KFC бар, қымызхана жоқ…

Қалалықтар көбіне фаст-фудқа құмар. Шыны керек, кейде үйге тапсырыспен алғызамыз. Денсаулыққа қаншалықты зиянын білсек те, тәбетімізді тыя алмаймыз. Сол жеңіл астың көбісі – өзге жұрттың қаңсығы. Қазақта жеңіл тағам жоқ па? Неге сондай тағамдар сататын дүкендер жоқ? Әлде, ұлттық тағамға құнт кем бе?

ҰЛТТЫҚ ТАҒАМНЫҢ НАСИХАТТАЛУЫ ҚАЛАЙ?

Облыс орталығында KFC, донер, бургерден көз сүрінеді. Жуырда қаланың қақ ортасынан McDonald‘s ашылды. Алғашқы күнгі елдің кезегі ішке сыймай далаға шығып кеткенін көріп, қайран қалдық.

Ұлттық тағамдар сатып алатын орын аз. Майқұдықта «Қымызхана», қала орталығында «Раян» және «Қазынаны» ғана білеміз. Бірнеше жыл бұрын Гоголь көшесінде «Қазақы асхана» болатын. Оның да бар, не жоқ екендігі белгісіз. Ұрандап, айға шаба бергенше, ұлттың жоғын түгендеуді осындай күнделікті тұтынатын дүниеден бастау керек шығар. Өйткені, өмір сүру үшін тамақты күнде жейміз. «Ұсақ-түйек» деп мән бермей мұрын шүйіріп жүргенде өзбек пен түріктің асханалары, қытай мен Еуропаның фаст-фуд орталықтары, орыстың бәліш пісіретін дүңгіршектері жаулап алуда. Сүйсініп жейміз, бірақ, қалтамызды өз қазағымыз емес, өзге жұрттықтар қағып жатқанынан бейхабармыз.

ФАСТ-ФУДТЫҢ ЗИЯНЫН БІЛЕМІЗ БЕ?

Мәселенің тағы бір жағы бар. Ол осы шетелдік жеңіл тамақтың денсаулығымызға зияндығы. Шектен тыс салмақ қосу немесе шыр жұқпау, түрлі инфекция жұқтыру, белсіздік сынды аурулар артып келеді. Сала мамандарының айтуынша, осы шетелдік фаст-фудтардың құрамында қамыр мен ашытқының көп болуы адамды семіздікке ұрындырады екен. Ал, майлы және сірке суы бар тағамдар асқазанның түгін кетіріп, ас қорытуды әлсіретеді екен. Осыдан асқазан, ішек жолдары аурулары пайда болатын көрінеді.

Мәселен, орыстың картоп немесе қырыққабат қосылған бәлішін әр пісірген сайын сұйық майын жаңарту керек. Әйтпесе, асқазанға зиянды дүниелер бөлініп шығады екен. Ал, енді бір литр сұйық майды бір апта бойы ауыстырмай бәліш пісіргендерді өз көзіммен көрдім.

Сосын, шұжық пен ірімшіктен жасалған бутерброд, чизбургер, хотдог, пицца сынды фаст-фудты бір апта бойына үзбей жеп көріңізші. Асқазаныңыз азып, тамаққа қарай алмай қаласыз. Өйткені, шұжықтың құрамындағы сірке суы ішектеріңізді күйдіріп, түгін түте-түте етеді.

ҰЛТТЫҚ ТАҒАМ ДЕНСАУЛЫҚҚА ПАЙДАЛЫ

Бірақ, біз сонда да осы шетелдің жеңіл тағамдарына әуеспіз. Зиянын білсек те, қалтамызды өзгелер қағып жатқанын сезсек те, немқұрайлымыз. Бір данышпан: «Жауымнан қорықпаймын, көп болса, атар, досымнан сескенбен көп болса, сатар, түбінде жарға жығар деп немқұрайлылықтан қорқамын» деген екен. Ендеше, біздің денсаулығымызға кім алаңдап, ертеңімізді кім ойлауы тиіс? Әрине, қазақтың мұңы қазаққа ғана керек.

