Заманға сай дәстүрдің де аты өзгереді екен. Оған біз сөз еткелі Түйе мұрындық салты дәлел. Бұл салтты кей жерлерде көліктоқтатар, көрімдік деп атайды екен. Оқырманға төмендегі анықтама арқылы жөн сілтемекпіз…
Бұл – қазақтың әр жаңа түскен келіні білуі тиіс салттың бірі. Бір топ әйел қызы ұзатылып көшіп келе жатқан көштің алдынан арқан керіп тосады да, алдыңғы түйенің бұйдасынан, мұрындығынан мықтап ұстап алады, оны жүргізбей «түйе мұрындық» деген атпен кәде сұрайды. Салт қазіргі уақытқа дейін сақталып келеді. Әлбетте заман талабына сай, ұзатылған қыз жаңа отбасына түйемен емес, көлікпен барады. Оны жеңге, абысындары тәтті, дәмділерімен, шар, ленталарымен күтіп алады. Көліктегілер оларға сый ұсынады. Қазіргі кезде кәде көбіне ақшалай беріледі. Алайда мұның ежелден келе жатқан “түйе мұрындық” екенін бірі білсе, бірі білмейді.