Өткен ғасырдың 70-жылдары өлеңдерін орыс тілінде жазатын Халиолла Байменов деген досым маған әйгілі ақын Илья Сельвинскийдің кітаптарын оқуға кеңес берді.
Әсіресе, оның «Юность», «Рысь» деген туындыларына көбірек көңіл бөлгенімді қалады. Бұл шығармалар сонеттен өрілген гүлтәждер (сонеттер гүлтәжі) екен.
Бұрын сонет жанрынан жақсы хабарым болса да, мынадай күрделі туындыларды білмейтін болып шықтым. Тағы бір кездескенімде ол осы туындыларды қазақ тіліне аудара аласың ба деп сұрады. Мен аудармақ түгіл қазақ тілінде мұндай туынды жаза да алмайтын шығармын деп қауіп қылғанымды айттым оған…
Арада жылдар өтті. Қазақ тілінің мүмкіндігі осындай күрделі туындылар жазуға жететінін әбден ұғындым. Содан… бір емес, үш сонеттен өрілген гүлтәж жаздым. Соның біреуін бұрынырақ сіздердің назарларыңызға қазақ радиосы дикторларының оқуында ұсынғанмын. Ал бұл жолы «Бұл ғұмыр – біздің еншіміз…» атты сонеттен өрілген гүлтәжді оқып көріңіздер.
БҰЛ ҒҰМЫР – БІЗДІҢ ЕНШІМІЗ…
(Сонеттен өрген гүлтәж)
І
Батамыз қанша жалғанда мұңға,
таңырқата алмас “Сангамдарың” да.
Тарта бер, жаным, құбыла қылып,
жүзіңді жарқын арманға бұр да.
Бұл ғұмыр – біздің еншіміз, бүгін
сызылдырамын мен сыбызғы үнін.
Терезесінен телміреді әлі
қарайтын маған көрші қыз қырын.
Жүректі ғажап сезім арбайды,
Күн дағы бізден көзін алмайды,
гүл теріп кешке барғанда қырға.
Тосқан соң у мен шекерін бірдей,
жалғанның жалған екенін білмей,
кеш ұғады адам алданғанын да.
ІІ
Кеш ұғады адам алданғанын да
қол жетпей баққа сәл қалғанында.
Ғұмырдың мынау бар мәні, қалқам,
ұрпаққа ұрпақ жалғанғанында.
Кешеміз күйін бұрынғылардың,
бұл сәтте бірақ сырыңды ұғар кім?!
Жүйкені қажап жұқартары бар
тірлікте Жантық – жырындылардың.
Қозы Көрпешпін Баянды аңсаған,
құшағымды, еркем, жаям мен саған,
қашады, сірә, менен де енді ерік.
Өзіңді шексіз ұнаттым, өбіп,
отқа кеп түскен, шырақты көріп,
көбелек сынды өлерменденіп.
ІІІ
Көбелек сынды өлерменденіп,
лаулаған отқа келем мен төніп.
Оһ, қандай ғажап Кеңсайдың бағы
қардай ақ гүлге бөленгенде өрік!
Шалғынның қанбай жұпарына мен,
жұпармен қоса жұтамын әуен.
Ербиген ермен көтере ме екен
шегіртке қонған бұтағын әрең?!.
“Бұл қандай жұмақ, тегі, шегі жоқ,
гүлдер мен гүлдер өбіседі”,– деп,
қызық-ау сенің таңданғаның да.
Елп етті бізді ебелек көріп,
қалқам, біз көзсіз көбелек болып,
түспекпіз лаулап жанған жалынға.
ІV
Түспекпіз лаулап жанған жалынға,
шарпысып жалын шалғанда нұрға.
Ғашық қып көзін ашса егер Алла,
айналар еді Салман да құлға.
Әтірін самал тұр үлестіріп,
барады қырдың күні кешкіріп.
Еске алар ма екем осы сәтті мен
шау тартқан шақта сыным ескіріп?!
