Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА: «Марқұмға мазар тұрғызылмайды, тек, басына көктас қойылады»

Кейінгі уақытта марқұмның мазарын кең сарайдай етіп тұрғызу үлкен үрдіске айналды. Бәлкім, бәсекелестік пе, әлде марқұмның алдындағы басты борышты солай ұғынғаннан ба, әйтеуір ысырапшылдыққа жол беріп жатырмыз. Тіпті, қалалық жерлерде мазар тұрғызу бизнеске айналды деуге болады. Арнайы фирмамен келіссеңіз болды, тастан сарай салады. Бұл істі бір ізділікке салуды ұйғарған Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы жанынан «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығы құрылған болатын. Енді марқұмға мазар тұрғызылмайды. Басына құлпытас қойылып, сырты да қоршалмайды. Бұл жаңалықты халық қалай қабылдар екен? Осы тақырып төңірегінде ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы БЕКҚОЖАМЕН әңгімелескен едік…

– Орталықтың негізгі миссиясынан бастасақ әңгімемізді. Біздің өңірдегі өкілі бекітілген шығар…

– Бірден айтайық, «Qamqor-Sharapat» – жерлеу рәсімдерінде ысырапшылдық пен бәсекелестікке жол бермей, ортақ мәдениет қалыптастыру мақсатында қолға алынған жоба. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен көтерілген мәселе. Бүгінде жерлеу рәсімдері шариғат нормаларына және ата-баба дәстүріне сай болуымен бірге, өркениет көшінен де артта қалмауы керек. Алдағы уақытта салттық қызмет көрсететін орталықтар ҚМДБ ұсынған үлгіге сай жұмыс жүргізсе, қабір басындағы келеңсіздіктер тоқтап, бірізділікке келеді деген ниеттеміз. Имамдардың соңғы форумында «Зират және зиярат мәдениеті» атты құжат қабылданған. Оны еліміздегі имамның барлығы дерлік мақұлдады. Бұдан бөлек, «Ас беру мәдениеті» атты құжат та қабылданған. Құжаттардың мақсаты бір – ысырапқа жол бермеу, бәсекелестікті тоқтату. Негізгі көздегеніміз – осы. Біздің аймақтың жауапты өкілі ретінде білікті қызметкер Бақдаулет Әбілдаев бекітілді.

– Құжаттардың заңды күші жоқ екені белгілі. Халыққа тыйым салатындай мүфтияттың да мемлекеттік орган емес екенінен ел хабардар. Ал, жерлеу рәсімін фирмалар атқаратынын ескерсек, бизнестің жолын кесетін сіздерде ешқандай құзірет жоқ. Бұған не дейсіз?

– Имамдар өмірден өткен адамның жаназасын шығарады. Арулап кебіндеп, зират басына барып қоямыз. Қалған шаруаға мүфтият талап қоя алмайды. Әрине, марқұмның туыстары басын қалай көтерсе де өз еркі ғой. Бірақ, біздің ойлағанымыз ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында уағыз-насихат және түсіндірме жұмыстарын барынша күшейту. Әр зират басына діни сауаты мол қадағалаушы бекітуді жоспарлап отырмыз. Енді, әр мешітте ас беру мәдениеті және жерлеу рәсіміне қатысты жұмыс атқаратын бөлім, яки, бекітілген маман бар. Біз бірлесіп, жерлеу рәсімін бірізділік- ке саламыз деген жоспар бар. Көш жүре түзеледі емес пе?

– Жақсы, енді жерлеу рәсіміне қатысты ҚМДБ бекіткен нақты талапты білсек…

– Зираттың басы көтерілмейді, яғни, мазар салынбайды. Құлпытас қана қойылады. Тасқа марқұмның аты-жөні жазылады. Әрбір құлпытастың шетінде QR-код болады. Сол арқылы марқұм туралы барлық мағлұматты білуге болады. Ол мәліметтердің бәрі орталықтың ақпарат базасында сақталады. Шариғат бойынша адамның суретін тасқа салуға болмайды. Сондықтан, марқұмның фотосы, атқарған қызметі, бала-шағасы және тағы басқа ақпарат порталға жүктеледі. Осылайша, зират басында біркелкі көрініс қалыптасады.

