Қоғалы көлдер, қом сулар…

***
Белгілі биік көк сеңгір
Басынан қарға ұшырмас,
Ер қарауыл қарар деп,
Алыстан қара шалар деп;
Балдағы алтын құрыш болат
Ашылып шапса дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп;
Арғымақтың баласы
Арыған сайын тың жортар,
Арқа мен қосым қалар деп;
Ақ дария толқын күшейтер,
Құйрығын күн шалмаған балығым
Ортамнан ойран салар деп;
Азамат ердің баласы
Жабыққанын білдірмес,
Жамандар мазақ қылар деп!
Қазтуған Сүйіншіұлы
***
Қоғалы көлдер, қом сулар
Қоныстар қонған өкінбес.
Арыстандай екі бұтын алшайтып,
Арғымақ мінген өкінбес.
Кілең бұздай кілшейтіп,
Көбелер киген өкінбес.
Жұпарын қардай боратып,
Арулар құшқан өкінбес.
Торы төбел ат мініп,
Той тойлаған өкінбес.
Құрама шапшақ көп қымыз
Құйып ішкен өкінбес.
Екі арыстап жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сарыарқаның бойында
Соғысып өлген өкінбес!
***
Алғаным Әли ағаның қызы еді,
Қас арудың өзі еді.
Маңдайы күнге тимеген,
Желге шашын үрмеген,
Серпіліп адам бетін көрмеген,
Қалай күн кешті екен!
Қосақай, Қосай, Ер Досайдың анасы
Хан қызындай сұлтанның
Айдындықтай ақ білегін жастанып,
Ерен үйін тіктіріп,
Омыраудағы он түймесін ағытып,
Кейінгі қалған көпекке
Қалай да белін шешті екен?!.
Доспанбет Азауұлы
***
Жақсының жақсылығы сол болар –
Жаманменен бас қосып,
Сөйлемекке ар етер;
Жаманның жамандығы сол болар –
Сөйлесе, дәйім бетін қара етер;
Бір жақсыға басың қосып сөз айтсаң,
Сол жаман сырың сақламай,
Әрдайым дұшпаныңа әр ісіңді қор етер
***
Жалп-жалп ұшқан жапалақ
Аттансаң жазы түзде көрерсің,
Жаман туған бар болса,
Жаман жолдас көп болса,
Жазаны содан көрерсің.
***
Туырлықсыз қара үйге
Ту байламақ не керек!
Туғаны жоқ жалғызға
Көп ішінде суырылып,
Жауға шаппақ не керек!
***
Жауынды күні көп жүрме,
Жар жағасы тайғақ-ты.
Жаманға жақыным деп сөз айтпа,
Күндердің күні болғанда,
Сол жаман өз басыңа айғақ-ты!
Асау тулап жықпаса,
Артқы айылдың беркі игі.
Жағаға дұспан қолы тимеске,
Артыңда туысқанның көбі игі.
Күндердің күні болғанда,
Қырға шықпас жаманның
Барынан да жоғы игі!
***
Көктеп мінген еріңнің
Астында көп жүгірер күлік бар,
Көн садақтың ішінде
Көбе бұзар жебе бар.
Көрінгеннің бәрін де кісі демеңіз:
Күпе-күндіз тал түсте
Тараңдап түзге кетер кісі бар.
***
Ау, бөрілер, бөрілер,
Берімін деп жүрерлер!
Һәрбірінің баласы
Алтау болар, бес болар,
Ішінде абаданы бір болар.
Абаданынан айрылса,
Олардын һәрбіреуі
Һәрбір итке жем болар.
***
Шағырмақ бұлт жай тастар,
Ағытқан қойды жол бастар,
Ақ желкенді жел бастар,
Ғадыл төре ел бастар,
Батыр жігіт қол бастар,
Шешен адам сөз бастар.
Құс жинасаң – бүркіт жи,
Қыс тоныңды түлкі етер,
Бір жақсымен дос болсаң,
Азбас, тозбас мүлкі етер.
Бір жаманмен дос болсаң,
Күндердің күні болғанда,
Жүмле ғаламға күлкі етер.
Шалкиіз тіленшіұлы