Шідер

БИІК

«Бұдан бес жыл бұрын 60 жасқа толуына арналған ұлы жіңгір тойында Мағашқа: «Алпыс жас – Тәңір ием қолдағанға, тағы бір алпысты асар жолдағы арба», – деп ұзақ ғұмыр тілеген едік. Бірақ, жазмыш басқаша кесіп-пішіпті… Аяулы достың кесек бітімі кескінделген сол өлеңді тағы бір рет оқудың сауабы болар деп қайыра ұсынуды жөн көрдік».

Автор.

Ей, досым!
Досым, досым, досым, досым,
Қашанда замананың көшіндесің.
Байқаймын сенен дәйім бабамыздың,
Баяғы батыр мінез көшірмесін.
Білсеңіз алпысың бұл – талтүсің бұл,
Жүзіңде талтүсің боп шалқысын нұр.
Сәні боп алты белдің сылаңдайды,
Алты ақбоз,
Алты жүген,
Алты шылбыр.
Жұнттай боп жайнау үшін дала, қыстақ,
Жайың бар жан берісіп, жан алыспақ.
Сен де бір аруақты ер ел қорыған,
Қолына найза орнына қалам ұстап.
Қаламың қашаннан-ақ ел тірегі,
Маздатса «Тамыздығын» өлтіреді.
Мағаудың жазбасынан, қажет болса,
Мағауин мәнді мысал келтіреді.
Намысқа шабатұғын қан қызбада,
Қаймықпай сөзіңді айттың, балдыз бала.
Шерханның көрігінен балқып түскен,
Сен де бір күміс құйма жалғыз дана.
Аялап жүректегі ұлы сезім,
Алашқа анық жетті тірі сөзің.
Қара көп,
Көп қараның қылаңы – өзің,
Кесек көп,
Көп кесектің ірісі – өзің.
Алпыс жас – Тәңір ием қолдағанға
тағы бір алпысты асар жолдағы арба.
Дүние не болар ед,
Өзің сынды адамның Ақсораңы болмағанда?!

Абзал БӨКЕН.

***

ШІДЕР

Шұбар ауыл.
Шұбар бел.
Шұбар дала.
Шұбар бұлттан күн күлді мұнарлана.

Шұбартауда жайылған шұбар айғыр,
Шідеріне қарады күмәндана…
…Жетім бала әкесін сүйе алмады…
Жесір әйел әлдене қиялдады.
Тоқал тамның төріне жасырынған,
Есі ауысқан өмір-ай, қияндағы…
Жастандырып беткейге өз тағдырын.
Жас қабірде жатқан жоқ аз тағылым.
Қас қаққанша қаздиған молаларға,
Қасқа белден қарайды қасқа құлын…
Һақтан ризық тілеген жалбарынып,
Қала жаққа сүйреді алдағы үміт.
Қара базар ішінде қара қазақ –
Қара қазан қалыпты аударылып…

Ерғанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

***

«Өмірге келші, өтінем!..»

Өмірдің басы, шетімен,

Ғажайып болып бекіген.

Шын айтам, балам, ант берем,

Өмірге келші, өтінем!

Махаббат пенен рақым бар,

Сүюге сенің хақың бар.

Бұ дүниедегі үлестен,

Өзіңе ғана жақынды ал.

Жақсылық өлген жоқ мұнда,

Жаны бар су мен оттың да.

Өмірге келіп, әлде сен,

Кетіп қалдың ба, соқтың да?

Өмірдің түн мен таңынан,

Бір мін таптың ба, жаным-ау?

Қайта алмай қойдың ба әлде сен,

Балалық ғаламшарымнан?!

Қырсықсың сен де, қыңырсың,

Батпай-ақ қойды күнім, шын.

Өмір айтқандай болмаса,

Сол сәтте әкеңді жын ұрсын.

Анаңды аяшы, күрсінген,

Менен қалғаны құр сүлде.

«Өмір – опасыз» дегенді,

Естіп ап келмей жүрсің бе?

Ауа орнына жел жұттым,

Тауды орнынан жылжыттым.

Тіл ала қою жоқ сенде,

Баласы құсап ел-жұрттың.

Жер – мендік, балам,

жер – сендік

Махаббат болып өлшенді.

Ғаламат мынау әлемге,

Келе ғой, балам, келші енді.

Ерболат ҚУАТБЕК.

