«Алғыс айтам — Аспаныма арайлы…» (Алғыс айту күні жайлы өлеңдер)

Рысбек Тұрысбековке

О бастан-ақ Мен Сен болғам,
Сен, әрине, Мен едің,
Екеуміз қос желкені едік достық атты кеменің.
Келер таңға қиял жалғап, сыр толғасып кей күн біз
Шын досы жоқ адамдарды аяу керек дейтінбіз.
Адал достық құдіретін ешбір сезім бөгемес,
Тіпті көзсіз махаббаттан оның даңқы кем емес.
Тірліктегі менің әрбір өрісім мен жеңісім
Ең негізгі қуаныш боп есептелді сен үшін.
Қалжыраған сәттерімде қайғы-мұңмен қағысып,
Пейіліңді қанат етіп,сен жетуші ең ап ұшып.
Енді бейнең алыс тартты қалың тұман ішінде,
Еш айырма болмап еді сөзің менен ісіңде.
Зор пенделік тарту күшін жеңе алғанын үшін де,
Саф адалдық ауасымен дем алғаның үшін де,
Маған шексіз және шетсіздене алғаның үшін де,
Алғыс айтып өтем саған өңім түгіл түсімде.

Мұхтар ШАХАНОВ.

Бабаларым, рақмет сендерге!

Балаларым болмасын деп көр-кеуде,

Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,

Өмірге мен мылқау болып енгенде.

Бабаларым, Рақмет сендерге!

Жыраулардың жазбай кеткен жырларын,

Арулардың айтпай кеткен сырларын,

Қорқытыңның қорқынышты мұң-зарын,

Қобызыңның шанағынан тыңдадым.

Құлазыған сенің құла түздерің,

He білмеген, не көрмеген, ізгі елім.

Жазылмаған тарихымның жолдарын,

Ауызекі аңызыңнан іздедім.

Мен білмеймін.

Басыңа әлде орнап бақ,

Шаһар салып, жасадың ба жаннат-бақ.

…Әлдеқалай тасқа түскен таңбада

Табынамын, тарихымдай ардақтап.

Сыр ашпайды сенің құла түздерің,

Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің.

Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын,

Домбыраңның пернесінен іздедім.

Іздедім де, сәттерімде, түңілген,

Тастап кеткен аңызыңа жүгінгем.

Жүгінгем де, қайта туғам, тірілгем:

Тарихымды жазудамын бүгін мен,

Бабаларым, сенің Ана тіліңмен!

…Менің мына қайта туған күнімде,

Сөйле, оркестр, дүрілде бір, дүрілде!

Сөйле, Моцарт, менің Ана тілімде,

Сөйле, Данте, менің Ана тілімде.

Мұқағали МАҚАТАЕВ.

***

Аллаға әуелі рахмет!
Тірлікті мынау жаратқан.
Анаға шексіз рахмет!
Ақ сүт берген, толғатқан.
Әкеге айтам мың алғыс!
Ұрпақтар жібін тарқатқан.
Бауырға туған рахмет!
Қолдаған, сүйген, жұбатқан.

Ұстазға ұлы рахмет!
Нәрімен білім сусатқан.
Балалық досқа рахмет!
Қуанған бірге мұңдасқан.
Сол жанға айтам мың алғыс!
Сезімі үшін жылытқан.
Халқыма туған рахмет!
Шыңдаған, елге танытқан.

Қазаққа дархан рахмет!
Салт-санасын сіңірген.
Жеріме байтақ рахмет!
Таза ауа үшін сімірген.
Жарыма айтам мың алғыс!
Сыйлаған ұл-қыз, түсінген.
Барша әлем, саған рахмет!
Әр күнім үшін кешірген.

Ақ пейіл

Ойнақтаумен қайнап шығар тереңнен,

Ашық-жарқын мейірімі мол елден.

Аппақ-аппақ ниеттерге оранған,

Алғыс жиып келем мен.

Алғыс алып келем мүлде арымай,

Маңдайыма қадап алып Жарым Ай.

Көп кірбіңнен арылады жүрегім,

Алғыс айтсам тарыдай.

Алғыс айтам – Аспаныма арайлы!

Алғыс айтам Анаға аппақ самайлы.

Әкеме кеп алғыс айтсам жарқырап,

Бәрі маған қарайды.

Әлі менің қойылмаған нүктем көп,

Алғыс айтып біткем жоқ.

Айналама жасасам да жақсылық,

Алғыстарын күткем жоқ.

