Келін түсіруге байланысты салт-дәстүрлер

Ы.Алтынсариннің Орынбор аймағы қазақтарының XIX ғасырдағы тұрмыс-салтына байланысты жазған этнографиялық деректерінде құда түсу, қыз ұзату және келін түсіру дәстүріне арнайы тоқталып, онда күйеу ауылына келіншекше киіндірген қалыңдықпен бірге қыз шешесінің бірге келетіні, сый-сияпатын алып, ауылда үш-төрт күн жатып қайтатыны, К.-ді түсіру үшін атасының үйінің оң жағына отау үй тігіліп, ішіне К.-нің жасаулары ілінетіні, келіп көрген жұрттың оған бата беретіні, Келіннің  жаңа отауда шымылдық ішінде бетіне перде жауып отыратыны, сол күні кешке келінді екі жағынан екі әйел қолтықтаған бір топ әйел атасының үйіне әкеліп, табалдырық аттататыны, табалдырықтан аттаған бойда ошаққа жеткенше үш рет тізе бүгіп сәлем ететіні, үй ортасында жанып тұрған отқа тұтатып май құйғандығы, келінді үйдің сол жағына, есікке таман отырғызатыны баяндалып, одан беташар жырының басталатыны, беташардан кейін келінді өз отауына алып баратыны айтылады.

Үйленуге байланысты әдет-ғұрыптарды үш кезеңге бөлуге болады: 1) құда түсу; 2) үйлену тойы; 3) үйлену тойынан кейінгі рәсімдер. К. түсіру рәсімдері үйленуге қатысты әдет-ғұрыптардың екінші кезеңіне жатады. Жоғарыда аталған салт-дәстүрлер қазақ елінің барлық жерінде орын алған. Алайда, құда болып немесе бір себептермен қызды алып қашу арқылы келін түсіргенде келе жатқан келінді арнайы дайындықпен қарсы алып, үйлену тойына  дейін  орындалатын  ырым-жора,  рәсімдерді атқаруда  ортақ  жайттармен  бірге  жергілікті,  аймақтық өзгешеліктер де кездеседі.

Оңтүстік Қазақстанда келін келгенде ең алдымен ырым етіп, отқа май құяр ырымы мен басына орамал салуда кейбір ерекшеліктер анық байқалады. келін келе жатқанын ести салысымен үлкен қазанның астына от жағып, қойдың құйрық майынан жеті түйір май, қызыл орамал дайындап қояды. Келе жатқан келіншектің алдынан бір топ қыз- келіншектер шыққанда ел келіні, жұрт келіні, халықтың келіні деген үлгілі келіндердің бірі келіннің басына қызыл орамал салып, қолтығынан ұстап, қара қазанның басына апарып, беті бүркеулі келіннің қолына май беріп, ыдысқа салынған оттың шоғына жеті  түйір  майды  салғызады. Келін отқа майды неғұрлым көбірек салса, оның ырысы соғұрлым көп болады деп ырымдайды, аруақтарға сиынып, «мен сияқты ел келіні бол» деп, оң аяғымен босағадан аттатқызып («оң аяғымен атта, қарағым» деп ескертеді), үйге кіргізеді. Одан кейін келінді жас қыздармен бірге құрылған шымылдықтың ішіне отырғызады. Қыздармен бірге шымылдық ішінде отырған келінді көруге келгендерден көрімдік алады. Келін болып келген қыздың басына қызыл орамал салудың себебі, оның қыз деген атын құрметтеп, жаңа жағдайға бойын бірте-бірте үйретуді жөн санайды. Келіннің басына ақ орамал ертеңінде беташардан бұрын, кейде беташардан кейін салынады. Ақ орамал салған сол үйдің үлкен келіні немесе ауылдың келіні «менің де балам ержетіп үйленеді» деп ырымдап, қызыл орамалды өзі алады.