Беташар табақ (Табақ тарту жолы)

Қазақ дәстүрге бай халық. Той-мерекеде табақ таруының өз жолы бар. Бас табақ, құда табақ және тағы басқа көптеген табақтың арнайы түрлері бар. Оған басқа жазбамызда тоқаталымыз. Осы жазбамыз арқылы «Беташар» табақ жайлы айтамыз. Бұл кейбір жерлерде, «беті ашылған келінге тартылатын табақ» десе, кей деректерде «келіннің бетін ашқан жыршы жігітке» делінген. Көріп жүргеніміздей көбінесе тойларда өнерпаз жігіттер елеусіз қалып жатады. Біздің ойымызша бұл табақ  «елеусіз қалмасын» деп сол өнерпаздарға тартылатын табақ… Сіз қалай ойлайсыз?

Беташар табақ

Қазақтың келін түсіру салтында, келіннің бетін ашқан жігітке арнап «беташар табақ» деген ас сыйлайды, үлкен сый-құрмет керсетеді. Беташар табаққа тіл жағын, жүрек, бауырын, ортан жілік, жауырын, белдеме, арқа, қабырғаларын, үстіне таңдай салады. Оның үстіне әдемі кестелі қол жаулық жабады, болса күміс жүзік, теңге қояды.

Бет ашқан жігіт жолдас-жораларымен алқа-қотан отырып, теңгені, жүзікті, қол жаулықты бөлісіп алады да, бата жасайды, әнші жіпт таңдайым тақылдасын деп таңдайды алып жейді, қалған еттерді бәрі бірігіп бөлісіп жейді. Мұны қазақ кәдесінде «беташар табақ» деп атайды.

Қазақтың сый-сыбағасындағы беташар табақтың да өзіндік құпия тілі бар. Қызық қыры, санаулан сыры бар. Беташар табаққа бас салмауы жасыңда кәрілік келмес дегені, тіл жақ, таңдай тартуы шешен болыңдар, бұлбұлдай сайраған әнші болыңдар, тілдеріңнен бал тамсын, келіннің беті жарық, жолы ашық болсын дегені. Жүрек салғаны жүрек таза, ақниетті болыңдар дегені. Бауыр салғаны бауырдай жақын болайық, жамандық, суық сөз, сұмпайы тіл болмасын дегені.

Ал, осының бәрін сыйлағаны ер жігіттің басын қастерлегені. Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді деп, ыстық аспен ықылас сыйлауы құрмет көрсету болып табылады.

Беташар табақ туралы деректің авторы:  Болат БОПАЙҮЛЫ, этнограф-жазушы.