Мен соғысты көргем жоқ (9 мамырға арналған өлеңдер)

МЕН СОҒЫСТЫ КӨРГЕМ ЖОҚ

Соғыс деген суық үн,

Соғыс деген күз, қайғы.

Соғыс десе буыным,

Сынбай тұрып, сыздайды…

Алаңдаймын ойыма ап,

Жауап күтіп әлемнен.

Самолеттер бейуақ,

Ұшып өтсе төбемнен…

БЕРІЛМЕСІН ТЕК СОҒЫСҚА ЕРКІНДІК

Еркін дем ап тыныс алсын бұл кеудем,

Кең далаға шығайықшы жүр, сәулем.

Еркіндіксіз тұншыға бір күлгеннен,

Еркіндікпен жылағаным бір дәурен.

Тағдыр-ажал жетіп бұйрық, оқ төнсе,

Сөзіме емес, өзіме-ақ кеп дарысын.

Тілерім сол бұ дүниеде өткенше,

Еркіндікпен шықса болды дауысым.

Жақсылықтан кім жалығып жерінін,

Жақсылықпен жазылып бой, серпілдік.

Осы екіндік саған, маған берілсін,

Берілмесін тек соғысқа еркіндік!

ГОСПИТАЛЬДА

Жатырмын үнсіз, кең бөлме,
Ерекше бойға күш тарап.
Тағдырға адам көнген бе,
Өмірге бәрі құштар-ақ!
Мұңы бір осынау достармен,
Атуда үміт таңдарым.
Әнеки, біреу қос қолмен,
Тірейді жерге балдағын.
Сәуленің көзі терезем,
Сәулеге тосам бетімді.
Арманнан ағып көл, өзен,
Қанаты ойдың жетілді.
Аңсаймын кімді, білмеймін,
Қараймын сыртқа тағатсыз.
Кірпікті кейде ілмеймін,
Ұшайын қайда, қанатсыз…
Өмірдің жанға күйін ап,
Серпілтіп ойды, денені.
Балдақтың бәрін жиып ап,
Отқа өртегім келеді.
Қанипа Бұғыбаева