Бірде ұлық Алла дәргейіне есепші періштесін шақырды. Оның құлағы мен көзі жердегі құм мен аспандағы жұлдыздан жүз есе көп еді. Ұлық Алла оған:
— Дереу мұхит пен теңіздегі судың тамшысын санап, есебін алдыма қой, — деді. Періште бөгелмеді. Сол заматта су тамшысын сатыр-сұтыр санап, қисапсыз сан-санақты Алланың алдына жайып салды.
— Жарайсың,- деді Раббысы. — Енді әуелден ақырға дейін келіп-кететін бүкіл ағаш пен өсімдік және гүлдің жапырағын сана, — деді. Періште саспады. Сарт-сұрт еткізіп дәлме-дәл санын сол заматта айтып салды. Тәңірсі оған риза болып:
— Енді Жердегі құмның қиыршығын сана. Қисабы қанша екен? -деді. Періште бұ жолы да қиналмады. Көзді ашып-жұмғанша анық санын сарт еткізді.
— Бәркелді! – деді Тәңірсі. — Енді Рамазанда ауыз бекіткен момынның бір күндік сауабын сана, — деді. Сол кезде сұмдық болды. Жаңа ғана есептен жаңылмай қисапсыз санды шыр айналдырып тұрған құдіретті періште тұтықты да қалды. Сансыз құлақтары қыбырлап, есепсіз көздері жыпылықтап, әбіржіп кетті. Мың-миллиард еріндері жыбырлап, момынның оразадағы бір күндік суабына жете алмай зорығып кетті. Ақырында қисабынан жаңылды да сәждеге өзін тастап кеп жіберді. Гүрс етіп құлады да, сәждеден тұрмаған қалпы:
— Уа, Жаратушы Раббым! Бұл іс маған қол емес. Ауыз бекіткен құлыңның бір күндік сауабына жете алмадым. Шатасып кеттім. Оның қисабын өзің білмесең, менің шектеулі қабілетім сарқылды, — деп шынын айтып жылады. Сол кезде ұлық Алла:
— Жарайды, басыңды көтер. Өзіңді артық қинама. Оның саны өзіме ғана мәлім. Сол нығметтеріммен ораза ұстаған момынды өзім жарылқаймын, — деді.
Санжар Керімбайдың фейсбук парақшасынан алынды