Бұйырмаған дәм

Ес-ағаң өмірінің соңғы жылдарында буын ауруымен ауырды. Кейде аяқ астынан мазасы болмай қалатын. Менің мерейтойыма келгенде де дастархан басынан ертерек кетіп қалғаны есімде.
Тамақты да әбден талғап ішетін. «Өй, маған болмайды ғой…» деп отыратын.
— Баукен, маған тек жүгері жеу керек екен, — деді бір күні телефондап, — дәрігерлер солай деп отыр. Сен Бесқаладан жүгері алдырсайшы.
— Шекара жабық қой, аға! Расында да, карантин босаңсығанымен Өзбекстанмен арадағы шекара әлі ашыла қоймаған уақ еді.
— Шекараны бұз, — деді ағам қарқылдай күліп. Ары қарайғы әңгімеміз қарақалпақтар «Жуері гүртік» дейтін жүгері күртікке ауысты. Бала кезінде жеген екен. Мен сұрастырып, хабарын беретін болдым.
— Өй, «Алтын орда» базарында жүгері толып тұр ғой, — деді Шамалғандағы жеңешеме звондағанда. — Тек түйетауықты таңдап алған жөн. Қап, мен өткен аптада ғана сатып жіберіп ем. Бесқаладан түйетауықты арнайы алып келіп, көбейтіп, сатып отырғандар бар. Шамалғанның базарына келсе, таңдап алады.
Мына хабарды естіп, Ес-ағаң балаша қуанды: «Шопырымды жіберейін».
— Ай, Баукен, балалар интернеттен қарап жасап еді. Тәп-тәуір шықты. Бірақ бәрібір бірдеңе жетпей тұрған сияқты. Бала күнімде таңдайымда қалған дәм басқаша сықылды еді, — деді кейін звондап.
— Мен жігіттерге айтайын, аға! Сізді қонаққа шақырып, жүгері күртікке мелдектетіп жіберсін, — дедім күліп.
— Сөйтші, — деді ағам кеңкілдей күліп, — рецебін алып алсақ, сосын үйде жасай береміз ғой.
Дереу Куатбек Хайруллаев досыма телефондадым. Шетелде жүр екен. Мән-жайды естігенде ол қатты қуанды. «Апыр-ай, Бауке, Ес-ағаммен қалай таныссам деп жүр едім, мынауың ғажап болды ғой. Келе салып хабарласамын».
— Қуатбегің звондады. Өзі мықты жігіт қой деймін. Әңгімесі ұнады. Кімдерді қоса шақырайын дейді. Мерекені, Адайбекті қос дедім. Шымкентке барып келуім керек. Сосын барамыз Қуатбекке. Қай күні екенін өзім айтамын дедім, — деді ағам бір күні (Содан кейін «Едіге» дастанының қарақалпақша нұсқасын іздеп хабарласып, оны тапқаннан кейінгі көңіл-күйі туралы бұрын жаздым).
…Қуатбек телефон соқты: «Бауке, Ес-ағаңнан хабар болмай, ұзап бара жатқасын звондап ем, алмай тұр. Сен хабарласып көрші». Мен де күнде телефондап жүргеніме көп болған. Звонок барады, алмайды. Вацабын оқымайды. Сөйтсем…
…Алланың жазуына шара жоқ қой. Бұйырмаған ас екен…
…Бүгін — Ес-ағаңның дүниеден озғанына 2 жыл толды. Рухы пейіштің төрінде шалқығай.