– Марқұмның жатқан жері де қоршалмай ма?

– Жалпы, зират басы қоршауда болғандықтан, жеке қоршаудың қажеті жоқ.

– Сонда марқұмға зәулім кесене, яки, мазар тұрғызудың қажеті жоқтығынан туындап отыр ғой бұл мәселе?

– Иә. Алланың алдында барлық пенде бірдей. Дүниеден өткендер керемет кесенесімен, мазарымен ерекшеленбейді. Марқұмның туыстары «Бұл – борышымыз. Керемет тұлға еді. Өсірді, жеткізді. Жақсылығы өтіп кетіп еді» деген ұстанымда болады. Ол – қате. Керісінше, мазарға кеткен ақшаны қайырымдылыққа жұмсаса, ол марқұм үшін үлкен сауап. Және үнемі дұғада болса, сол кісінің атынан жақсылық жасап, садақа бер се нағыз пайда сол болады. Соны түсіндіруіміз керек. Зират бастарын аралап көрсеңіз, мәрмәрдан, гранит пен алмас тастан тұрғызылған небір кесенелерді кездестіресіз. Олардың бәленбай миллионға салынған ал, елімізде баспанасыз жүргендер қаншама?

– Бұл үрдіс басқа мұсылман мемлекеттерінде де қалыптасқан шығар?

– Бұл шариғатымызға жаңалық емес. Ислам – ысырапшылдыққа жол бере қоймайтын дін. Сол себепті, мазарсыз жерлеу Мысыр, Сауд Арабиясы, Түркия, тіпті, іргелес Өзбекстанда да бар. Татарстан мен Башқұрстан елдерінде 7-8 жыл бол- ды осылай жерленеді. Құлпытастар да біркелкі болуы керек.

– Талаптарыңызда жерлеу кезінде марқұмның қасынан орын алып қалу мәселесі қарастырылған ба?

– Мүфтияттың талабы бойынша, енді жер олай берілмейді. Өйткені, бір ізділік сақталмай қалады. Мысалы, бір адамды жерлеп, екіншісіне орын алып қалса, біркелкілік бұзылады. Бірақ QR-кодпен екінші адамды оңай табуға болады. Ол шежіре сияқты жасалады. Мысалы, бір жерде әкесі жерленеді, ал, атасы басқа секторға жерленуі мүмкін. QR-кодта бір тармақпен көрсетіледі, жатқан жері де белгіленеді. Осылайша, арнайы секторда бір адамның басына барып, құран оқығаннан кейін екіншісін қайда жерленгенін оңай табуға болады.

– Келесі сұрақ QR-кодқа қатысты болсын, бұл жаңашылдық басқа мемлекеттің тәжірибесінде бар ма?

– Біз бірінші болып енгізгелі тұрмыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында ақпараттық технологияларды меңгерген жас әрі білікті мамандар бар. Солардың ұсынысын пәтуа бөлімі қарастырып, бастаманы қолдады. Марқұмның өмірбаянын тасқа жазғанша, QR-код арқылы ақпараттық базаға салған дұрыс деп шештік. Оған біраз мәлімет сияды. Сосын кез келген адам ұялы телефонымен марқұм туралы барлық ақпаратты, фотоны да көре алады. Біз шариғаттың талабын сақтап, өркениет көшінен де қалмауымыз керек.

– Жерлеу рәсіміне қатысты қолға алынған шаруаларды бүге-шігесіне дейін баяндағаныңызға алғыс айтамын. Әңгімемізді түйіндесек…

– Алла Тағаланың алдында иман келтіргеннен кейін бәріміз бірдейміз. Халқымыз бұл жаңашылдықты түсіністікпен қабылдайды деген ойдамыз.

Сұхбаттасқан Қасымхан ҒАЛЫМ.