Тіл мәселесесіне немғұрайды қарауға бола ма?

Yш жыл бұрын сыйлы ағаларымыздың бiрi Әбіш Кекілбайұлының мақалалар жинағын сыйлаған болатын. Тәуелсіздікті алғаннан бергі жазбалары топтастырылған екен. Соның арасында Шерхан Мұртаза жайлы мақаласына көзім түсті. Осыдан 18 жыл бұрын жазушының 70 жылдық мерейтойына орай жазылса керек.

Мақаланы бастағаннан-ақ тіліміздің көл-көсір байлығы алдыма жайылып сала берді. Тәнті болдым. Халқымыздың екі айтулы тұлғасының бір-біріне деген құрметінен бөлек, Әбіштей абыздың қара сөзден қамшы өргендей, көсіліп жазған ойларынан ерекше ләззат алдым.

«Дәйім, желдің өтінде, жаудың бетінде, ұшар шыңды жайлап, ұшан даланы қыстап, күндіз айқайдан, түнде «айтақтан» ауыздары босамай, іргеден жау, төбеден жұт төніп, астындағы аты ылғи ауыздығын шайнап, үстіндегі өзінің ылғи ыза-намысы қайнап, тісін қайрап, бес қаруын белінен бір түсірмей өтетін бірбеткей безерімді нояндардан басқаны адамға санамай, алыс-жұлыста, айтыс-тартыста, айқас-сайыста ғұмыр кешкен жаужүрек қауым қастер тұтатын бар мінез, бар қасиеттің бәріне ие бұл адам әдебиетке де, саясатқа да сол қалың көптің арасынан, олар шегіп баққан қиямет-қайым қиындықтардың ортасынан келді» деп жазады Шерағаң жайлы.

Одан әрі жазушының туған жерін суреттеген тұсы да керемет! «Сонау жазда нуы мен шалғыны, қыста айырттан қары мен аюдай ақырған аязы әнтек мол болатын Мыңбұлақтың жон арқасында қонжиған азғантай ауыл…». «Бес қаруын белінен бір түсірмей…», «қонжиған ауыл» – мұндай теңеулер өзге тілдерге аударылмайтын секілді.

«Мұндағы айтпағың не?» дерсіз. Осыншалықты бай тіліміз бар екен. Бірақ, телеарналарды қарап, интернет-сайттарды оқысаң, біздің тілден жұтаң тіл жоқ сияқты. Шындығын айтқанда, алтын толы сандықтың үстінде отырған жарлы-жақыбай сияқтымыз.

Мұның сыртында, «осы тіл мәселесін неге қайталай бересіңдер?» деген сөз жиі айтылып жүр. Неге қайталамауға тиіспіз?! Бәзбіреулер ойлағандай, тіл тек руханият пен мәдениет мәселесі немесе қарым-қатынастың ғана құралы емес. Ең әуелі – экономикалық тетік. Керек десеңіз, ең дұрыс анықтамасы – табыс табу көзі. Халықты асырайтын тетіктің бірі деп қарауымыз керек.

Қазіргі «қолжетімді», ортадан төмен деңгейдегі поп-мәдениет, өсек пен төсектің төңірегінде жүрген сарыжағал сайттар, осының бәрі тіліміздің деңгейін түсіріп отыр.

Ресейде орыс тілін құндылық, асыл мұра ретінде сақтайтын арнайы қорлар бар. Еуропаның кейбір елдерінде, оның ішінде, Францияда жаһанданудан, өзге тілдердің әсерінен тілді сақтап қалу мәселелері – ұлттық идеология, мемлекеттік саясат деңгейінде.

Тіліміздің байлығын сақтап қалудан бөлек қолдану аясын кеңейту де өзекті. Жалпы орыс, ағылшын тілдерінде, қателеспесем, «қара» деген сөз тек түсті білдіреді. Ал, қазақ тілінде бұл сөздің сан түрлі мағынасы бар. Қарашаңырақ, қарадомалақ, қара сөз, қара өлең, қара қазан…

Түрлі салаларға шолу жасай отырып көзім жеткені – бізге қазір қазақ тілінде сөйлеуді ғана қанағат тұтатын тұлғалар емес, ана тілінде ойлай алатын, ана тілінде түс көретін азаматтар қажет. Барлық салада, жетекші орындарда. Себебі, тiл дегеніміз әрiптердiң жиынтығы емес.

Бауыржан ОРАЗҒАЛИЕВ.

ortalyq.kz