Түлектерге арналған тілектер

Аса құрметті осынау алтын ордаға «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» менің сыныптас достарым!
Бүгінгі күні бәріміз өзіміздің алтын ұямыздан «өмір» атты ұлы тауды бетке алып ұшып бара жатқанымызда айтар тілегім: қайда жүрсек те, қайда болсақ та, қанша жасқа келсек те бір — бірімізді ұмытпайық.
Менің сыныптас достарым! Сендерге алдағы уақытта тек қана сәттілік жар болсын, жетістіктерге қол жеткізіңдер, өмірден өз орындарыңды адаспай табыңдар! Бәрің де ақ жолмен аппақ көгершін — армандарыңа сүрінбей жетіңдер! Өйткені, біз мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қанат қағып барамыз. Енді бізді алда өмірдің сан тарау жолдары күтіп тұр. Сол жолда әрбіріміз бақыт үшін, өмірден лайықты орын алу үшін күресейік, достар! Ал алтын ұя – мектебіміз бен аяулы ұстаздарымызды жүрегімізде мәңгі ұмытпай сақтаймыз.
Аяулы ұстаздар! Сіздер жасаған еңбектеріңіз үшін шексіз алғыс білдіреміз!

Сіздерді соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Осыдан 11 жыл бұрын тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған балалар бүгін таудай болып үлкен өмірге қадам басып отыр.
Әр мектепте соңғы қоңырау мерекесі – бұл мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты оқиға.
Түлектер өздерінің он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар өздерінің сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады.
Барша жас түлектерді алда үлкен сын күтіп тұр. Барлықтарыңа Ұлттық Бірыңғай тестілеуден абыроймен өтіп, Қазақстанымыздың білікті маманы атануларыңа тілектеспін. Ал мектептегі алғашқы жылдарын сәтті аяқтап, бірінші сыныптан екіншіге аяқ басқан жас бүлдіршіндер мен барлық мектеп оқушыларына жазғы демалыстарын жақсы өткізіп, күш жинап, жайдары көңіл күймен жаңа оқу жылына оралуларыңызға тілектеспін.

Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған сияқты едік – бүгін, міне, он бір жылдың қалай зулап өткенін байқамай да қалыппыз.
Қымбатты ұстаздар! Осы жылдар бойы бізге білім мен тәрбие беріп, үлкен өмірге дайындағандарыңызға алғысымыз шексіз! Сіздердің сенімдеріңізді ақтаймыз деп үміттенемін.
Ал, он бір жыл бойы бірге оқыған сыныптастарым, сендердің ендігі өмірлеріңе тек қана сәттілік тілеймін. Аңсаған армандарыңа қол жеткізіп, еліміздің көркеюіне үлестеріңді қоса беріңдер!

Біздің құлағымыз мәңгі күмбірлеп тұратын күміс қоңыраудың ең алғашқы жарқын үні мен соңғы да болса мұңды, салмақты әсем сыңғыры. Ұстаздарымыздың қимас сезімдегі жанары мен мектебіміздің ақ баталы қариядай бейнесі бәріміздің жүрегімізде үлкен үміт, нық сенім ұялатады.
Өмірдегі сара жолды кешегі шәкірт біз нақ осы сәттегі толқыныстан, тебіреністен, сезім арпалысымен бастаймыз. Әрине, қимаймыз, көзімізге жас та аламыз.
Сіздермен қимастықпен қоштасып тұрып, әлі де талай өрендерді білім нәрімен сусындатып, қанат қақтыра берулеріңізге тілектеспіз!

Құрметті жас түлектер, айналайын алтындарым! Сендер, міне, өмірлеріңде әлі де көп кездесетін қиын-қиын белестердің бірінен аттап, болашаққа сәтті қадам бастыңдар. Осы қадамдарыңа құт қонсын! Сендер тайға мініп шапқанда үйде отырып тақымдарыңды қысып, уайымға салынған ата-аналарыңның үмітін әлі де ақтап, олардың алдындағы өмірлік парыздарыңды ұмытпаңдар, балаларым!

Жаным, балапаным, мен сенің әр қуанышың үшін бір жасап қаламын. Мен сенің әр жеңісің үшін балаша қуанамын. Өйткені, сенің біздің үмітімізді қашанда ақтауға күш-жігерің мен білімі-танымың жетеріне сенемін! Болашақтарың жарқын болсын!