«Ал, шетелдің жеңіл тамақтарынан бас тартсақ орнына не тұтынамыз?» деген сұрақ туындайды. Жауап біреу. Ол – қазақы фаст-фудтар. Мәселен, сүттен, еттен, көкөністен дайындалатын денсаулыққа пайдалы ұлттық тағамдар жеткілікті. Әріге бармай-ақ, құртты, малтаны алайық. Қазір жас балалардың тілі кеш шығуы көп кездеседі. Бұрынғы малтаны малтып өскен баланың тілі ерте шығады екен. Логопедтің айтуынша тілге жаттығу жасату арқылы ақауды жойса, малтамен өскен балада мұндай ақау болмайды екен. Айта берсек көп…

БАҒАЛАРЫ ҚАЛТА ҚАҚПАЙ МА?

Осы тұста «Біз бұл тағамдарды үнемі үйде де жейміз ғой. Одан гөрі шетелдің таңсық фаст-фудын жеген жөн емес пе?» деуіміз мүмкін. Қытайға барсаңыз, кез келген қытай өз лапшасын көшеде сүйсіне жейді. Өзбекстанға барсаңыз, әр өзбек шайханасында жатып алып, бір шұқым палауы мен көк шайын сораптап отырады.

45 орамда жуырда McDonald‘ s» орталығы салына бастағанда сол маңның бірнеше тұрғыны қарсылық көрсетіп бақты. Қолдайтын азаматтардың қарасы байқалмай, сөзін тыңдар құлақ табылмай, амалсыз кете барды.

– Негізі, уақыт тығыз болғандықтан, тез даяр болатын фаст-фуд тамағын жиі тұтынамын. Жылдам әрі бағасы қалта көтереді. Қазақтар жедел ас желісін ойлап тапса, «отандық өнім» деп бағасын шырқатып қояды. Нұр-Сұлтан қаласына жиі барамын. Тез тамақ әзірлеудің түр-түрі бар. Өкінішке орай, Қарағандыда саусақпен санарлық, – дейді қала тұрғыны Елдос Болатұлы.

Иә, шынында шетелдік фаст-фудтардың бағасы қолжетімді болса, қазақы орталықтардағы бағалар қымбат болып келеді. Ол мүмкін сапаға байланысты болар. Мәселен «Қазына» ұлттық тағамдар орталығында бір марқа еті, дәмдеуіштерімен – 75-80 мың. Онда табақ тартудың жөні насихатталады. Бағасы қымбат демесең, ел қолдайды.

Ал, кифси мен донерге 10 мыңға отбасыңызбен тойып қайтасыз. Бағасын білуге «Раян» қазақы кафесіне хабарластық. Онда да отбасымен 4-5 адам 7-8 мыңға тамақтануға болады екен.

– Бізде үнемі қазақы күй ойнап тұрады, даяшылар ұлттық киіммен жүреді. Қымыз – қысы-жазы. Бауырсақ, балқаймақ қосылған қуырдақтар және басқа да ұлттық тағамдар бар. Сондай-ақ, толық жабдықталған киіз үйлерді ұсына аламыз. Елдің көзқарасы түзу, халал болғандықтан, көбіне намазхан адамдар келеді. Демалыс күндері кісі көп. Келушілер лық толы болғанда даяшылар «Қара жорға» билейді. Қазақы тағамдар сататын орындар көп болғанын құптаймын. Өйткені, бәсеке барда, даму бар, – дейді «Раян» тамақтану орнының әкімшісі Сәуле Қаратаева.

ТҮЙІН

Бізге Қарағандыда қазақы фастфуд орталықтарын ашуға еш кедергі жоқ. Кәсіп ашамын деген адамға көптеген жеңілдік пен гранттар мол. Бір ашынарлығы өзімізде ұлттық тағамдарды насихаттауға деген ынта жоқ.

Нұр-Сұлтан қаласында ашылған «БАУЫРДАҚ» жаңа отандық фаст-фуды – денсаулыққа пайдалы тағам. Қойдың бауырының құрамы А және С дәрумендеріне, минералды тұздарға бай, ақуыз (74 %) және майлар, құрамында «Гепарин» атты ерекше зат бар, оның негізгі қызметі – қанның қалыпты ұйығыштығын қамтамасыз ету, бұл миокард инфарктінің алдын алуға көмектеседі екен.

Білсек, қазақтың тағам дайындауында да өмірден алынған философия мол. Тағамдарында денсаулығына пайдалы заттар баршылық. Меніңше, қазақы фаст-фуд дайындауды Қарағандыда да қолға алатын кез жетті. Осылайша, қоғамда ұлттық тағамға деген сұранысты арттырар едік…

Жәлел ШАЛҚАР.