***

«Өкпелеме өр сезімге қарағым…»

Өкпелеме өр сезімге қарағым,
Соқыр болып қалды менің жанарым.
Ақындардың қаламында тербеліп,
Осылайша жырланады әр ағын.

Кешір мені, өлгенімше жырлаймын,
Жүрегімде жатыр жара қылдай мың.
Бұрымына байланған ғой көздерім,
Енді жаным, сені қалай тыңдаймын.
Ол дір етті, бұрымы да дір етті,
Әміріне балта шаппа жүректің.
Музам менің жанарыма гүл екті,
Жүрегіме жарым болып гүл ектің.
Қиялға ерік беремін де қамығып,
Үлбір гүлдей үміт оты жағылып.
Ақ қайыңдар біледі оның есімін,
Қайыңды көл күтеді оны зарығып.
Мәңгі бақи жүремін бе қаталап?
Сезім – тәтті, өмір – ащы, қатал-ақ.
Ақындардың жүрегінде тербеліп,
Осылайша жырланады махаббат.

Еркебұлан ЕЛЕУСІЗҰЛЫ.

***

ҮЗІЛГЕН ҮМІТ

Өткен түні,
Көз жасына толтырып түнек ішін,
Хабар күтті ол сенен, білемісің?
Үзбе десем тамырлы гүл үмітін,
Тәкаппарым, миықтан күлемісің?!

Ең болмаса xабарлас өтінемін,
Сен деп соққан жұп-жұмыр жүрегі үшін.
Көрмедің бе, білмеймін білмедің бе,
Саған деген сезімнің сәуле, нұры,
Шашылатын жымиып күлгенінде.
Өкініш пен мұңдардан букет жасап,
Өксік келіп сөз салған сол мұңлыққа,
Әлдекімге сөз салып жүргеніңде.
Ер шын болса – жары мен күтер елі,
Бір жыл болсын, о мейлі, он жыл болсын,
Үміт берсең ол сені күтер еді.
Сені күткен азапты сағаттарда,
Сен біреуге сыйлаған раушан гүлдің,
Жүрегін кеп шаншиды тікенегі.
Терезеден қарсы алып мұңлы күзін,
Шықпай жүр деп естідім бөлмесінен.
Жылатпаса маxаббат өр несімен?
Біреулерге қырдан гүл үзіп жүріп,
Үзіп алдың үмітін кеудесінен!

Ерік НАРЫН.

***

ПЕРІШТЕМ

Дертіңе сыйлайтын жан емін,
Ол – менің кіршіксіз әлемім.
Таппайсың бойынан кемшілік,
Тақпайсың және мін.

Көркіне ақылы келіскен,
О, менің, бейкүнә періштем!
Өмірде – мінезі біртоға,
Өлеңде – шырындай мен ішкен.

Қолаң шаш, мойыл көз, шие ерін,
Тағдырдың таңдаулы сыйы едің.
Жымиған сәтінде көңілдің,
Жайнатып жібердің жиегін.
Сәт сайын сол жанды көрсем деп,
Ұмтылам қиялға қол сермеп.
Мендегі сезімді жеткізер
Әлі ондай өлшем жоқ.
Мұңлықтың тауысқан сабырын,
Тақпаймын тағдырға тағы мін.
Бәріне кінәлі жүрек қой,
Жүрмейді әмірім!

Еркебұлан АЙТЖАН.

***

Киелісің, домбыра

Жұртқа тастап кетпеген киең үшін,

Қазағымның сен асыл сүйегісің.

Тілсіз хабар жеткізген ханға барып,

Дәл өзіңдей батыр жоқ, білемісің?!

Әр шаңырақ үйінің төріне ілген,

Өзіменен қоса алып сері жүрген.

Азапты да көп көрген мұңға батып,

Мен «Қазақ» деп танимын сені бірден.

Таза үнмен сақталған күй жаныңда,

Тебірендім төгілтіп құйғаныңда.

Қос ішегіңді толтырып кеткен екен,

Құрманғазы, Тәттімбет, Дина мұңға.

Бірге тартып халқымның тақсыретін,

Жеткізіпсің қуаныш, қасіретін.

Бабалардан мұрасың қалған бізге,

Артық тұрар ерекше қасиетің.

Жұртқа тастап кетпеген киең үшін,

Қазағымның сен асыл сүйегісің.

Сырқатты да емдеген үніңменен,

Киелісің домбыра, киелісің!

Қуандық СӘДЕН.