Басқа түссе – баспақшыл

1

Көшпелі жұрттың әлдебір қиын-қыстау кезеңдерінде әсірелеп айтқанда жүгін түйеге артып көшіп көрмеген не бір кедейлер де өткен шығар дейім дә.

Олар сол «итке қос артқандай» дегендей, болса өгіз, болмаса тайынша-торпаққа дейін арқасын бос қоймай артынып-тартынып, әйтеуір елден қалмай жайлау, қыстауға көшіп-қонып тіршілік етеді де.

Ал, баспағыңыз былайша айтқанда әлі тайынша боп үлгермеген, бұғанасы енді қата бастаған үлкен бұзау ғой, оның қасында өгізге жүк арту деген алты жасар атанға шаңырақ салғандай емес пе?

Әрине, баспаққа жүк артқанның несі жақсы, артпайды да. Бірақ басқа түссе баспақшыл да боласың, баспағыңды алқап амалдап күніңді көресің дегені ме?

Бір ойым осылай қисындырады. Мүмкін басқаша да болар. Бұл мәтелге байланысты Сіздің нұсқа ше?

2

Баспақтың тағы бір мағынасы туралы Р. Н Шойбековтың «Қазақ қолөнері түсіндірме сөздігі» кітабында «Баспақ — теріден жасалған дорба, қалта» депті. Және 1965 жылы шыққан «Айтыс» кітабынан «күші жетіп қайырып, бес баспақ алтын алыпты, екі-ақ баспақ алтынды жолдасына салыпты» деген жолдарды мысал еткен екен.

Егер анау айтқан баспақ болмаса мына баспақты қисындастыру керек))

Оңтүстікте «қайтеміз, баспақпен де амалдап күн көреміз» деген сөз жиі айтыла ма осы?