Қуанышыңды жасырма мүлдем,
аяулым, сенің қасыңдамын мен,
жалғызға ғана жолығады мұң.
Етемін тіпті көкпегін өлең,
арбайды жасыл көктеміменен,
Кеңсайдың көктеп жоны да бүгін.
V
Кеңсайдың көктеп жоны да бүгін,
көкжиекке кеп шомылады Күн.
Күн кезек берді қызыл іңірге,
қобалжып, сенің торығады үнің.
Мұнардан жалаң шың сығалайды,
түн жұтып жатыр тылсым арайды.
Жалаңдап тілі жалайды көкте
қысыр қаншық бұлт қыңсылап Айды.
Кеудеме ілбіп Ібіліс кірді,
тырнағы бүріп, бір уыс қылды
бағыңа әлде сорыңа, Күнім.
Тіміскі самал тыным таппайды,
жұлдыздар ғана жымың қақпайды,
төсейді қырқа жолыңа гүлін.
VІ
Төсейді қырқа жолыңа гүлін,
(тапталса, ол да солмақ, ұғын).
Шегіртке байғұс шырыл қағады,
білмеймін, оның қорығаны кім!..
Арбай ма сиқыр сезімімдегі,
шошытты діріл өз үнімдегі.
Көкірегімнен қағасың әнтек,
секемшіл нәзік сезігің бе еді?!.
Қымбат қой пенде шіркінге ғұмыр,
шеңгел де сенің күлкіңдегі бір
дереу үн қоса жөнер сыңғырға.
Жуылып көздің тостағы дағы,
осынау сәтті еске алып әлі,
жабырқап, жаным, келерсің мұнда.
VІІ
Жабырқап, жаным, келерсің мұнда,
тілі байланған не дерсің қырға?
Құлпытастағы есімімді оқып,
шырқырап жаның, шегерсің мұң да.
Мекен бұл барша түбі баратын,
өзен ғой ғұмыр тұнып ағатын.
Жалғанның жалған екенін бірақ
шық кепкен сайын ұғынады ақын.
Қойса да қанша тасқынға тосқын,
жоқ ажал сырын паш қылған ешкім,
тоқтатар кім бар өмір ағынын?!.
Пенденің бермек сабыры медет,
сен дағы арыл қабіріме кеп,
жас жуып жүзді соңырағы күн.
VІІІ
Жас жуып жүзді соңырағы күн,
бір есті ердің шаңырағының
түтінін түзу ұшырып көкке,
ұстарсың тізгін қолыңа мығым.
Қайтпаған бағы ал әзірге сен
сындысың қайсар Беназир көсем.
Үндістанға ұқсап үнім өшеді,
қисынын тауып сен әзілдесең.
Тұлғаңа, көрсе, таңданады Адам,
қарайсың, Һауам, паңдана маған,
көзге ілмей мендей жасықтың жасын.
Жүзімді жаспен енді айғыздамай,
Ләйлі мен Мәжнүн болмаймыз қалай,
біздерді Құдай ғашық қылғасын?!.
ІХ
Біздерді Құдай ғашық қылғасын,
махаббат мұңын нәсіп қылғасын,
Жүсіптей мені құштар ғып саған,
Зылиха сынды асып тұр бәсің.
Шолпандай нұрлы таңсәрідегі
дидарың ынтық аңсарым еді.
Сағындырушы ең санамнан шықпай,
жападан-жалғыз қалсам үнемі.
Жырларым тауып тамаша мазмұн,
жылап та күліп, балаша мәзбін,
алшыдан түсіп асық тұрғасын.
Көз жазып ертең бір-бірімізден,
құт қашар ма екен тірлігімізден,
ол күнге қазір асықтырмасын!..
Х
Ол күнге қазір асықтырмасын,
жанарым нұрлы шашып тұр жасын.
Қызғанышпенен… ақылы кірген
күледі-ау мұртын басып құрдасым.
Ал күлсе, күлсін! Кінәламайын.
