Асаба мен той иесі арасындағы қарым-қатынас 

Той қуаныш иесі мен асабаның жүздесуінен бастау алады. Екеуара келісім қандай деңгейде өтсе, той да сол межеде өтпек. Мен жылдар бойғы тәжірибемнен мұны жақсы білемін. Ойымызды саралай келе төмендегідей тұжырымға келдік. Асабаның мәдениеті деген не? Той иесімен қалай сөйлесу керек? Сөйлесу қандай нәтиже береді? Осыларды ескеріп, дүбірлі тойдың жоғары деңгейде өтуін қадалаймыз.

Асаба той иесімен телефон арқылы сөйлескеннен бастап жақсы әсер қалдыра білуі керек. Одан әрі жүзбе-жүз кездесу барысында сол қарқында қалып, мәдениеті жоғары екенін көрсеткені абзал. Тойдың барлық атмосферасын осы кездесу шешпек.

Ең алдымен той иесі тұтынушы болған соң қажетті ақпаратты алу үшін сұрақтарын қоюы – заңдылық. Той қанша уақытқа созылатыны, тілек саны, қандай ән болатыны, той жүргізу форматы, ерекшелігі қандай, той рәсімдерінің тізбегі (құда кіргізу, беташар, тойбастар, ет, құйрық-бауыр, төс қағыстыру, бата) жөнінде сұрайды. Міне, осы жерде асабаның шын шеберлігі көрініс береді. Себебі, қойылған сауалдарға жоғары деңгейде шынайы жауап берсе, той иесі мен асаба арасындағы қарым-қатынас берік бола түспек. Сонымен қатар, асаба өзіне қажетті ақпараттарды алғаны жөн. Той иесінің қай елден екені, туған жері, отбасы жайлы, қонақ саны және қай саланың адамдары екені, жас деңгейі, қай қаланың тұрғындары, сондай-ақ жаңа құдалардың қай елден екенін біліп қана қоймай, оны қойындәптеріне түртіп алғаны дұрыс.

Тойдың жақсы өтуі қуаныш иелеріне де байланысты. Олар ниетті, құлықты, ынталы болуы керек. Асабамен кездескеннен кейін де ақпараттарды толықтырып отыруы қажет. «Жыламаған балаға емшек жоқ» дейді қазақ. Осыны да ескерген жөн.

Асаба мұндай дүниеге асқан жауапкершілікпен қарап, тойға тыңқылықты дайындалуы шарт. Бұл ар алдында да, той иесі алдында да риясыз болуы үшін. Асаба той жасаудың оңай еместігін жүрекпен сезініп, ал той иесі де той басқарудың жауапты міндет екенін сезінсе – екеуара қарым-қатынастың шыңы деген осы. Және де той иесі асабаға сеніммен қарау керек. Кірпияз той иелері де көп кездесетіні – шын. Асабаны шектен тыс мазалай беру – ақылға сыйымсыз. Той барысында қандай да бір өзгеріс орын алып жатса, асаба мен той иесі ақылдасып мәмілеге келіп отырғаны абзал.

Алған ақпараты мен мәліметіне қарай сценарий жазады. Жоғарыдағы сұрақтар не үшін қойылды деген түсініспеушілік болуы мүмкін. Айтайық! Әр ортаның, әр қаланың, әр елдің (рудың) өзіне сай аурасы мен әңгімесі бар. Соған лайық жүргізілуі шарт. Той иесі мен асабаның қарым-қатынасы жақсы болғаны осы үшін керек. Былайша айтқанда, екі ел арасындағы маңызды келісім-шарт жүргізгенмен бірдей.

Мәселен, Қарқаралыға барсаң, қара өлең мен қара сөзді қару етуін керек. Ақтоғайда, әншілігін көп сынға түседі. Қала орталығында көбіне әзілге жүгінуге тура келеді.

Асабаның мәдениеті қандай болуы керек? Тиянақты жауапкершілікпен ұйымдастырылып, тыңғылықты жоспарланған той сәтті өтуге тиіс. Өйткені «әрбір істің өнуіне – білім, еңбек, тәртіп керек» дейді М. Әуезов. Көркем мінез деген осы асабаға керек-ақ. Мысалы асаба той иесіне тілектің тізімін жасап, дайындап қоюды айтуды ұмытып кетті делік. Той иесі қарбаласта есінен шығарып алды. Сосын той күні бір сағат бұрын асығыс-үсігіс жазып береді. Той басталды. Мәселен Батыс Қазақстаннан келген сыйлы қонақ ұмыт қалып қойды. Асабаға айтты өкпесін. Содан оның көңіл-күйі бұзылған соң, тойдың аурасы да өзгереді. Алайда, асаба да қарап қалмай, ізін суытпай кінәні өз мойнына алып, олқылықты білдіртпей жіберуге міндетті. Міне, сондықтан той иесі асабамен тығыз қарым-қатынаста болып, барлық қажетті дүниені тойға дейін дайындап қойғаны жөн. Сонда ғана көптен күткен той, мазмұнды болмақ. «Жеті өлшеп, бір кес» дейді атам қазақ.

Асаба кең жүректі, сабырлы, кез-келген жағдайдан шыға білетін болуы шарт. Енді қараңыз. Асаба «үш-төрт адам сөйлесін» деуі мүмкін. Бес саусақ бірдей емес. Осындай да кейбір қонақ асабаға тап беріп, алыстан келгенін немесе ең жақын туыс екенін айтып, ашуын төгіп салуы ықтимал. Сабырлықпен, ешкімнің тойға жаман ниетпен келмейтінін, сақтықпен көңіліне тиіп алмай жеткізуі керек, әзіл араластырып жауап берсе құба-құп.

Кейде той иесі асабаға: «Мынау туысым еді, бір ән айтсын, бір би билесін, бір күй тартсын» деуі мүмкін. Егер той иесі асабамен тойға дейін үнемі қарым-қатынаста болса, сөзсіз асаба бетін қайтара қоймас. Ал керісінше болса, бұл да көңіл-күйге әсер етіп, тойдың темпераментін өзгертуі ықтимал. Мінезі ауырлау асаба болса да, бірбеткейлік танытпай, мүмкіндігінше той иесінің көңілін қалдырмай, бетін қайтармағаны жөн. Бірақ ананы да, мынаны да сценарийге кіргізіп, босбелбеулік таныту асабаның өзіне сын. Бұл жерде талғамға жүгінген дұрыс. Бастысы өзінің дайындап келген сценарийінен ауытқып кетпеу керек.

Асаба бәріне дайын болуы қажет. Той иесі де солай. Өйткені әр түрлі қонақ болады. Әр түрлі мінездер.

«Алдында алуан-алуан мінездердің,

Амалсыздан келеді мың өзгергің» демеп пе еді Мұқағали ақын.

Сондықтан күтпеген жерден әр түрлі жағдайлар орын алып, сценарий күрт өзгеріп жатса, өздерін жоғалтпай не болса да сабырлы болмақ керек. «Сабыр түбі – сары алтын».

Ең дұрысы һәм пайдалы жолы – асаба мен той иесінің тығыз қарым-қатынасы. Кез-келген қиындықтан алып шығатын жол осы. Бастысы жақсы ниет қылып, тойдың ойдағыдай, жоғары деңгейде өтіп, бір-біріне алғыс айтып жатқан той соңын көз алдарына жиі елестетіп, сол үшін жақсылап жұмыс істеу.

«Той – Тәңірдің қазынасы» демекші қазынамызды қадірлеп, ұлықтай білейік!

Жәлел ШАЛҚАР