Басымнан сипап ұсындың қалам,
«Оқушы болдың енді» деп.
Өзімнен-өзім қысылдым жаман,
Сенікі неткен кең жүрек.
«Есімім менің Бердібек» дедің,
Ұстаздарыңмын алғашқы,
Қамқорлығыңмен елжіреткенің,
Ал, түрің есте қалмапты.
«Қара Қожаны» жора тұтқанда,
Оянды сергек бойдағы үн..
Мейірің дархан болғандықтан да,
Авторы сен деп ойладым.
Мектеппен бірге құлағымызға,
«Азаттық» дейтін күй жетті.
Береке болды тұрағымызда,
Қалғанын «Қожа» үйретті.
Өмірдің мәні несібеде ме,
Ұққан-тын солай жас басым.
Оқымай қойдым есейе келе,
Әдебиеттен басқасын…
«Бес күндік» деген қас-қағым екен,
Тербете берді ой нені?
Көзімді байлап тастады ма екен,
Сайраның жылтыр көйлегі?..
Көркімен жанды сыздатқан ғалам,
Адастырмады жолымнан,
Бердібек ұстаз ұстатқан қалам,
Түскен жоқ әлі қолымнан.
Көбіне іштей қаламын жалғыз,
Тұңғиық ойлар көп тербей.
Бердібек ұстаз қаламын жалғыз,
Тек маған беріп кеткендей…
Ж.Қуандықұлы