Балқаш көлінің атауы қайдан шықты?

Көл атауының шығу тегіне байланысты ел аузында сақталған аңыз да бар екен.

Сиқыршы Балқаш байдың Іле деген сұлу қызы болыпты. Қызын теңіне қосып, ұясынан ұшыру уақыты келгенде Балқаш бай оны тек ең бай, көрікті және батыл жігітке ғана беретіні жөнінде жар салады.

Бағын сынауға келген ер азаматтар арасында қымбат тауарларын артқан керуені бар Қытай императорының екі ұлы, бағалы күмісі пен табын-табын жылқылары бар моңғол ханының ұлдары, сондай-ақ әсем кілемдері мен піл сүйегінен жасалған бұйымдарын тиеп келген жас бұхар көпестері де болған екен-мыс.

Осы байлығы құлақ жарған жігіттердің арасында қалыңдықтың өзі ұнататын кедей қойшы Қаратал да болыпты.Балқаш дайындаған сынақтардың бәрінен сүрінбей өтіп, жеңіске жеткен Қараталды бай қуып жібереді.

Алайда, бағынан айрылмауға бел буған Іле Қараталмен бірге қалың түнде ызақор әкесінен қашып кетеді. Қызының бұл қылығы туралы естіген Балқаш бай екі жасқа дуа жасап, екі өзенге айналдырған дейді.

Тау басынан бұрқырап ағатын екі өзен қосылмас үшін Балқаш олардың ортасына құлап, бұйра толқынды көлге айналыпты-мыс.

Гүлнұр СТАМБЕКОВАНЫҢ фб парақшасынан.