Баяғыда бір ханның ауылында молда болыпты. Халықтың алдындағы беделі сұмдық екен. Құран оқып, ас-жиындардың бәрін өзі атқарып, ақшаны қырып табатын көрінеді.
Әлгі молда осылайша ханға ғана сәлем беріп жүргенде ауылға бір мықты құрылысшы келіпті. Неше түрлі әсем ғимараттар, ханға арнап сарай салыпты. Жұрттың аңсары енді құрылысшыға ауа бастаса керек. Беделі де күннен-күнге асқақтай түсіпті. Мұны молдекең көре алмай жүріпті. Не істесем екен, қалай мына бәледен құтылсам екен деп жүргенде бір күні басына бір ой сап ете қалыпты.
Дереу ханға жүгіріп барып:
– Хан ием, бүгін бір түс көрдім, – депті.
– Қандай түс, не көрдің? – деп сұрайды хан.
– Сіздің әке-шешеңізді көрдім. Сізге бұйымтай айтты.
– Не бұйымтай?
– Әке-шешеңіз пейіште нұры шалқып жүр екен. Ол жақта жанға керектің бәрі бар, бірақ бір нәрсе жоқ екен.
– Не жоқ екен?
– Мешіт жоқ екен. Соған сізге мешіт салып берсе деген сәлемдемесін айтты. Ауылдағы атақты құрылысшыны жіберсін деді.
– Оны қалай жібереміз?
– Оның амалын ойластырып қойдым. Құрылысшының өзіне көр қазғызып, тірідей көмейік, сосын ол о дүниеге барып, мешіт салады, – дейді молда.
– Ойбай, онда солай етіңдер! – депті хан.
Осылайша құрылысшыға өзіне көр қазғызыпты. Құрылысшы да қу болса керек, қазып жатып, арғы шетінен шығып кететін есік жасап қойыпты.
Сонымен көрді қазып біткен соң оны тірідей көмеді. Құрылысшы құпия есікпен шығып, бірнеше жыл басқа ауылда өмір сүріпті.
Содан бір күні құрылысшы баяғы ханның ауылына қайта келіпті. Жұрттың бәрі аң-таң. Тіке хан сарайына тартыпты.
– Уа, хан ием, мен келдім. Әке-шешеңіздің тілегін орындадым. Үлкен мешіт салып бердім.
– Жарайсың, разымын. Тағы басқа бұйымтайлары бар ма екен? – депті хан.
– Иә, хан ием, бір бұйымтай айтып жіберді. Мен салып берген мешітке молда керек екен. Соған сіздің ауылдағы молданы жіберсін деп жатыр, – депті құрылысшы.
– Оны қалай жібереміз?
– Мені қалай жіберсеңіздер, оны да солай жіберуге болады.
– Онда молданы тірідей көміңдер! – деп хан бұйрық берген екен…