Жігіттің жақсы болмағы неліктен нағашыдан?..

Ер-азаматтың үш жұрты болады. «Өз жұртың күншіл келеді. Бар болса, көре алмайды. Жоқ болса, бере алмайды. Жақсы болсаң, күндейді, жаман болсаң, жүндейді. Қайын жұртың міншіл келеді. Қолыңның ұзындығына, жағаңның қызылдығына қарайды. Берсең жағасың, бермесең дауға қаласың. Нағашы жұртың – сыншыл келеді. Жақсылығыңа сүйінеді, жамандығыңа күйінеді. Әрқашан тілеуіңді тілеп, қамқоршы болады» деген сөз бар. Мұны әркім өз деңгейінде түсінеді. Алайда, бұл үш жұрт та жанашыр, тілекші…  

Нағашы немесе нағашы жұрт – туыстық атау болып саналады. Дәстүрлі қазақ қоғамында нағашының жиенге қарағанда жолы үлкен. Нағашы жұрт – туған ананың әке-шешелерінен бастап, барлық аталас ағайын-туыстары мен үрім-бұтақтары. Шешесінің төркіні балаларына нағашы болады. Әже төркіні немересіне түп нағашы делінеді. Үш жұрттың ішіндегі ең ерекшесі болғандығынан шығар олар жиенін әрқашан еркелетіп, сұрағанын беріп отырған. Тек туған нағашысы ғана емес, сол рудың барлығы да жиенге нағашы деп аталады. Нағашы жиенінің азаматтығы мен ізгі істеріне сүйсініп, мақтанып, мақтап отырады. Нағашылық жасқа қарамайды. Кейде жиен нағашыдан үлкен болуы да мүмкін. Нағашы жұрттың еркек-әйелдерін жиендері «нағашы апа», «нағашы жеңге», «нағашы қарындас», «нағашы іні», «нағашы аға», «нағашы әже» деп атайды. Жиен – қыздан туған бала. Жиеншар – жиеннен туған бала. Ол да әкесі сияқты жиендік ғұрыпты жалғастырады. Нағашы (ер, әйел) – ананың төркін жұрты.

Жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан…

Нағашы жұртың – сыншыл. Жақсыңа сүйінеді, жаманыңа күйінеді, әрдайым тілекші, тілеуқор боп жүреді. Жігіттің шешесінің туыстары нағашы аталып, өзі оларға жиен болатыны баршаға белгілі. Қазақ халқында қалыптасқан дәстүр бойынша нағашы мен жиен арасындағы қарым-қатынастың өзіндік ерекшеліктері бар. Олар бірін-бірі күндемейді, араларында бақталастық, қызғаныш болмайды, өзара әзілдесіп қалжыңдасады. Жиеннің еркелігін де, тентектігін де көтереді. «Балалығың ұстаса нағашыңа бар» деген мәтел соны меңзейді. Ал «Нағашымен күрескен жиен жығылады» деген мәтелдің мәні үлкенді сыйлауға, жөн-жосықты білуге үндейтіндігімен мәнді.
Нағашы жұрт жиенді ешуақытта сыртқа теппейді, керісінше, «қыздан туғанның қиығы жоқ» деп бауырына тартып отырады. Сөйте тұра «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» дейтіні тағы бар. Бұған жауап ретінде: «Жиен ел болады – малы болса, желке ас болады – майы болса» деп әзіл-қалжыңға май құяды. Егер жиеннің қисық-қыңыр мінезін, оғаш қылығын байқаса «Өзі жаман туады, нағашыдан көреді» деп тағы қалжыңдайды. Мұның бәрі нағашы мен жиен арасын алыстату үшін айтылған сөз емес, өзара достық әзілден туып, көпшілік арасында қалыптасып кеткен бейнелі ұғымдар. Жиеннің жау емес екенін біле тұра оны «ел болмайды» деуі бұл жігіт намысын қайрай түсу үшін әдейі айтылған әзіл-қалжың. Сондықтан да жігіт бұл сөзге жасымайды, қайта жігерлене түседі. Әзілі жарасқан жиен қашанда нағашы жағынан қырық серкеш «даулаумен» болады. Нағашылары оған «кет әрі» демейді, керісінше, оның талабын құп алып, тауанын қайтармайды. Бұл – бұл ма, жиенін өз қолынан үйлендіріп, басына отау тігіп, алдына мал салып берген нағашылар да баршылық. Бұл – әркімнің хал-ахуалына қарай орындалатын дәстүрлі сыйлық. Егер нағашының қолы қысқа болып, жиеннің байлығы артып жатса, жаңағы сыйлықтың керісінше жүретін кезі де болады.
Нағашы мен жиен арасындағы қарым-қатынас алым-берімге ғана қатысты емес. Мал-дүние қолдың кірі сияқты, оның бір жұтта жуылып-шайылып кетуі әбден мүмкін. Ал, нағашы мен жиен туыстық жағынан мәңгі ажырамайтын тұлғалар. Бұлар мейлі бай, мейлі кедей болсын бәрі бір, бірінен-бірі кете алмайды. Өз анасын шын сүйетін жігіт сол ананың туыстарын да жақыным, бір жұртым деп қадір тұтып, олардың бауырына кіруге әзір тұрады. Нағашылар да жиенді баласындай еркелетіп, басынан сипайды. Қашан да нағашы жақта білімді, білікті, ақылды, өнерлі адамдар кездеседі. Солардың бірінің болмысы, бірінің өнегесі жиенге жұғуы заңдылық болса керек.

Сөз соңында айтарымыз, ғалымдар мен көнекөз қариялардың пікірінше әкесінің асыл қасиеттері ұлға қарағанда қыз балаға көбірек беріледі екен. Сол қыздан туған ұл, нағашы атасына тартып мықты болады. Әрине бұл жерде нағашы атасының да тегі мықты адам болуы тиіс… Себебі, анасының қанында нағашы атасының көп асыл қасиеттері бар ғой… Қыз баланың әкге қамқор болуы, төркінге жанашыр болуы да осымен байланысты болса керек…