Алғыс жайлы көп дестем,

Жан-Арыммен осылайша серттескем.

Ақымаққа алғыс айтам, кім білсін,

Мен оларсыз сан жеңіске жетпес пе ем?..

Алғыс саған – Азаттық!

Өзің жайлы болса шіркін, сөз ақтық.

Жер Анам мен Жаратқанға мың алғыс,

Өмір берген – Қазақ қып!

Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ.

***

Алғыс күні аталыпты 1-наурыз,
Парыз екен бəріне айту алғыс.
Өмір берген, жан берген, қуат берген,
Аллахыма айтамын мен шексіз алғыс!

Күндіз-түні еркелеткен күнім деп,
Əрқашанда мейірім төккен күлімдеп.
Ақ жаулығы желбіреген апатай,
1000 алғысын айтады күнің кеп!

Немере ыстық екен баласынан,
Аташым, артықсың сен бар асылдан.
Алғысты бір өзіңе жаудырамын,
Көзіңнің санадың артық қарасынан!

Көз ілмей түн ұйқысын төрт бөлген,
Өзіңдей асыл жанды кім көрген.
Алғысым шексіз саған, жаным анам,
Əрқашан тілеуімді тілеп жүрген!

Қашанда қарыздармын, əке, саған,
Əрқашан мейіріміңді төктің маған.
Жүректің арнап ыстық махаббатын,
Əкетай, шексіз алғыс айттым саған!

“Ағайын тату болса, ас көп” деген,
Жақсылықта əрқашан бірге жүрген.
Ағайын, бауырларға 1000 рахмет,
Қиналғанда бір-бірін демеп жүрген!

Ұстазым — сөзің асыл баға жетпес,
Əр сөзің мың жыл жүрсе дəмі кетпес.
Шəкіртін баласындай қадірлеген,
Ұстазым, 1000 алғыс та саған жетпес!

Дос дегенің- бауырың, ол сырласың,
Қиналғанда сырыңды айтар мұңдасың.
Шын достыққа тең келмейді ештеңе,
Алғыс айтып, достық жыры жырлансын!

Серігім бар өмірлік жан жолдасым,
Отбасыңа қашанда сен қорғансың.
Алғыс айтып əрқашан жүрем саған,
Разы болып Аллахым өзі қолдасын.

Балаларым-бақытым да байлығым,
Сендер барда ұмыт болар қайғы-мұң.
Алғыс айтып Жаратқаннан тілеймін,
Жүректерім көрмесе екен қайғы-мұң.

Әріптестер, жұмыста бірге жүрген,
Ебін тауып арасында ойнап-күлген.
«Ұстаз» деген ұлық атқа лайық жандар,
Алғысымды жаудырдым сіздерге мен.

Шəкірттерім, болашағым, арманым,
Қанат қағып биіктерге самғағың.
Сендерсіңдер болашағы елімнің,
Шексіз алғыс айтамын мен, жандарым.

***

Алғыс

Әуелі өлшем – Тәңіріме алғысым,
Мәуе берсем – Тамырыма алғысым.
Күнге алғысым – шапағына бояндым,
Гүлге алғысым – жұпарынан ояндым!

Анаға алғыс – ақ сүтінен күш алдым,
Атаға алғыс – жонған оқтың ұшы алтын!
Жеріме алғыс – Алтай, Арқа, байтағым,
Еліме алғыс – Азаттықтың айт әнін!

Досқа да алғыс – жау ішінде қалмадым,
Қасқа да алғыс – шайналса да бармағым.
Құранға алғыс – имани шарт, қорғаным,
Тұранға алғыс – жалғасы Алтын Орданың!

Алғыс айтсын бауырымдағы бар ұлыс,
Алғыс алмай еткен ісім – жарым іс.
Алғыс деген – Абыл деген сөз-ау бір,
Қарғыс деген – Қабыл деген сөз-ау кір.

Алғыс айтам кіріп тұрып әр үйге,
Алғыс, алғыс – қарияға, сәбиге.
Қазақты Алла алқап тұр ғой, сонан соң
Ардай қымбат алғыс шығар, әрине…

Алғыс деген, алғыс деген сөз ұлы ә?!
Махаббатқа алғыс – Баян-Қозыға.
Болашаққа Алтын тастап кете алман,
Елден алған Алғыс – солар қазына.

Жаңбырменен Жер көгерді, енді өлмен,
Батаменен Ер көгерді, дем берген.
Бір сөмке алтын керек емес, адамдар,
Бір сөтке алғыс естиінші, сендерден.

Мирас АСАН.