Империя немесе Мағауия Сланбекұлымен қоса кеткен бір дәуір

…Мәңгіліктей көргенбіз. Сөйтсек, олай емес екен. Мәңгі ештеңе жоқ екен ғой мына жалғанда. Оны мезгілсіз кетісімен және бір еске салған бұл адам өзі ғана кетіп қойған жоқ. Өзімен қоса бүтін бір дәуірді алып кетті. Сол дәуірінің соңғы парағын жауып кетті. Кеше мен бүгінгі қазақ баспасөзін жалғаған соңғы жіп боп үзілді. Осылайша, Қарағанды қазақ журналистикасындағы бір дәуірдің ақырғы парағы асығыс, бейуақытта қаралы жабылды…

***

Империя дегенде – монархиялық, отаршылдық билік санада жалт еткен болар. Қателесесіз. Империя дегенде бұл пақырыңыз өзінің ішкі, сыртқы саясатына сүйенген, өз сарбаздарының мүдделері үшін әрекет ететін империяны айтып отырған жөні бар. Империяда күш бар, қуат бар. Өзгені еріксіз мойындатып, басқалардан бәсін әрдайым үстем қылатын қасиет-киесі бар. Империяның қашанда сүйенгені мықты әскері екені тарихтан мәлім. Журналистика баспасөз, телевидение, радио деп үшке бөлінсе, соның ішіндегі Мағауия Сембаев бастаған Қарағанды баспасөзі империя еді. Оған басқа анықтама сай келмейді. Өзгесі аясын тарылтып тастайды. Ол – империя дегенге ғана лайық. Сондықтан, отаршылдық мағынасындағы империяны ойыңыздан ит қосып қуып, айдалаға шығарып тастаңыз. Біз қазақ баспасөзін дамытуға ықпал еткен қуатты империяны сөз етеміз.

Мағауия Сембаевтың – бір өзі сондай бір империя. Сол «Алып қорғанның құлағанын көрдім» (Е.Жүніс). Сонда оны жоқтап, «Алып тұлғалардың жылағанын көрдім». Соны көрді де көңіл империяның күйрегенін ұқты. Оны ұққан көңіл бір дәуірдің көшіп бара жатқанын іштей үнсіз түйсінді. Сол үнсіздікті жыл өткенде ғана бұзып, үн қатқан түріміз – осы.

Дәуір ұғымы әр салада әр алуан көрінеді. Геологияда, астрономияда, пәлсапада қилы-қилы. Геологияда белгілі бір тау жыныстарының түзілетін кезеңі. Астрономияда аспан денесінің нақты күйін білдіреді. Философияда сапалық жағынан өзгеше бір уақыт интервалы. Ал, біздің жағдайда, тап геологиядағыдай. Мағауия Сембаевтың кезеңіндегі Қарағанды қазақ баспасөзінің қалыптасу, түзілу, дамуы – сондай дәуірді құрайды. Тау жыныстары түзіліп барып, асыл тасты, небір жақұтты шығарады емес пе? Мұнда да солай. Ол дәуірде Дәулетбек, Самат, Еркін, Сәттар, Тілеш аға…. Тағы, тағы кімдер еді, біз есімдерін естісек те, түр-түсін танып үлгермеген Қарағанды баспасөзінің бақиға көшкен, зейнетке кеткен қалың әскері бар. Олардың ақырғысы, қолбасшысы – соқасын суырмаған өзі еді. Соңғы Могиканы-тын. Кетті де қалды. Бір дәуірдің біржола көшкені емей немене?

***

Ол дәуір кетті. Біз содан не алып қалдық? Мәселенің ендігі үлкені сонда. Зейнетке шыққанда, өмірден біржола кетіп қалады деп кім ойлапты? Әрине, қалам ұстасын, жазу стилін қайталау әсте мүмкін емес. Стиль – адамның өзі. Бір адамның өмірге екі келмейтіні сияқты стильдің де екі рет кездесуі мүмкін емес. Біз тек Мағауия Сланбекұлының әлеміне ғана үңіле аламыз. Оның әлемі – қағаз, қалам, жазу болды.