Ұға алмас мені, сірә, маңайым:
көзімнің күміс шығына бір сәт
кірпіктерімді шылап алайын.
Іштарлық қылмақ жақсыларға әркім,
бұл ғажап сезім бақ шығар, бәлкім,
қонғанда қырау самайымызға.
Ту қылып ұста тәуекеліңді,
білмеймін жынды, сау екенімді,
тағдыр бар жазған талайымызға.
ХІ
Тағдыр бар жазған талайымызға,
айналып аспан сарайымызға,
Еңлік пен Кебек күнін кешеміз
түскенше таңның арайы құзға.
Кешкендей отты жаһаннамдағы,
ғашықтық жырдың қаһармандары –
біз өліп-өшіп өбісеміз кеп,
жасырып жүзді Жапалдан дағы.
Құсқа ұқсап қонсақ қалықтай барып,
қара тас кенет мамыққа айналып,
төсегін салар құрметтеп мүктен.
Айтпасқа, әсте, айлам қалмады,
ақтайды бізді пайғамбар дағы:
“Сұлуды сүймек – сүндет”,– деп, тіптен.
ХІІ
“Сұлуды сүймек – сүндет”,– деп, тіптен,
көктем бұл гүлді жынды өкпек түткен.
Кейпіңді ғажап Иеме ұқсатты,
Ібіліс: “Өмір сүр,– деп,– тек бұтпен”.
Айналып бұтқа тағына мінген,
тіл қаттың кенет налыған үнмен.
“Құдайым, менің күнәмді кеш!”– деп,
тәжім ғып саған табынамын мен.
Зыр қақты уақыт бізді күтпеген,
қалды ма, сірә, ізгілік деген
бір әулет сынды індет кеп біткен.
Қашырса да өкпек құтымды мүлдем,
дәл қазір Абай сықылдымын мен
Тоғжанын түнде дірдектеп күткен.
ХІІІ
Тоғжанын түнде дірдектеп күткен
ақынға ұқсап сырды ептеп бүккен
қалпымда Айдан көзімді алмаймын
көргендей кесте ілмектеп тіккен.
Қадайды бізге жанарын Ай да,
езу тартқандай, таба қылмай ма?
Жүрегім үнсіз егілді менің,
жұбатар қайдан табамын айла?
Санамады ма данышпан өзін,
салды ғой ақын алысқа көзін,
жүрсе де толып маңайы қызға.
Қашырып тәтті ұйқыдан да дәм,
сұлудың бір кез сиқыры арбаған
біз түгіл ессіз Абайыңыз да!
ХІV
Біз түгіл ессіз Абайыңыз да,
Абай сындымыз талайымыз да.
Ақ сүтке ащы мұң қосып емгем,
жариын, қалқам, қалай уызға?!.
Уызға туа жарымағасын,
у менен балдың әлі бағасын
білмеймін, тіпті талғамай таттым
бақ пенен сордың алуан асын.
Өзгелерге ұқсап ақырын жүріп,
анық та баспай, ақылым кіріп,
өз қамымды ойлап қарманбадым ба?!.
Жебенің құшып өткірін мүлдем,
алаулап жанған отқа ұрындым мен,
батамыз қанша жалғанда мұңға?!.
ХV
Батамыз қанша жалғанда мұңға,
кеш ұғады адам алданғанын да.
Көбелек сынды өлерменденіп
түспекпіз лаулап жанған жалынға.
Кеңсайдың көктеп жоны да бүгін,
төсейді қырқа жолыңа гүлін.
Жабырқап, жаным, келерсің мұнда,
жас жуып жүзді соңырағы күн.
Біздерді Құдай ғашық қылғасын,
ол күнге қазір асықтырмасын,
тағдыр бар жазған талайымызға.
“Сұлуды сүймек – сүндет”,– деп, тіптен,
Тоғжанын түнде дірдектеп күткен,
біз түгіл, ессіз Абайыңыз да!..
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ.
Фейсбук парақшасынан алынды.