Мінеки, араға жылдар легін салып, кеше ғана бүлдіршін болып мектеп табалдырығын аттаған біздің ұл-қыздарымызды жүйрік уақыт түлек етіп ұясынан ұшырғалы отыр. Мектеп қашанда жақсылық пен ізгіліктің, парасаттылық пен руханиятқа толы ойдың, таным мен тәрбиелі істердің ордасы болған. Біздің перзенттеріміз де осында өткізген оқушылық өмірлерінде осындай ұлағатты істердің ұшқынын бойына сіңірді, тәлімімен жүрегін суарды, байыпты бағдарын бағыт етіп ұстанды, біліми көкжиегін бойына дарытты. Біз әр сәт, әр жылдар сайын олардың бойындағы осынау өміршең өзгерістерді байқап, олармен бірге қуандық, бірге мақтандық. Енді оларды өздерінің асыл ұясы — мектебі түлек етіп ұшырғалы отырған күннің де куәсі болдық, бойымызды тағы да ата-ана ретінде мақтаныш сезімі кернеп отыр. Бұл үшін мектеп анаға мың алғыс! 

Құрметті түлектер!

Сендер біздің балаларымызсыңдар. Қазақта «айналайын» деген қасиетті де мағынаға толы жақсы сөз бар. Осынау ғажайып сөздің ішінде адами жүректің барлық ізгілігі мен мейірімі шүпілдеп тұнып тұрғандай. Бүгінгі қуанышты сәтте де өздеріңді оқытқан Ана мектептерің өз шәкірттеріне — түлектеріне дәл осындай мейіріммен қарап тұрған секілді. Енді ол өзінің қасиетті қоңырауын Сендер үшін ғана соңғы рет соқпақ. Бұл — өздерің үшін қағылар ең соңғы мектеп қоңырауы. Осы сезімге лайық болып өмір сүріңдер. Сәт-сапар!

Қымбатты ұстаздар!

Біздің бойымыздағы өз перзенттеріміздің қуанышынан туындап отырған сезімді Сіздер жақсы түсінесіздер. Өйткені Сіздер осыдан санаулы жылдар бұрын ғана мектеп есігін ашқан біздің көзіміздің ағы мен қарасындай перзенттеріміздің жақын адамына айнала біліп едіңіздер. Біз сіздерге сенім арттық.

Сіздер әр кезде де біздің сүйікті ұл — қыздарымыздың болашағына бізбен қатар алаңдадыңыздар, сол болашақтың басты қаруы болып табылатын білім атты асыл күшті олардың бойына бүлдіршін кезінен бастап сіңіре білдіңіздер. Сіздер тәрбие мен иман құндылықтарға негізделмеген білімнің біржақты дүние боп қаларын жақсы білген едіңіздер, сондықтан да олардың бойына үнемі руханият пен ізгіліктің, адамгершілік пен адам болмысындағы ең асыл қасиет — ішкі мәдениеттің шамшырағын жағуға асықтыңыздар. Оларға өз мемлекеті мен қоғамын және де ғасырдан ғасырларға жалғасарлық бай мәдениет қалыптастырған өз ұлтын сүюді, қасиетті Тәуелсіздігін құрметтеуді үйрете алдыңыздар.

Құрметті ұстаздар, біз осы жолда Сіздерге ешқашан да оңай болмағандығын жақсы түсінеміз. Сіздер осы бір қасиетті міндетті нақ осы заманғы өлшеусіз істерге толы, бүгінгі жаңалығы бір сәт уақыт өтпей — ақ «ескіріп» жататын XXI ғасыр қоғамында, жаңа ғасыр мектебінде еңбек етіп, атқарып отырсыздар. Сіздерге өздеріңізден бұрынғы заманның тамаша ұстаздары қалыптастырып кеткен лайықты тәжірибелерді үйрене отырып, уақыт ағымына жедел ілесе алу міндеті жүктелді.

Сіздер шынында да тамаша дәстүр жалғастығын сақтай біліп, заманауи біліммен қаруланушылардың өз қоғамдарыңыздағы алғашқы легінде бола алдыңыздар, өз ғасырыңыздағы білім берудің соны тәсілдерін лайықты түрде бойға жинақтадыңыздар. Сіздердің осындай ұшан — теңіз еңбектеріңіз бен төгілген маңдай терлеріңіз болашақтың қарлығаштары — біздің сүйікті перзенттеріміз үшін атқарылғандығын біз жақсы түсінеміз. Осы үшін де Сіздерге мың алғыс, Ұстаз!