Шайтан неге жұмақтан қуылды?
Шайтан ( ол кезде оның аты әлі Ғазәзіл еді) «бәрін» білгісі келді, «түгел білем» деп ұмтылды, «көз жетпесті» көздеді. Ғазәзіл өзінің шектеулі екенін, Құдайдың жаратқан мақұлығы екенін ұмытты, шектен шықты. Өлшеусіз, Шексіз, һәмманы (барлығын) білетін Иесі бар екенін қаперіне алмады.
Ол күнде көз жетпесті көп көздеген,
Түгел білем қайда екен деп іздеген.
Жапа-жалғыз білімнен бақ шықпайды,
Өлшеусіздің сыймасын бір сезбеген.
Абай өзінің «Китаб Тасдиқ» (38 сөз) атты еңбегінде: «Алла Тағала — өлшеусіз, біздің ақылымыз — өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды» дейді.
Білім — осы екеуін — өлшеулі мен Өлшеусізді айырып үйренуден бастау алады. Бұл — мәдениет. Ойлау мәдениеті, өмір сүру мәдениеті. Өкінішке қарай, қазақ қоғамы осы ұлттық, дәстүрлі білім беру жүйесінің моделін жоғалтты. Біз қазір баланы мектеп табалдырығын аттағаннан бастап «бәрін білуге» үйретеміз; бала «бәрін білуге» міндетті сияқты.
Бұл модельдің санамызға сіңгені сондай «бәрін білгенде осыны да білмейсің бе?!» деп ренжиді кей ағайындар. -Айналайындар -ау, бәрін білетін Құдай ғана, мен бәрін білуге міндетті емеспін, — деп ақталасың еріксіз.
Біздің оқу жүйемізден өткен бала «бәрін біледі», бірақ ең бастыны — Өлшеусізді — һәмманы (бәрін) білетін Құдайды біле бермейді.
Абай ескертеді: «Ол білім, ғылымы құдаға (Құдайға — О.Ж.) мұқтәди ( еру, бағыну — О.Ж.) болсын. Ғылым әуелі ғалами ғылымға мұқтәди болсын. Яғни құдай тағала бұл ғаламды жаратты, ерінбеді, келісімменен, хикметпенен кәмәлатты бір жолға салып жасады, сіздердің ісіңіз де бір жақсылық бина (негіз, тірек — О.Ж.) қылып, арқа сүйерлік шеберлікпен болсын».
Өлшеулі ақыл иесі (адам) осылайша Өлшеусізді (Құдай Тағаланы) танып, Оның жаратудағы шеберлігі мен келісімін (гармониясын) танып, ғашық болып, өзі де жер бетінде осы келісімді (гармонияны), кәмәлатты (кемелдікті) қайталауға тырысып, ол үшін әр ісінде бір жақсылықты негіз қылып алғанда ғана үйлесімді һәм берекелі қоғамға қол жеткізуге болады.
Ал «бәрін білетін», бірақ Өлшеусізді (Құдайды) танымаған, өзінің шектеулі ақыл иесі екенінен қаперсіз баладан жақсылық күтпей-ақ қойыңыздар. Өлшеусіздің сыймасын бір сезбеген білім бағымызға емес, сорымызға айналатыны күннен анық, айдан жарық ақиқат.
(Жалғасы бар)
Омар Жәлелдің фейсбук парақшасынан.