Аққу, шортан һәм шаян
Жүк алды Шаян, Шортан, Аққу бір күн,
Жегіліп, тартты үшеуі дүркін-дүркін.
Тартады Аққу көкке, Шаян кейін,
Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін.
Бұлардың машақаты аз болмады,
Жұмысы орнына кеп мәз болмады.
Тартса да бар күштерін аямай-ақ,
Аслан жүк орнынан қозғалмады.
Оншама ол жүк артық ауыр емес,
Құр сырттан «пәлен» деу де тәуір емес.
Жүк бірақ әлі күнге орнында тұр,
Бырыңғай тартпаған соң бәрі тегіс.
***
Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,
Әуелі бірлік керек, болсаң жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас.
Бірлік
***
Бірлік керек, бірлік керек, ағайын!
Елдің басын біріктірер әрдайым.
Ал болмаса ашу-ыза бойда бар,
«Әйт ! Әйт !» десе қырқысардай жағдайың.
Қайран қазақ, арлы қазақ, қалай-ай,
Қалпақпенен ұрып алды –ау, жаулар-ай.
Өзің түгіл көлеңкеңнен қорқатын,
Орыс, қытай айдап салды-ау жоңғарды-ай.
Бірлік керек, бірлік керек, ағайын!
Аса түссін бибітшілік жағдайың.
Елбасың да, ел-жұртың да, құтты бол,
Алатаудай мызғымайтын сынбайтын!
Бірлік керек, бірлік керек, ағайын!
***
Ұлы достық
Нәсілдерге нәсіл болсын нұрлы күн,
Ынтымақтың шертсем деймін бір жырын,
Татулығын жырға қосам ұлттардың
Мақтан қылып ұлыстардың бірлігін.
Достық тапса діндер менен ділімді
Салт-дәстүрлер сыйға ұласты бүгінгі,
Бір туғандай ұлтаралық келісім
Бір көтерген басқа түскен жүгімді.
Серт берісіп туыс болып қалуға
Нәубеттерден аман жеттік дамуға,
Байтақ елдің биік ұстап байрағын
Біздің достық мәңгі болып қалуда.
Тілі бөлек болғанымен тілек бір
Ұлы достық мәпелеген жүрек гүл,
Қазақстан бар ұлысқа шаңырақ
Шайқалмастан шаттығымыз тіреп тұр.
Қуаныштан желпілдейді түндігім
Бар халықтың бірлік тойы күн бүгін,
Халқым мәңгі ғұмыр кешсін бақытты,
Бір тамырмен байлап қойған кіндігін!!!
Махмет Қажиахметов.
***
Тіріңде тура болсаң ту ұстарсың
Тіріңде тура болсаң ту ұстарсың,
Боғыңды бұзық болсаң, уыстарсың.
Жамандық жақын түгіл, жатқа ойлама,
Өзіңмен о басында туысқансың.
Жатсаң да жардай құлап, жаны ашымас,
Көңілі көптің сенен суысқансың.
Болыңдар бір-біріңнің тілегінде,
Бірлікке белдеріңді буысқансың.
Алынбай алдарыңнан аң кетпейді,
Топтанып тұс-тұсынан қуысқансың.
Сөздерің сөйлейтұғын осы болсын,
Таңертең тұрып бет, қол жуысқансың.
Десеңдер, бақ басыма баяндасын,
Қоңсы үшін қарындарың қуыс қалсын.
Тұрмағамбет Ізтілеуұлы.
***
Әр алуан тірлікпен
Әлемде жатыр мыңдап ел.
Айнымас достық, бірліктің
Аймағын көрсең, мұнда кел!…
Теңсіздік терең көмілді,
Шаттықтан шалқып өнді үнім,
Баршасы мұнда көңілді.
Ақ, қара, сары өңдінің…
Артықша таза моральды
Ақ, қара жігі, қыз қандай!
Махаббат қайта жаралды,
Жүректен жүрек қызғанбай.
Күндерден ортақ сыбаға,
Күресте дайым біргеміз.
Арада жол жоқ сынаға,
Мәрмәрдай тұтас іргеміз.
Өлкемде өлмес тірі аңыз
Қалады жаздан, қыстан да.
Жұрағат жұрттар тұрамыз
Осындай Қазақстанда…
***
Достар! Достар! Мен сендерге қостым үн,
Сендер барда жоқ қой менің еш мұңым.
Достық болып оралады өзіме,
Өздеріңе жасап жүрген достығым.
Болсадағы қазан басқа, от басқа,
Жарасады жүрісіміз топтасқан.
Бәріміздің мұңаяды жүзіміз,
Бірімздің көңіліміз «тоттанса».
Болсын аулақ тоттану мен мұңдану,
Одан да біз достық жырын тыңдалық.
Жүрегіміз ақ таңменен апталсын,
Қалсын шетте қап-қара боп түн налып.
«Есепті дос айырылмайды» дегенге,
Мақал ғой деп, бір айтыспай көнем бе?
Тек достықтан қуат алып тұрғандай,
Ып-ыстық қан жүйткіп жүрген денемде.
Достық деген өлшенбейді безбенмен,
Қасиетін ұга алмайды кез келген.
Достық деген Қыз Жібектей ару ғой,
Төлегенге семсер ұстап, сөз берген!
***
Достық
Ғажап қой мына өмірде дос дегенің,
Көбейгенін досымның қош көремін.
Көрген жанға жылы қабақ танытсам,
Әр баласын қазақтың дос көремін.
Достарыммен әрқашан мақтанамын,
Өздеріңмен өмірден бақ табамын.
Ұлы ұғым болса-дағы үш әріп,
Солар менің байлығым мен аппақ арым.
Құдай сүйген жасамайтын күнәлар,
Достарым бар бір мен үшін тым адал.
Мен қайғырсам менімен бірге қайғырып,
Мен қуансам, шын жүректен қуанар.
Жүрегімнің жыр бағынан жыр үзіп,
Достық жайлы өлең жаздым бір үзік.
Жүрген досқа жаныңдағы не жетсін,
Жүрегіңді жүрегіңмен түсініп.
***
Берік болса бірлігім
Берік болса бірлігім –
Биік болар жұлдызым.
Бақытты боп ұл-қызым,
Күлімдесін нұр-жүзім.
Қанатымыз талмасын,
Биіктерге самғасын.
Туған жерге ақындар,
Жақсы өлеңін арнасын.
Алмат Исаділ.