Күнге күюдің пайдасы

Күнге күю кезінде – адам денесінде меланин пигменті көбейіп, тері қоңыр түске «боялады». Гелиотерапияның (күн ваннасы) пайдасы мол. Бірақ, көк тамыр склерозы, гипертониялық аурулармен ауыратындарға және орталық жүйке жүйесінің негізгі ауруларына шалдыққан адамдарға күн көзінде жатуға тыйым салынады.

Күнге күйгенде алғашқыда 10-15 минуттан бастап, кейін уақытын ұзарту қажет. Бірден ұзақ қыздырынса, күн сәулесі өтіп, адамның дене қызуы көтеріледі.

Күнге қыздырынуға ең қолайлы мезгіл – таңертеңгі сағат 9.00-12.00 арасы және кешкі 17.00-ден кейінгі уақыт. Бұл ереже сақталмаса, күннің зиянды әсері дерматит, есекжем, терінің қатерлі ісігі ауруларына соқтыруы мүмкін.

Тері біркелкі күю үшін қыздырыну алдында денеге өсімдік майын жаққан жөн.

Күн сәулесі бактерияларды жояды. Тері күнге неғұрлым күйген сайын, бактерияларды жоятын қуат соғұрлым көбейе түседі.

Ультракүлгін сәуленің әсерінен тері тез қызарып, зат алмасуы, қан айналысы жақсарады. Терідегі минерал заттарының алмасуын қалыптастыратын Д дәрумені артады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Дереккөз: ortalyq.kz