Шашу. Көрімдік. Сүйінші.

 

Қазақ халқы өзге елдер үшін қашанда қонақжай, ақкөңіл, меймандос халық ретінде сипатталады. Қолындағы барын қуаныш үшін аямайтын, сұрағанға қашанда кәдесі дайын тұратын халық. Жалпы қазақ халқы үшін қуанышқа берілетін, сұралатын кәде сыйлардың түрі көп. Және олардың әрбіреуінің орындалу тәртібі мен реті бар. Солардың ішінде кең таралғаны және осы күнге дейін орындалып келе жатқандары сүйінші, көрімдік беру және шашу шашу. Қайсысы қандай жағдайда сұралады және қандай себептермен беріледі. Әрқайсына жеке-жеке тоқталып өтейік.

Шашу. Көнеден бізге жеткен және осы күнге дейін орындалып келе жатқан қуаныштың белгісі. Тек қазаққа тән бұл жоралғы: келін түскенде, күйеу жігіт келгенде, құда келіп, жақсылық орын алған күндерде, сәби дүниеге келгенде, тұсаукесер, сүндетке отырғызу, жырақтан сағындырып жолаушы келгенде, бір заттың алғашқы ашылуы болғанда немесе бірінші рет көрсеткенде орындалады. Шашылған шашуды қуанышқа куә болған сол жердегі жасы үлкенінен кішісіне дейін таласып теріп алады. Бұл қуаныш бізге де жұғысты болсын деген ниет, ырым. Шашуға тәтті-дәмді, қант-кәмпит, құрт-ірімшік, өрік-мейіз, күміс теңгелерге дейін салуға болады. Шашуды жасы үлкен әйел адамдар шашады. Сонымен қатар, алыстан қонақ келгенде де «біздің шашуымыз» деп арнайы қант-кәмпитін салып әкеледі. Бірақ, оның барлығы шашу ретінде шашыла бермейді. Ол ысырап ретінде саналған. Сондықтан, аталған қуаныш үшін бір рет қана шашу шашылады. Ал туған-туыстың шашу әкелуі ізгі ниетті, ақ тілекті білдіреді. Бұл шашылмайтын шашуға кіреді.

Көрімдік беру (сұрау). Бұл – қазақтың тағы бір ерекше салт-дәстүрінің бірі. Жаңа баспаналы болғанда, үйге жаңа мүлік, жаңа киім және бағалы зат алғанда, жаңа түскен келінді, дүниеге келген сәбиді алғаш көргенде туған-туыс, дос-жарандардың жасайтын кәдесі. Осы сияқты басқа да жайттарда қуанышты алғаш көрген сәтте көрімдік сұрау және беру халқымызға тән сұлу салттың бірі. Жоғарғы оқу орнын бітірген жастардың дипломын қоса алып жүріп көрген туыс-туған, жора-жолдастарынан көрімдік жинап жүретінін сіз де күнделікті өмірде кездестірген боларсыз немесе өзіңіз де солай жасаған шығарсыз. Ол үшін еш қысылып-қымтырылып, ұялуға болмайды. Көрімдік сұраудың еш сөкеттігі жоқ. Бұл қайта ең әдемі салтымыз, дәстүріміз. Бұл нағыз қуанышты көрсетуге себеп. Бұл туыстар арасындағы қарым-қатынасты жақсартады және қолы ашықтығын байқатады.

Сүйінші сұрау. Сүйінші жақсылықтың нышаны. Кітаптардан, ескі кинолардан қуанышты оқиға орын алғанда кейіпкердің жақсы хабарды жеткізу үшін «сүйіншілеп» жүгіріп келетін жағдайын жиі кездестіреміз. Одан бөлек, бүгінгі күннің өзінде отбасымызда жақсы жаңалықты бірінші сүйінші сұрап жеткізетініміз де бар. Мысалы: сәбидің дүниеге келуі, алыстағы-жақындағы көптен көрмеген адамның келуі, қызметте жоғары лауазымға ие болу немесе түрлі мараппаттар алу және т.б отбасы, ұжым, елді қуантатын жаңалық. Қуанышты жайтты бірінші болып жеткізген адам «сүйінші, сүйінші» деп дауыстап келеді. Жаңалықты есту үшін үй иесі «ал, ал» немесе «қалағаныңды ал» дейді. Сүйіншіге ақша, бағалы зат немесе сұраушының қалаған сыйлығын ұсынады. Ал, ескілікте сүйіншіге сұрағанын бере алмаса өзінің қалағанын сұраусыз алып кететін болған және ол ұрлыққа жатпайды. Бұл халқымызда қуанышқа ортақтасу, бірге қуанып, бөлісу үшін қалыптасқан жоралғы.

Міне, үш салттың себептері, орындалуы әртүрлі болғанымен барлығы да қуанышқа негізделген. Қуанышты жария ету, бөлісу және өзімізге де сондай қуаныштың орындалатынына ниет ету. Қандай себеп болмасын бетіміздегі балбұл жанған күлкіге, мейірімге себепші қуанышты оқиғалар сіздің өміріңізде молынан орын алсын деп тілейміз және сүйінші сұрауды ұмытпаңыз.