«Қай саунада отыр екен жалаңаш…» (Өлеңдер)

Алматы-ақындар қаласы

Ешқайсына болмағасын еш құным,
Көше кезіп келем жаяу кешқұрым.
Қасқыр шауып, енесінен айырған,
Қасқа құлын секілденіп кескінім.
Алматы осы даңғазадан қалмаған,
Заманбек пен Алтынбекті жалмаған.
Алатау тұр өп-өтірік жынды боп,
Өтежанның мінезінен аумаған.
Аруағы небір жайсаң, асылдың,
Қойнауына жасырынған ғасырдың.
Ізін іздеп әуре болам кешегі,
Мұқағали, Төлеген мен Қасымның.
Оралдықтың кім береді бағасын,
Беріп жатса амалсыздан аласың.
Қай қуыстан шығар екен қылтиып,
Қайыры жоқ Қадыр деген нағашым.
Қандай ыстық ұлылардың мекені,
Бұлданғанда бұдырайған шекелі.
Жылтыраған сарайлар мен кеңселер,
Есенғали көкем құсап кетеді.
Не ғажайып хикая бар бұл маңда,
Жеткізбейтін қашқан менен қуғанға.
Жазушылар одағы тұр жұмбақтау,
Басын шайқап Мереке мен Нұрланға.
Ұлы шаһар ұрлағандай ұйқымды,
Әуелеген әуендері сыйқырлы.
Есалаңдау Есенин жоқ болғанмен,
Есенқұлдай жиені бар сүйкімді.
…Тынықпасам тарылады тынысым,
Елге кетем, бүйткен тірлік құрысын.
Бата оқыдым Оразалы басында,
Күні бойғы бітірген бар жұмысым.
Қош Алматы, жүрем сені сағына,
Ғашық болып өзеніңе, тауыңа.
Тұманбайдай сәби қала болсаң ғой,
Бір-екі күн қалар едім тағы да.
Соқпақбаевты асып қойған дар ағаш,
Дар ағаштан жанарыңды ала қаш.
…Жүрсін ағам да телефонын алмайды.
Қай саунада отыр екен жалаңаш.

Қайғыра аңсау

Таңғажайып таңды аңсадық біз алдан,
Күнді күттік күнәмізден қызарған.
Арман тектес асаукерге ер салдық,
Бір жүректе деп ұғыстық шығар жан.
Мойынымды қылғындырып ақ құшақ,
Иығыма асылғанда тәтті сәт.
Көше бойы көтеруші ем мықшыңдап,
Қозапая арқалаған қарт құсап.
Сен бұлдадың сезіміңді ақылы,
Мен жындандым жалаңдатып бәкіні.
Сенің жының, менің жыным-екеуі,
Арамызды араз қылды ақыры.
Көп адастық, кездік өмір орманын,
Өрмекшідей өзге ұяны торладың.
Біз бейшара ғашықтармыз біртуар,
Қара мысық кесіп өткен жолдарын.
Солай, солай… ақылымыз кеш кірді,
Қаны аралас достығымыз ескірді.
Есеюдің бақытсыздық екенін,
Ерте білсем, ұнатпас ем ешкімді.
Іздегенде жаным шөлдеп қаталап,
Жетіспейді бір ақ шуақ шапағат,
Жарық күнде аяулымнан айырған,
Қайда сол бір қарабайыр махаббат.

Тірі ескерткіш

(Есенқұл Жақыпбековке)

Торқа киіп, той кешіне бармаған,
Аш өзегін өлеңменен жалғаған.
Ар, ибасын ақындыққа арнаған,
Көре қалсам көзі тірі ұлы ақын,
Қалай өлмей жүргеніне таң қалам.
Жұпынылау күй кешкенмен есалаң,
Жұмбағы әлі шешілмеген осы ағам.
Құдай қандай топырақтан жасаған,
Біз сияқты жетілмеген жетімнің,
Пірәдардай пірі болған Есағам.
Алтын балық айтатындай арман-ән,
Өзен, көлден өзін-өзі аулаған.
Бар сауабы балағынан саулаған,
Жота, қырда жортып жүрген жаралы,
Жоны алапес жолбарыстан аумаған.
Мінезіне мін тақпастан мекердің
Өр мінезін аласартпай өтер кім.
Көңілінің көпіріндей екі елдің,
Ескерткішін соғар ма еді алтыннан,
Ескі көзден қалған көк көз көкемнің.

Мархаббат

Халқым менің, Қособам, қайран ауылым,
Сен деп талай қолыма байрақ алдым.
Атым озса қуанып менен бетер,
Қалып қойсам күйініп қайғы орандың.
Сеніміңді тайсалмай арқаласам,
Дем бересің, жұтқызбай алқада шаң.
Сүрінерде сүйедің қолтығымнан,
Саған тостым арқамды шалқаласам.
Қорғап өтем Арыңды өз Арымдай,
Жүрсе дағы соңымнан сөз арылмай.
Жақсылығың мен үшін ұшан теңіз,
Жамандығың тозаңның тозаңындай.
Сайын далаң сабырлы, піл сауырлы,
Болармысың жұмбақтау, мұнша мұңлы.
Мендей нәкөс баланы туа салған,
Аяймын сенің алтын құрсағыңды.