Жазулары өзі секілді – бітімі бөлек. Бөлек-салақ шашылған ой жоқ. Кесек-кесек. Жинақы, жұп-жұмыр. Қандай мәселені, нендей ойды материалына өзек қылса, соны оқырманының қауашағына оп-оңай құйып бере салады. Шаршатып, сарғайтпайды. Ел құсап езбейді. Содан шығар, жазғаны демде оқылып, жұтылып кетеді. Әсіре қызыл сөзге де әуестенбеді де. Әр сөз өз орнында. Суша сапырған жоқ.

Қазақтың тұрақты тіркестерін қызғыштай қорыды. Оның біреуі аңдаусызда бұзылса, өзінің меншігіне қол сұққандай күйіп-пісетін. Тіпті, қатты айтуға бар, бірақ тіркесті бұзғанға төбе шашы тік тұратын.

Айтып-айтпай не керек, кез келген жазбасы оқырманына «Мен – Сембаевпын» дейтін. Жазуының оқырманға әбден етенелігі сондай, аты-жөнін алып тастап, мақаланы қоя салса да, оқырман оның авторы кім екенін жазбай таныды. Себебі, ол қырық жасына дейін өзі айтқандай «фамилиясына қызмет етіп» одан кейінгі жылдарда фамилиясы оған қызмет еткен тұлға.

Әр материалына асқан бір ыждаһаттылықпен қарайтын жауапты ондай адамды әлі көргем жоқ. Ол журналистиканы жантәнімен сүйгендігі екен. Мақаланы ұзақ ұстап жүріп алғанға да жаны қас. «Шерхан айтқандай, жұмыртқаны көп шайқайсыңдар. Ол шіріп кетіп жүрмесін» дейтін күліп. Мысқылдамайтын. Риясыз күлетін. Мысқылдаса, мысымыз басылып қалар еді. Қолымыз қалтырап, қалам ұстамас па едік…

Объектісін әбден зерттеп, зерделеп, шұқылап, оның бүге-шігесіне дейін жіліктеп, содан кейін ғана газетке беруі – осы күні журналистерде шам алып іздесеңіз де табылмайтын қасиет. Бір материалын бірнеше күн, тіпті, бір апта, он күн зерттеуі бар, шалажансар ұсынбапты. Содан соң «мынаны былай зерттедім» дейді. Сонда «мақтана ма, қайтеді?» деген пендеуи ой келетін мына басқа. Сөйтсек, мақтан емес, үйренсін, білсін дегені екен. Шындығын айтайық, мұндай ізденістен қазіргі журналистер мақұрым.

Айта берсек, береріміз аз болса да, аларымыз көп еді…

***

Бірде Мағауия Сланбекұлы көзкөрген замандасы қайтқанын естігенде, бір күрсініп, «враг бьет по нашему квадрату» деді. Бауыржан Момышұлының мәтелі. Неге екенін қайдам, осы бір сөзі миыма сонда жазылып қалды. Сірә, ішкі түйсігі, сол сәтте ажал дұшпанның осы «квадраттан» ешкімді қалдырмайтынын сезді ме деймін кейде. Адам сондай сөздерді аңдап айту керек-ау деп те қоямыз іштей. Соны айтпаса, бүгін аман жүретіндей. Әйткенмен, кім білген? Ол да мүмкін бе еді?!

