Қандай еді ағалар

Өлеңді әркімдер-ақ айтады, әркімдер-ақ жазады, бірақ, солардың ішінде үнемі санаңнан кетпейтін, сезіміңнен ажырамайтын, дауысы естіліп, дидары көз алдыңда тұратындары некен – саяқ.
Маған күні бүгінге дейін Жамбыл тірі сияқты. Мен кейде оны түсімде көріп, қолына су қүйып, кебісін қойып жүремін.
Шалдар түсіме кірген түндері бір түрлі сергекпін: ұйқым шайдай ашылып, асыл жандардың бірінен соң бірін есіме түсіремін.
Менің жігіт шағым кілең осындай үздік қарттардың арасында өтті, мен олардан өміріме жетерлік жігер-қуат, ақыл-ой алдым.
Жақсылар шапағаты бүкіл қауымға жететін, барлығымызды жарылқайтын, жарытатын сарқылмас қазына екен ғой.
Нартай мен Кененнің әлі қайратты шағы екен-ау ол кез. Екі құрдас Жамбылдың егіз ұлындай жайнаңдайды. Домбырамен шырқайтын Кененге гармонды Нартайдың қосылғанын көргенде Жәкең бір түрлі құлпырып кетті. Екі саңлағына кезек-кезек қарайды қуанып…
– Мінеки, – деді ол кәрі кеудесін көтере жайраңдай, – шаң тимесім мен күн шалмасым қосылды да жосылды, бүдан былай осы өлеңнің аузын жаптырмаңдар! – деген.
Сол күннен бастап Нартай мен Кененнің жұбы жазылған жоқ. Алатаудағы Кенен дауысын Нартай естісе, Сырдағы Нартай үні Алатаудағы Кененге естіліп жатты.

Біздің үйдің көңілді бір кешінде Нартай менен Кененнің шешемнің қонағы болғандары есімде үш қүрдастың қызықты мәжілісінде сан рет күліп, сан рет жыладық.
– Айеке,
Ішпесем қанып қызыл шай,
Кетеді мазам өлердей,- деп Кенен күлдіреді.
– Менде де береке қалмайды,
Ырғағы азған, ұйқасы тозған өлеңдей – деп Нартай іле жөнеледі. Анам шайын қызарта түседі.
Сол кеште Кенекең анамның өтініші бойынша өзінің белгілі өлеңі “Базар-Назарын” айтты. Мен күнделігіме: “Бұл өлеңнің сөзіне сай әні де сұмдық зарлы екен. Мұны біз үй-ішімізбен (Нартай да бар) 1936 жылы 15 апрельде Кененнің өз аузынан есіттік. Түгел жыладық. Бұл бір ғажайып трагедия екен”, – деп жазыппын.
Ақ ешкі зарланасың ылағыңа
Сүт берген емшегіңнен шырағыңа.
Кел екеуміз қосылып бір жылайық Құдайдың жетер ме екен құлағына
– деп бастағанда Нартай сұп-сұр болып төмен қараған-ды. Содан өлең аяқталғанша ол басын көтере алмады. Маған Нәкең сол екі арада-ақ недәуір азып қалғандай көрінді.Нартай әлден кейін есін жинап құрдасын құшақтады.

– Жарадың, Кенекем,-деді ол, орамалмен буланған көзін сүртіп, – бұл жырыңды есіткен де, есітпеген де арманда. Мен қазір ерекше бақыттымын досым – деді.
Сол 1936 жылы Жамбыл, Кенен, мен, шешем Айманкүлмен төртеуміз Москваға біздің үйден аттандық. “Шалға айран алу керек, шалға сүт алу керек” деп поезд тоқтаған сайын шуласамыз. Сонда Жәкеңнің қамымен жүгіріп жүретін “жасымыздың” бірі Кенекең болатын. Бүл күнде Кенекең сол Москваға декадаға барған сапарымызды ертектей, армандай әңгімелейді.

– Есіңде ме, Әбділда? – дейді ақын ойы кеткен жыраққа көзі де бірге кеткендей, алыстарға үңіліп.

– Мына жерден Тайжан ақын гармонмен күжілдесе, оған ілесе Нартайжан шырқап еді-ау. Поезды паравоз емес, ән мен жыр тартқандай зырғытып едік қой!
– Оныңыз рас, аға! — деп мен де еріксіз елігемін. Менің көзіме сондағы сақал-шашы жаңа ғана бурыл тарта бастаған, бірақ әлі де жас қайыңдай солқылдап түрған, көз жанары титтей де күңгірттенбеген, жүзінде қуаныш ойнаған Кенекем елестейді. Қатты шырқағанда әуелі өз қүлағын өзі бүрап, жанын күйттеп алатын да әнші-ақын бір дауыл айқайға басатын…

Кененіме кім жеткен

Ащы айқайға басқанда?

– деп Жамбыл сүйікті інісін табанда мақтай жөнелер еді.

– Әй, Кенен, сенің әніңе бір тойдың қызы түгел еріп кетіпті дейді ғой, сол рас па? – деп аппақ тістері ақсиып Нартай ақын күле қарайды. Бүл қүрдастың ең ыстық ілтипаты сияқты сезіледі. Қысқасы, әні мен сөзін бірдей қуатты шығаратын Кенен өзінің қүдіретті дауысымен күлдірем десе күлдіреді, жылатам десе жылатады.

Әбділдә Тәжібаев.