Адамды сүю деген не?

Адамды сүю — үлкен өнер!
Адамды сүю арқылы Құдай Тағаланың махаббатпен бізді жаратқанда әуелден бойымызға шақтап берген сипаттары мен қасиеттері ашылады. Бұл терең ойды әулие Мәшһүр Жүсіп: «Құдайдың құдіреті адам арқылы көрінеді» деп тұжырыпты.
Құдай Тағаланың адамды жаратқандағы жаратылыс мақсаты Өзінің бойындағы сипаттары мен қасиеттерін паш ету, Өзінің құдіреті мен шеберлігін көру болды десек, Оның бұл мақсаты адамның өзі сияқты адамды сүюі арқылы жүзеге асады екен.
Жаратушының бұл хикметін кәміл ұққан дана Қазақ: «Адамның күні аддаммен» депті. «Күн», бұл жерде, «өмір», «ғұмыр», «тіршілік», «болмыс» деген семантикалық мағыналарға ие.
Осы қатарда бізге дөп келетіні — «болмыс» ұғымы. Қанатты сөзді осы тұрғыдан қайта оқыр болсақ: «Адамның болмысы тек қана адам арқылы ғана ашылады» деген ой өрнегі алдымыздан шығады. «Болмыс — бола білу қабілеті» (Мартин Хайдеггер). Қазақшаласақ: «Адам бола білу қабілеті».
Біздің кейде: «Менің күнім саған қарап тұрған жоқ!» деп шалқақтайтынымыз бар. Қате пікір. Егер сен шын мәнінде Адам болғың келсе, кез келген адамға адами қарым-қатынаста болуың керек. Адами қарым-қатынас үлгісін бізге Абайдың шәкірті Шаһкәрім үйретеді:
Не қылсаң, қыл адамға махаббат деп,
Мейлің сөк, мейлің үйрет, айла ізденбей.
Ол сүюің шын болсын, жалған емес,
Бұлдыр болма өзіңе өзің сенбей.
(Жалғасы бар)
Омар Жәлелдің фейсбук парақшасынан.