесінің суын дайындап, шайын жасап, сәлемін салып дастархан басында күтіп алуы керек. Бұл әдептілікті, тәрбиені көрсетеді. Келіннің әрекеті, қылығы, сөзі оның алған тәрбиесінің басты айнасы. Сондықтан болар келіннің еткен қызметіне қарай оны жақын тартып, қызындай көріп жататыны.
Жалпы сәлемді қалай салу керек?
Бұл жағынан біз көбіне қазақ халқының салт-дәстүрлерінің жалпы болмысы бірдей болғанымен, Қазақстаның әр аймағында әртүрлі орындалатынын ескереміз. Сол сияқты, сәлем салу да әртүрлі орындалады. Мысалы, батыс Қазақстан келіндері бір қолын тізесінің үстіне қойып сәл тізесін бүгіп сәлем салса, оңтүстік келіндері екі қолын айқастыра алдына қойып иіліп сәлем салады, ал солтүстік және шығыс келіндері көбіне сәлем салмайды. Олар тек беташарда алғашқы сәлемдерін салады. Әрине, ескере кету керек қай облыста тұрмасын бұл отбасының жеке шешімі. Егер жігіттің ата-анасы келіндерінің күнде таңертеңгісін тұрып сәлем салуының қажеті жоқ деп шешуі мүмкін. Бұған ешкім де қарсылық білдіре алмайды.
Ал жас келіннен сәлем алған жасы үлкен кісілер «көп жаса» деп батасын беріп, ізгілігін танытады және бұл жас келіндер ғана орындайтын салт емес. Себебі, қанша жасқа келсе де қара шаңырақтың келіндері көзі тірі ата-енесіне сәлем салып разылығын алады. Бұндай жайттар бүгінгі күні де аз емес. Қазағымыздың кең пейілі осыдан да байқалады ғой шіркін!
Дегенмен қазақ халқының ерекше әдемі және керемет салтының жойылып кетуіне жол бермеген дұрыс. Оның үстіне сәлем салу қандайда бір мүмкіндіктерді талап етпейді. Сондықтан да, қандай жағдайда болмасын дәстүрлеріміздің жалғасын тауып, мұра ретінде қалуын қамтамасыз ету керек.