Десек те, жүзге жетіп, бейнетінің жемісін татқандар қаншама? Солардың қатарында жүреріне бек сенімді еді жұрт. Өйткені, анадай алыптың анау-мынауға жаны жүдей қояды дегенге сену қиын. Қателескен тұсымыз осы екен. Сол алдамшы оймен бәйтеректің өзегіне құрт түсіріп алыппыз. Ал, өзекке түскен құрттың бәйтеректі түбі бір алып соғары аян. Алыптардың жүрегі тым-тым жұмсақ, жаны тым-тым нәзіктігін кеш көрдік…

***

Уақыт озады. Заман өзгереді. Әр кездің өз талабы бар дейміз. Не десек те, қазақ журналистикасы, қоғамы Мағауия Сембаевтай тұлғаларға әлі шөлдеп, кезенесі кебері даусыз.

***

Жастар жағының Сембаевтың әскеріне сарбаз болып кіріп, сардар шыққаны жетерлік. Атын атап, түсін түстеуге әбден болар еді… Дегенмен, әркімнің іші білсін.

Қазақ үшін өлгеннің жаманы, тірінің жақсысы жоқ. Өлтіріп аламыз да, өкінеміз. Кейінде Мағауия Сланбекұлы туралы естеліктер де, жазбалар да жиі жазылып жүр. Біреу көргенін, біреу алғанын, біреу бергенін, енді бірі жазғанын айтып, ақ қағазға армансыз төгіп жатыр.

Мен Мағауия Сланбекұлынан материалдық құндылық алғам жоқ. Есесіне рухани құндылық алдым. Еркіндік деген. Журналистикада, қалам тербеуде Тәуелсіздік берді. Соның дәлелі – сол жылдар ішінде менің бірде-бір материалыма қалам тигізбегені. Тақырыбын жұмсартқанымен, мазмұнына тыйым салмады. Алдына еңбегім қатып, тісім шығып келген менің бетімнен қақпайын дегені шығар.

Зейнетке кетіп бара жатқанда «Қызғалдақтың материалына мен қалам тигізген емеспін. Кейбір тақырыптарын жөндегенім болмаса» деді. Редактор берген сол рухани азаттық арқасында журналистикадағы «Айтжанова» қалыптасты. Ондағы Сембаевтың үлесі сүбелі…

Бірақ, неге екенін қайдам, қыз атаулыны журналистикаға жақындатқысы келмейтін ұстанымы бар-тын. Кейінгі жылдары сол ұстанымын бұзды. Қыздардың қатары молайды редакцияда. Мен алғаш жұмыс іздеп келгенде «Бос жүрсең баяғыдан бері неге келмейсің?» деген. Мен «Қыздарды жұмысқа алмайтын ұстанымыңыз бар ғой. Сосын келмедім» дедім. «Ол – рас» деп балаша мәз. Алайда, ол жолы жұмыс шықпады. Бірер ай өткен соң шақыртты.

«Сенің анау ауданыңның әкімі сені «жұмысқа ал» деп қоймай отыр» деді.

«Бір орын бар. Соған сені аламыз. Только не подводи!» деді нығарлап. «Жақсы» деген бетте редактордың кабинетінен іштей тас-түйін бекініп шықтым. Сол тас-түйін күйімде қол астында тоғыз жыл тілші болдым. Тек сол түйін Мағауия Сланбекұлы қайтқанда бір-ақ шешілді. Өйткені, енді маған үміт артқан редактор жоқ. Қадірімді білетін, бес саусақ толар-толмас адам болса, оның біреуі былтыр кеміп қалған…

***

Қазақтың «қара шаңырақ қаңырап қалды» деген сұмдық суық сөзі бар. Нендей жағдайда айтылатынын ежіктеп жатудың өзі – әбес. Кеудеңіздің қуыс-қуысын кеулеп, жаңыңызды қалтыратып, жұдырықтай жүрегіңізді бүрістіріп тастайтын сызды сөз.

…Мағауия Сембаев қайтқанда қазақ баспасөзінің қара шаңғырағы сондай ауыр да азап күй кешкен…

…Содан ба, әлде білмеймін, әйтеуір түсіме жиі кіреді…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Дереккөз: Ortalyq.kz