«Береген қолым – алаған…»

Қазақ ғұламасы Мәшһүр Жүсіп айтады:

«Қазақ деген қызық халық: өзі айтады, өзі түсінбейді». Қазақ баласына «Құдайберген», «Алдаберген (Аллаберген)» деп ат қояды да, Алла Тағаланың не бергенін өзі білмейді. Білсе, әлемдегі ең бай ұлт қазақ болар еді.

Бұрынғы қазақ малды (ақшаны) Иесінен – Құдайдан сұраған, сондықтан бай болған, бағлан болған. Және қалай сұрауды білген: «Бермейтін Құдай болмайды, сұрауы жетпейді, ауатын жүк болмайды, бұрауы жетпейді».

Құдайдан сұрау әдебі: «Бер де – сұра!», «Берсең – аласың, ексең – орасың». Немесе:

«Шығыс болмай, кіріс болмайды», «Береген қолым – алаған».

Ал, біз Құдайдың Өзінің берген түкке тұрмайтын малын Өзінен аяймыз, сөйтіп отырып: «Құдай бермеді» деп ренжиміз. Бабаларымыз осының бәрін беске білген, сондықтан да, осынша ұлан-ғайыр жерге ие болып қалды: ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен ғана емес, экономикалық санасы жоғары болғандықтан, қаржылық сауаты мықты болғандықтан.

Ал біз ше?

Көрінгенге қол жайып өз қадырымызды өзіміз кетіріп жүрміз. «Малды не қара жерден, не аққан терден сұрау керек» дейді ата қазақ.

Ал Сіз кімнен сұрап жүрсіз, Ағайын?!

Омар Жәлелдің фейсбук парақшасынан алынды.