Мінез

Ұшқым келіп ұшайын деп бұлқынғам,
Құс екенмін қос қанаты қырқылған.
Немкеттілеу жанашырдан не пайда,
Күліп жүріп күл шашатын сыртымнан.
Осы өмірім өңім бе әлде түсім бе,
Жаным өлі, тәнім тірі пішінде.
Жүрегімді қолыма алып қызықтап,
Жүргендеймін жындыхана ішінде.
Жағдайымды түсіне ме қалың ел,
Сонша неге болдым екен әбігер.
Күле берем, күйігімді емдейтін,
Таппағасын бір дені сау дәрігер.
Шабысым жоқ бұрынғыдай, шабанмын,
Бақытты еді уайымсыз балаң күн.
Аттай алмай алдымдағы апаннан,
Артпен жүріп бара жатқан адаммын.
Бағыт сілтеп неғыласың досым-ай,
Айтарыңды ағыта бер шошымай.
Ту желкемнен қадалғанша сұр жебе,
Қыңырайып кете берем осылай…

Ақыл

Кей адамды данышпанға балаймын,
Кей адамды арыстан деп санаймын.
«Артын жу да мал тап» деген есекттң,
Ақылына таң қаламын Абайдың.
Ақшам бітіп қалған шақта қиналып,
Қай адамның арты лас деп қараймын.

Шоқ-шоқ

Сабылып келем әлі сағым қуып,
Тамылжып, қашан атар таңым күліп.
Жанашыр қалды ма екен маңайымда,
Жабықсам жұбататын жанымды ұғып.
Біреуге айдаһарша ысқырасың,
Біреуге арыстанша күш қыласың.
Дөкейлер келе жатса есік ашып,
Қағасың қалпағыңмен үсті-басын.
Арбайсың біреулерді ақша алуға,
Алдайсың алпауыт пен қасқаны да.
Жұртпенен жағаласып жүргеніңде,
Жұлдызың ағып түсер қас-қағымда.
Не керек, не жетпейді осы маған,
Бар сынды ауырсынбай тосып алам.
Бәлеқор, бәлесінен аулақ дейді,
Тап менен жан бар ма екен шошымаған.
Ит өмір, қашанғы енді қор қыласың,
Алдымнан өрмекшідей тор құрасың.
«Басына Сорбұлақтың сорға қондың,
Сол керек өзіңе де, сорлы басым».

Әпенділік әрекет

Жынды дейсің, мүмкін жынды шығармын,
Жындандырмай қояды ма мынау мұң.
Кімді, неге сағынамын, білмеймін,
Шыдай-шыдай шегі шықты шыдамның.
Өткеніме келмейді еш қарағым,
Өкініштің отын тілмен жаладым.
Көтере алмай иығымды, еңсемді,
Сонша неге есеңгіреп барамын.
Ақынмын деп алдарқаттым өзімді,
Кім тыңдады суға езген сөзімді,
Қайта бәрі кесіп алып басымды,
Ойып тастап тұрады ылғи көзімді.
Өтіп жатыр қыс пенен жаз, күз, көктем,
Бас айналар асу бар ма біз жеткен.
Қожанасыр тағдырыма не дейін,
Астымдағы арғымақты іздеткен…

Қыран тағдырға қызығу

Отыздамын, отыз түйір ақыл жоқ,
Жарытпадым бір туатын ақын боп.
Қатыспадым және ешқандай соғысқа,
Ардақтайтын темір тағып, батыр деп.
Бар болғаны екі аяқты адаммын,
Ұғынамын құпиясын ғаламның.
Маймыл құсап мәз боламын кей кезде,
Бір түйсігі бүлк еткенде санамның.
Одан өзге ерекшелік жоқ менде,
Ол табиғи — тәкаппарлық, тоқ кеуде.
Албырт сезім айуанда да кезігер,
Алабұртып ақшиятын көктемде.
Сонда кіммін, адаммын ба, аңмын ба?
Кезбе күнім қаңғалақтап қаңғуда.
Өзімді-өзім тани алмай тұрғаным,
Тәлтіректеп тағдырымның алдында.
Базарымнан мағына мен мән тайса,
Ажарымнан сұлулық пен сән тайса.
Қыран құстың қылығын бер, Құдайым,
Құзар шыңнан құлап өлер қартайса…

Қияли әңгіме

Құлай жаздап таудың биік құзынан,
Тайғанақтап тағдырдың көк мұзынан.
Арып-ашып жеткеніңде алыстан,
Болса шіркін жылынатын құжыраң.
Кіре беріс күлім қағып күл ошақ,
Кір қожалақ күпәйкіңді іле сап.
Кісінесіп үйіріңе қосылып,
Кешегі еттің кесегінен бір асап.
— Сенен басқа жоқ, бәйбіше, ешкімім,
Көсеуменен түртіп қойшы пеш түбін.
Шай дайын ба, шақшам қайда?- деп шалқып,
Құйрыққа сап көн терісін ешкінің.
Отырар ма болашақты алаң қып,
Ақыл айтып балаларға жалаң бұт.
Айқай шусыз ақ дастархан жайылса,
Айқындалып жомарттық пен сараңдық.
Жатын бөлме, жайнамазың жайылып,
Алланы ойлап, ақ-қараны айырып.
Құмандағы жылы сумен дәрет ап,
Құбылаға құптаныңды қайырып.
Таспих тартып, тілеп елдің саулығын,
Дұғаңменен түгендесең барлығын.
Қақ шекеңнен қабақ шытпай қараса,
Жарық шамдай жанып сөнген тағдырың.
Қызыл іңір, ұясына күн батып,
Өз-өзіңе жынды адамша тіл қатып.
Әлдекімді сағынбаған сәтіңде,
Әлденені қиялдау да бір бақыт.

Бауыржан ХАЛИОЛЛА.