Оңтүстік тойының ерекшелігі…

Оңтүстік аймақ та батыс өңірі сияқты салт-дәстүрлерді қатаң ұстанады. Сол себептен бұл жердің тойы да әрбір өңірге ортақ құда түсу, сырға салу, киіт алмасу сияқты кезеңдерді өтеді. Алайда, оңтүстіктің өз ерекшеліктері бар.

Ол жерде қыздың әке-шешесі тойға келеді, бірақ беташарға келмейді. Беташарда туыстарды топтамай, әр адамның аты бөлек аталады және ақша тасталады.

Ұзату тойда қызды міндетті түрде сағат түнгі 12 дейін алып кету керек. Оңтүстікте қалың мал төленеді. Және оның құны аз болмауы керек. Той өтісімен, жас келін туысқандарға, көршілерге, ата-енесінің, жарының достарына арнап «келін шай» береді. Тек шай құярда ғана емес, күнделікті өмірде де келін міндетті түрде басына орамал тартып жүру керек. Қызыл Орда өңірінде бұл орамал қызы түсті болуы шарт. Үстіне қызыл көйлек киеді.

Сонымен қатар оңтүстік өңірі келіннің сәлем салғанын қатаң талап етеді. қайынсіңілі мен қайныларының аттарын атамай «Ерке бала», «Еркежан» деген сияқты ат қояды.

Батысқа қарағанда оңтүстіктің тойы кеш басталап, ерте бітеді. Әр тілектен кейін билегенді ұнатады, көп сөзді тыңдамайды. Той басталғанда адам көп болады да, аяқталуға шақ қалғанда адам қалмайды. Сыйлықтарын беріп, қайтып кете береді.