«Мен ондай пьеса жазған емеспін…»

Мүсілім Базарбаев 1970 жылдың 13 тамызында Қазақ ССР Мәдениет министрі болып тағайындалды. Көп кешікпей ол мені министрліктегі ең қабырғалы бөлім Репертуарлық коллегияның бастығы бол деп қызметке шақырды. Онымен бірге қызмет жасасуға өзімнің де құмар екенімді байқамады ма, кім білсін, мен тынысымды алғанша шарттарын да айтып салды: «Сағат тоғызда жұмысқа кел деп талап қоймаймын. Жұмасындағы бір жұмыс күнің творчестволық күнің болады. Егер түске дейін жұмысыңды бітіріп тастар болсаң, түстен кейін жұмыста неге жоқ деп тергемеңдер деп қарамағымдағыларға тапсырып қоямын». Шарт осы. Ал бұл ұсынысқа қалай көнбессің!
Сөйтіп, мен 1970 жылдың аяқ шенінде Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің қол оқпандай қызметкері болып шыға келдім. Әлі есімде, бас редактордың креслосына келіп отырғаннан кейін бірінші етіп шешер мәселем мынадай болды: министрліктің бас бухгалтері Ларин (аты-жөнін ұмыттым) маған бір құжат әкеп көрсетті: Ғабит Мүсіреповке үш мың сом қаламақы. «Кездеспей кеткен бір бейне» пьесасы үшін.
– Ғабит Махмұтұлына әлденеше рет телефон шалдым, қаламақыңыз дайын, келіп алып кетіңіз деймін. Жарайды дейді де қояды. Бірақ келмейді. Содан бір күні кассирді үйіне жібердім. Ғабит Махмұтұлы құжатты олай қарап, бұлай қарап, «мен мұндай пьеса жазған емеспін» деп ақшаны алмай, кассирді қайтарып жіберген. Мұны енді не істейміз? Мүмкін, өзің сөйлесіп көрерсің. Ақшадан безген адамды бірінші рет көріп отырмын, – дейді пұшайман болған Ларин. Құжатқа қарасам, бәрі дұрыс. Репертуар коллегиясының бас редакторы Мұхамеджан Дүзенов дайындаған. Министр Омаровтың өзі бекіткен. Ордердің Лариннің жәшігінде жатқанына екі жылға айналған.
Мен осы фактіні кейін Ғабеңе айттым, қаламақыны неге алмағанын сұрадым.
– Мен ондай атты пьеса жазған емеспін, – деді Ғабең, – бәрі де Мұхамеджанның істеп жүргені.
– Мұхамеджан көп болса инсценировка жасаған шығар, «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі сіздікі емес пе?! – дедім мен. Fабең жауабы келте болды:
– Инсценировка қай уақытта пьеса болып еді?
Үш мың сомдық сол ордер күні бүгінге дейін Ларин есепшінің архивында жатқан болуға керек, іздеген адам тауып ала алады.

Жазушы Сафуан ШАЙМЕРДЕНОВТІҢ естелігінен.

#Әсет_Ақмолда