Домбыра туралы өлеңдер

***

Домбыра, сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң — тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бола ма
Тілден анық үн барда?
Домбыраның, күші мол
Көмейінде күй барда!
Сылдыр-сылдыр
Cap қамыстан
Төгілді жыр,
Өрді алыстан.
Келді жақын сең қағысқан,
Үн шыкқандай жолбарыстан.
Тұншыкқандай
Өлді арыстан,
Ат шапқандай
Жер қайысқан.
Сыңғырады әсем күй
Қоңыр Балқаш желімен.
Сылдырады қамыстай.
Бірде жуық жеделдеп,
Бірде сарын алыстай.
Бірде жерді су басты,
Сел қаптаған дыбыстай.
Бірде жерді шу басты,
Ұрандаған жарыстай.
Бірде адақтап ақты күй
Ағалаған дауыстай.
Ыңыранып қалды домбыра
Қамыстағы барыстай.
Күй шерінде шек тартты,
Үй найзасы қылтылдап,
Құлақ, түпте — жүректі
Қояр ма екен шаңышпай?

Ілияс Жансүгір

***

Дариға, домбырамды берші маған

Дариға, домбырамды берші маған,
Жаныма келші, жарым, келші балам!
Бейуақ, іңірдегі көңіліме,
Күй болып, күңіреиіп енші, далам.
Қайырмасы:
Бабамның көзімісің?!
Данамның сөзімісің?!
Жаралған сезім үшін,
Мазасыз жүрегімнің өзімісің?!
Домбырам,
Қоңыр қазым, аққуымсың!
Арманым, мұңым, сырым, шаттығымсың
Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам, сен болмасаң,
Өнердің не екенін де білмес едім.
Қайырмасы.
Өсірген өнерімді қызыр-бабам,
Үніңнен айналайын бұзылмаған!
Киелі пернеңе бір қол соқпасам,
Ішегін, жетімсіреп ызылдаған.
Қайырмасы.
Домбырам, досым менің күй аңсаған,
Өзімді, өмірімді қиям саған.
Шағымда шабыттанған, қиялдаған.
Шапағың бар шаттығын құяр маған.
Қайырмасы.
Ерке назым, менің де, сазым менің,
Шыбынсыз, шуақ шашқан жазым ба едің?
Дарынға, домбырамды берші маған,

Мұқағали Мақатаев

Домбыра жүрегіммен үндес едің,
Өзіңмен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұра сен болмасаң,
Өнердің не екенін де білмес едім.

Мұқағали Мақатаев

***

Домбыра

Екі  ішектің  бірін  қатты, бірін  сәл-сәл  кем  бұра,

Қазақ – нағыз  қазақ  емес, Нағыз  қазақ – Домбыра!

Білгің  келсе  біздің  жайды, содан  сұра  тек  қана:

Одан  асқан  жоқ  шежіре, одан  асқан  жоқ  дана.

Ақиқатты  айтқандардың  бәрі осылай  сорласын,

Деп  бір  қаһан  шанағына құйған  оның  қорғасын.

Жалған  сөйлеп  көрген  емес бірақ  соның  өзінде:

Аппақ  жалын  күйдің  жанын жалап  жатқан  кезінде.

Қадыр Мырза Әлі

***

Қарашы домбыраның еркесіне,

Исаның шығып алды желкесіне,

Домбыра — екі ішекті, тоғыз перне,

Арқаның кез болдың ғой серкесіне.

Толқынды топшыменен қақ айырып,

Өлеңнің мен жүзейін өлкесіне.

Самғайын қанатымды жел үйіріп,

Қонғандай Оқжетпестің өркешіне.

Иса Байзақов.

***

Домбыра

Егіз сәби үніндей іңгәлаған,
Домбыраның әуенін тыңда, балам.
Күй сырымен мерейім өсіп бірге,
Онсыз кейде көңілді мұң қамаған.

Арулардың арманы қол жетпеген,
Қара бала қиялы ержетпеген –
Бәрі-бәрі қос ішектен төгіледі,
Қоңыр сазды жүректе тербеп келем.

Ер жігіттің ерлігін ол жасырмаған,
Пернесінде сөйлейді жасыл далам.
Құрманғазы, Тәттімбет, Диналардың
Өзі болып күй шертер ғасыр маған.

Сыр ашады Махамбет, Мәдилерім…
Ұрпағымен ұзартып ән-күйлерін.
Домбырасыз үйімнің сәні келмес,
Домбыра боп, туған жер, әлдилегін…

Кәрім Сауғабаев.

***

Жанғали Жүзбаевқа

Қасиетіңнен айналдым, Кешір, Домбыра!

Шанағыңды шаң басып, кесір қонды ма?

Есі кеткенше билейтін етегін ашып,

Эстраданы қайтейін есірген мына?

Қасиетіңнен айналдым, Кешір, Домбыра!

Қолымнан құран кеткелі, есімнен дұға,

Ит тірлік кешіп жүргендер иттігін жасап,

Иттерге бізді қоспақшы бос үрген, мына.

Қасиетіңнен айналдым, Кешір, Домбыра!

Керуен сазым, тоналды-ау, көшіңнен мұра.

Жатырынан жерініп, Жеті атасына

Өркөкіректерді қайтейін өшінген мына.

Қасиетіңнен айналдым, Кешір, Домбыра!

Темірден әбден тесілді-ау төсің, Домбыра.

Қанжығасына байлап ап қадірің білмей,

Есерсоқ есек мінгендер есіңді алды ма?

Ит үрер тағы … керуен… көшіміз жүрер,

Дұшпаның – жылап, өзгеріп, досыңыз күлер.

Қасиетіңнен айналдым, Кешір, Домбыра!

Екі шегіңнен садаға – екіжүзділер!

Қалқаман Сарин